Анонс


Тұңғыш ұлттық музей

Сенбі, 20 Желтоқсан 2014 09:32
Тұңғыш ұлттық музей KAZMUSEUM.KZ -  

Еліміздің Ұлттық музейі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен және тікелей тапсырмасымен ашылғаны мәлім. Қазірдің өзінде қорда 175 мыңнан астам экспонат бар және оның әрқайсысын біз көненің көзіндей қастер тұтып, келушілерге  әспеттей көрсетіп, мақтан етеміз. Олар «тілін тапқанға»  туған халқымыздың  өткен жолынан өнегелі сыр шертеді.

Ұлы даланы қадым замандардан бас¬тап мекендеген түркі халықтарының тұрмыс-салты, еңбек машықтары мен өнер өрнектері тұнған жәдігерлерге қарап тұрып әрі таңданасың, әрі разы боласың. Бағзы тас дәуірінен бастап жеткен мол мұра замана көкпарында аянбай тер төгіп, жаудың бұғалығына түспеу үшін атамекендерін жан аямай қорғаған қайсар да қаһарман, өнерпаз да өршіл халқымыздың рухына бас игізеді.

Сондықтан, өз басым музейдегі бай қазынаны ата-бабаларымыздың ұрпаққа аманатындай ардақ тұтамын және оны келушілердің мейлінше жақсы танып, білуіне бүгінгі ғылым мен техниканың жетістіктеріне сай жан-жақты мүмкіндіктер туғызылғаны мені қанағат сезіміне бөлейді. Олай болса, күннен-күнге сәулеті асып, дәулеті тасыған Астанамызда халықтың ғасырлар қойнауынан жеткен асыл қазынасынан жасақталған зерде орталығының ашылуы қалай мүмкін болды?!

Осы сауалға орай сәл шегініс жасасақ, ең алдымен, 1998 жылғы 17 наурызда Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылын өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның кеңейтілген мәжілісі өтіп, онда Елбасының жиналған зиялы қауым: өнер, әдебиет, дін қайраткерлерінің алдында сөйлеген сөзінде алғаш рет Ұлттық музей ашудың керек екенін айтқаны, тіпті болашақ музейдің негізгі құрылымдарын айқындап бергені ойға оралады. Ал, «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі Қоғамдық кеңестің 2008 жылғы 13 маусымдағы кеңейтілген мәжілісінде Елбасының берген тапсырмасына сәйкес Астана қаласының әкімдігі мен Мәдениет және ақпарат министрлігінің елордада халықаралық деңгейдегі музей құруды қолға алуы жақсы бастаманың қисынды жалғасына айналды. Музей құрылысы «ҚазМұнайГаз» АҚ бөлген қаражат есебінен жүргізілді. Бас мердігер – «Базис Проект LTD», ал дизайн-жобаны Оңтүстік Кореядағы «Desiqn be Art» компаниясы отандық дизайнерлермен бірлесіп жасап, құрылыс жұмыстарын түркиялық «Turkuaz Construction» ЖШС компаниясы сәтімен жүзеге асырды.

Осылайша, Ұлттық музей өз есігін Елбасының қатысуымен келушілерге айқара ашып, ол егемен мемлекетіміздің рәмізі – «Қазақ елі» монументін, Бей¬бітшілік пен келісім сарайын, Ұлт¬тық өнер университетін, «Әзірет сұл¬тан» мешітін біріктіріп тұрған Тәуелсіздік алаңының бітімімен жарасымды үйлесім тапты. Ғажайып ғимараттың екіншіден сегізінші қабатқа дейін сатылап биіктейтін 7 блоктан тұратын жалпы аумағы 74 мың шаршы метрді құрайды. Мәселен, экспозициялық алаң 14 мың шаршы метрден астам, мұражайлар ауқымы 5 мың шаршы метр-дей жерді алып жатыр.

Келушілерді ел шежіресімен ежелгі және орта ғасырлар уақыты, тарих, алтын, этнография, тәуелсіз Қазақстан, Ас¬тана, заманауи өнер залдары таныс¬тырады. Экспозициялық залдардан бөлек «Ұлттық мирас» ғылыми-зерттеу институты, жаңғырту шеберханалары, зертханалар, мұражайлар, уақытша көрмелер өткізетін орындар, оқырман залдары бар кітапханалар, ілеспе аударма құралдарымен жабдықталған мәс¬лихат залы қызмет көрсетеді.

