Анонс


Елімізде тұңғыш рет «Білім тарихы» музейі ашылды

Жұма, 26 Қыркүйек 2014 06:00
Елімізде тұңғыш рет «Білім тарихы» музейі ашылды KAZMUSEUM.KZ -  

Бүгін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде тұңғыш «Білім тарихы» музейі ашылды, деп хабарлайды аталмыш оқу орнының баспасөз қызметінен.

Музейдің тұсаукесер рәсіміне Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов, кешегі Кеңес Одағы кезінде республиканың оқу-ағарту саласын он жылдан аса басқарған Қожахмет Балахметов, парламент депутаттары, ғылым және қоғам қайраткерлері қатысты.

Тұсаукесер рәсімінде жазушы Әди Шәріповтің зайыбы Клара Мыңжасарова Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің ректоры Ерлан Сыдықовқа музейге қоюға қаламгердің жеке мұрағатынан құнды жәдігерлерді тапсырды. Сондай-ақ оған профессор Кемал Ақышевтың компасы, Абай Құнанбаевтың 1939 жылы шыққан жинағы, Ахмет Байтұрсынұлының латын әрпімен басылған «Әліпбиі», Ыбырай Алтынсариннің алғашқы хрестоматиясы,1922 жылы Орынборда ашылған қазақ қыздарының білім курсы туралы фотосуреттер, жалпы 905 жәдігер қойылып отыр. Бұған қоса Дихан Хамзабекұлы, Сұлтанхан Аққұлы, Нұрдәулет Белекұлы сияқты ғалымдардың жеке қорынан және Семей өлкетану музейінен, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтынан алынған құнды кітаптар мен фотосуреттер де бар.

Сан мың жылдың шежіресі жазылған «Білім тарихының» жаңа беті ашылып отыр. Музей ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов пен ЕҰУ-дің ректоры Ерлан Сыдықовтың идеялары бойынша жасақталды.

"Елімізде білім тарихына арналған мұражай жоқ. Сондықтан ақпарат беру үшін осындай музей ашу туралы ой келді. Бүгін сол идеяны Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен бірлесіп жүзеге асырып отырмыз", - деді министр Аслан Сәрінжіпов.

Музейді ашудағы мақсат - ұлан-ғайыр аймақта ғасырлар бойы қалыптасып, сақталған мол мәдени-ағартушылық құндылықтарды жинақтай отырып, жұртшылық назарына ұсыну және жастардың бойына ізгілікті, білімге құштарлықты, тарихқа құрмет пен мақтаныш сезімін дарыту.

5073 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper