Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметінде хабарлағандай, 2014-2017 жж. кезеңіндегі инвестицияның жалпы көлемі шамамен 47 млрд. теңгені құрайды. Оның ішінде жеке инвестициялар 33 млрд. теңге.
Ашық аспанмен астасқан «Ежелгі Тараз» музейі 20 гектардан астам алаңды қамтиды, ежелгі қалашық орнына салынатын музей құрылысының жоспары бекітіліп те қойды. Енді туристер келетін нысандар айқындалуда. Бұдан басқа, жақын жерге сауда-ойын-сауық орталығы салына бастады, оған 10 млрд. теңге инвестиция салынды.
Бүгінде жергілікті бюджет қаржыландырған археологиялық қазбалар, ғылыми ізденістер де ойдағыдай әрі толық ауқымда жүргізілуде.
Айта кеткен жөн, археологтар VI-XII ғғ. 40-қа жуық жәдігер, оның ішінде ортағасырлық қамал, VIII - IX ғасырлардағы мешіт, медресе, зороастриялық мехраб, Талас өзенінің ежелгі арнасының жағасын, тұрғын үй құрылыстарының іргетастарын тапты.
2017 жылға дейін Таразда ашық аспан астындағы музейдің алғашқы нысандары пайда бола бастайды. «Ежелгі Тараз» саябағы келешекте Жамбыл облысының халықаралық туристік брендіне айналады.