Ежелгі және орта ғасырлар тарихы залының экспозициялары тас дәуіріндегі еңбек құра묬¬дары мен тұрмыс¬тық бұйымдар, қола және темір ғасырларының археологиялық жәдігерлері, сонымен қатар, Қазақстанның ортағасырлық тарихының артефактері (керамика, нумизматика, еңбек құралдары) арқылы еліміздің ежелгі және ортағасырлық шежіресін алдымызға жайып салады. Тарих залының экспозициялары XV-XX ғасырлардағы Қазақстан тарихынан суыртпақтап сыр тартып, Қазақ хандығының құрылуы мен дамуының негізгі кезеңдерін, сол сияқты халқымыздың ұлт-азаттық көтерілістерінің тарихын паш етеді.

Ал, Қазақстандағы ежелгі көшпе¬лі¬лердің археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған ғажап бұйымдар алтын залы экспозицияларында көздің жауын алады: Есік қорғанынан табылған Алтын адам, Атыраудағы сармат жауын¬гері, сондай-ақ, Шілікті мен Берел қор¬ғанынан, Талды қорымынан табылған баға жеткісіз заттар дала өрке¬ниетін еріксіз мойындатады. Этногра¬фия залының экспозициялары қазақ халқының әртүрлі зергерлік бұйым¬дарымен, ұлттық киімдерімен, киіз үйімен, тұрмыстық заттарымен ұлттық мұраға ерекше әр береді. Осы орайда өзімізде Ресей және басқа елдердегідей айырбас қорын құру шетелдегі сирек жәдігерлерді әкелуге жол ашады.

Көрермендерді қызықтыратын тақы¬рыптардың бірі – тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу және даму тарихы кімді де болса, бейтарап қалдырмайды. Зама¬на жүгінің жауапкершілігін түсіну, әл-бет¬те біздің ересек буынға жеңілірек. Себебі, бүгінгі ұрпақ 90-жылдардағы өтпелі кезең жөнінде оқығандары мен есті¬гендері арқылы ғана біледі. Ал, оның барша қарама-қайшылығы мен тауқыметін бағамдау сол жылдарда өмір сүрмеген адам үшін қиын.

Шындығында, тәуелсіздігімізді жа¬рия¬¬лағанымызбен, жағдай ол кезде өте күр¬делі болатын: экономикалық байланыс¬тар қирап, өндіріс толықтай дерлік тоқтады немесе ілдебайлап күн кешті; ауылдың құты қашып, мал мен оның өнімдерінің құны түсті. Кешегі Кеңес әскерінің басшылығы егемен үкіметке шекесінен қарап, шекара иесіз қалды. Оқу-білім мен мәдениет саласына мойын бұруға мұрша болмай, жаппай сату мен сатып алу ұшынды. Кеңестік «рубльді» қап-қап арқаласақ та, ол жалақы мен зейнетақыға жетпей қинады.

Халық осы аса жауапты шақта билік тізгінін Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолына сеніп тапсырған болатын. Мемлекет басшысы, ең алдымен, дамуымыздың кепілі ретінде қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылыққа ерекше мән беріп, бұл мәселені белгілі бір топтардың өз саяси ойындарына пайдаланып кетпеулеріне қатаң тосқауыл қойды. Мәселен, тіл мен қос азаматтық секілді аса өткір мәселелердің байсалды шешімін тапқанын білеміз.

Тарих қойнауына тереңдемей-ақ, ширек ғасырға жуықтаған тәуелсіздік кезеңінің күрес пен ізденіске толы шежіресі тәуелсіздік тарихы мен Астана залдарында сайрап жатыр. Бірақ, ол көкірегі ояу, елжанды көрерменге ғана өзімси сыр ашып, оны жетелей отырып, көп жайға қанықтыра түседі. Тәуелсіз Қазақстан залында ежелгі түркілердің атамекенін еркін жайлап, дамудың өзіндік жолын тапқан егемен еліміздің тарих, саясат, экономика, мәдениет және өнер салалары бойынша деректері кеңінен әрі жан-жақты берілген.

Елбасының биылғы 12 қарашадағы дәстүрлі Жолдауында халқымыздың бейбіт те берекелі тұрмысының негізі қоғамдық келісімге тағы да ерекше назар аударылып, жас ұрпаққа аманат етілді. Бұл орайда өзара түсіністік пен тұрақтылықтың қазақстандық моделіне дүниежүзінің қызығушылық танытып отырғаны мәлім. Сондықтан, алдағы жылы жиырма жылдығы атап өтілетін Қазақстан халқы Ассамблеясының жасампаз қызметін лайықты көрсету парызымыз болмақ.

Елорданың даму тарихын ашып көр¬сететін Астана залының экспозиция¬лары¬¬ның біздің қызметімізде алар орны ерекше. Олар ең жаңа тарих, сурет, жос¬пар, сызба, макет, мұрағат құжаттары және бұйымдар тілімен сөйлейді. Астана залын¬да өзіне назар үйіретін нәрсе – елор-даның серпінді бірегей макеті мен медиа-еден, бұл екеуі жойқын дө¬ңес экран¬мен тұтаса келіп қызықты шоу құрай¬ды. Ілкімді де сенімді жол көрсе¬туші – үш тілді мультимедиялық гид келу¬-шіні музейдің бүкіл залын бастан-аяқ аралатып шығады. Соның арқасын¬да өткенімізге ынта қоюшы адам экскур¬сия бағытын өз қалауынша, көңіл күйі мен уақытына қарай жоспарлауына мүм¬кіндік алады.

Әрине, Ұлттық музейдің алдында тұрған аса жауапты да, абыройлы міндетті табысты атқару жан-жақты талап етеді. Сондықтан, халқымыздың ғасырлар қой¬науынан жеткен бай мұрасын кең ақылдаса, бір-бірімізді қолдай отырып, мейлінше ұтымды түрде ел игілігіне асыру үшін біз республика бойынша заңды тұлғалардың «Ұлттық қазына» музейлер қауымдастығын құрдық. Оның мақсаты – музейлердің коммерциялық емес си¬паттағы мәдени, оқу-ағартушылық және ғылыми қызметтерін жүзеге асы¬руға көмектесу болып табылады.

Осы орайда өңірлердегі жанашыр қауымның, әсіресе, біздің әріп¬¬тес¬теріміздің «жер-жердегі сирек жәді¬гер¬лер Ұлттық музейдің қорын байытып, жергілікті музейлерге олардың көшірмесі қойылғаны абзал» деген тілегі көңіл марқайтады. Ал, аса бағалы мұраның, оған қылау түсірмей сақтау мүмкіндігі бар жерде ұсталуының қажет¬тігі кү¬мән туғызбаса керек. Мәселен, қазір кең-байтақ қазақ жерінен табылған 7 алтын адамның 6-ының қайта қалпына келтірілген нұсқалары Ұлттық музей қонақтарының көзайымына айналды.

Музейдің сан-салалы қызметінің табысты болып, келушілердің көңіл¬дерінен шығу мақсатында экспозиция¬ны қабылдау әсерін күшейту және ег¬жей-тегжейлі мағлұмат беру үшін экс-позициялық кеңістікке сәйкес келетін тақырыптық ақпарат жинақталған сенсорлы киоскілер, айналма және бозамық видео орнатылған. Мемлекеттің қазіргі замандағы тарихи экспозициясында пайдаланылған, Азияда теңдесі жоқ, көлемі 35,9×20,6 метрлік иілген экран қай жағынан да ұтымды құрал десе лайық. Бұл экран келушілерге жерінің үлкендігі жағынан әлемде тоғызыншы орынды иеленетін Қазақстанның ғажайып көркем табиғатын паш етеді. Ілкімді де сенімді жол көрсетуші – үш тілді мультимедиялық гид келушіні музейдің бүкіл залын бастан-аяқ аралатып шығады, бұл өткенімізге ынта қоюшы адам экскурсия бағытын өз қалауына, көңіл күйіне, уақытына қарай айқындайды деген сөз.

Сонымен қатар, Ұлттық музейдің заман талабына сай дайындалған сайты мен виртуалды саяхаты, әлбетте үйде отырып-ақ халық қазынасынан хабардар болуға мүмкіндік туғызады. Бұл, әрине, жақсы. Бірақ, қолда бар қазынамызды музейдің өзіне келіп көргенге не жетсін! Шындығына келсек, «виртуалды сая¬хат» халықты өзімізге баурап, туған халқымыздың баға жетпес қазынасымен танысуға шақырудың бір формасы ғана. Ал, алты алаштың заманның алдан тарт¬қан талай сындарынан сүрінбей өткен қаһармандық жолын ардақ тұтып, ұрпаққа ұлағат айтудың бүгінгі табыс¬тарымызды баянды етуде тағылымы зор. Бір сөзбен айтқанда, ұлттық тарихи-танымдық, рухани-мәдени зердені қалғыт¬пай, сергек ұстап, еліміздің мәңгі жасауына көмектесетін ұлттық мұра¬мыздың қара шаңырағы – тәуелсіз еліміздің тұңғыш ұлттық музейінің терең мағыналы мән-мазмұны, оның сәулетіне лайық кемелдене түсері анық.

Әзімхан ҚОЙЛЫБАЕВ,
Қазақстан Республикасы
Ұлттық музейі директорының орынбасары.
АСТАНА.

7681 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper