Анонс


Қаныш Сәтбаев атындағы музей

Бейсенбі, 17 Сәуір 2014 12:53
Қаныш Сәтбаев атындағы музей KAZMUSEUM.KZ -  

«Қазақмыс» корпорациясы жанындағы музей 1997 жылғы 1 тамызда «Жезқазғантүстімет» ҒӨБ Қ.И.Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік музейінің және Н.В.Валукинский атындағы геология-минералогия музейінің (Рудник кенті) экспонаттары негізінде құрылып, Музей-көрме кешені деп аталды. Ашылуы 1998 жылғы 23 қаңтарда өтті.

Музей-көрме кешені ауданының кеңеюіне және қордың ҚазКСР Ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың жеке заттарымен, ол және оның қызметтестері туралы құжаттар және материалдарымен толығуына байланысты корпорацияның 2008 жылғы 18 қыркүйектегі № 183 бұйрығы бойынша Музей-көрме кешенінің атауы «Жезқазғантүстімет» ӨБ-нің Қ.И.Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік музейі  болып өзгерді.

Музей өзінің қызмет саласы бойынша ғылыми-зерттеу, мәдени-көпшілік мекеме – Жезқазған минералдарының бірегей коллекциясы мен ежелгі заманнан бастап бүгінгі күнге дейінгі тарихи материалдардың сақтаушысы болып табылады. Музей залдарында 2000 аса экспонат қойылған, олар экспозиция ғана емес, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары арқылы да әртүрлі мәдени іс-шаралар туралы насихаттайды.  Қорлар жыл сайын жаңа бірегей экспонаттармен толығады.

Музей тақырыбы бойынша ерекшеленетін үш залдан тұрады. Экспозиция аумағының жалпы ауданы    460 шаршы метр.

Музей коллекциясының тарихи есебі палеозой заманынан (570 млн жыл бұрын) басталады. Бірінші залға қойылған палеонтология бөлімі ежелгі организмдердің қазба сүйектері мен іздерінің өте қызықты үлгілерімен таныстырады: маржандар, ұлулар, теңіз лалагүлдері, алғашқы жерүсті ағаш өсімдіктері, бір кезде Орталық Қазақстанның аумағында мекендеген ірі жануарлардың сүйектері. Жабайы тау арқарының мүйіздері, мүйізтұмсық тәріздес сүтқоректі – арсинотерияның тасқа айналған бас сүйегі өзінің ірілігімен көзге түседі. Мыс кенорны ретінде Жезқазғанның өткенімен танысу археолог-энтузиаст, Жезқазған кентінде 1947 жылы құрылған геология-минералогия музейінің негізін салушы және алғашқы директоры Николай Васильевич Валукинский                (1886-1950 жж.) жинаған археологиялық табылған заттардан басталады. Археологиялық коллекцияға қола дәуірінің (б.з.дейінгі III-II мыңжылдық) ежелгі кен қазушылары, байытушылары мен металлургтерінің еңбек және тұрмыстық заттары – тас уатқыштар, балғалар, кенді үгітуге арналған келсаптар мен үгіткіштер, мыс, қола, қыш бұйымдар, қайрақ тастар және т.б. кірді. Осының барлығы Орталық Қазақстанның ежелгі қоныстары Милықұдық, Сорқұдық, Айнакөлде табылды және мыскенді өлкенің бұрынғы заманының айғақтары болып табылады. 

Түрлі-түсті болып жарқырап, көздің жауын алатын минералогиялық коллекция  - музейдің баға жетпес игілігі. Оның ішінде айта кетсек Жеқазғанит – минерал, рений мен мыстың сульфиді. 1961 жылы Т.А.Сәтбаева мен Е.М.Поплавко Жезқазған кентастарын толық микродиагностикалық зерттей келе, Жезқазғанитті алғаш тауып, толық құрамын және құрылымын  анықтаған. Жезқазған минералдарының бірегей үлгілерінің ерекше пішімі олардың көркемдігінің куәсі болған кез келген адамды таңдандырмай қоймайды. Алтын сияқты халькопирит, шұбар борнит, аспан-көк, өте ашық көк түсті азурит, жарқын жасыл малахит, біресе теңіз айдынына, біресе түксиген кірпіге ұқсайтын бетехтенит, таза күмістің «қылқандары» және кен орнының көптеген басқа да минералдары келушілер назарын өзіне аударады және өзінің әсемдігімен қызықтырады.

Музейдің екінші залындағы құжаттарда, суреттерде, заттай экспонаттарда алғаш сипаттаған уақыттан (1771 жыл) бастап кен-металлургия өнеркәсібінің алыбы, Қазақстандағы жалғыз ірі мыс өндіруші және жеткізуші – «Қазақмыс» корпорациясының құрылуына дейін Жезқазған кен орнының тарихы көрсетілген.        

Келушілерге 50-90 жылдардағы Жезқазған кен-металлургия комбинаты, қазіргі корпорацияның қызметі туралы, Ұлытау ауданының тарихи және сәулет ескерткіштері туралы, өлкенің белгілі адамдары туралы бейнефильмдер көрсетіледі.

Музейдің үшінші залында академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың жиһаздар коллекциясы көрсетілген, ол басында Жезқазғандағы геологиялық барлау қызметінің басшысы болып, содан соң ҚазКСР Ғылым академиясының президенті ретінде Жезқазғанның әлемнің ірі кен орындарының қатарына кіруіне қол жеткізді, сонымен Жезқазған кен-металлургия комбинатының (30-жылдар) – КСРО түсті металлургиясының ірі кәсіпорындарының бірінің құрылысына жол ашып берді.

Музей өзін танытып, келушілері арасында жақсы атаққа ие болып үлгерді. Ал музей келушілер жеткілікті болды: Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев, Діни басқарма басшысы, Республиканың бас мүфтиі Әбсәттар қажы Дербісәлі, экс-премьер-министрлер – Н.У.Балғынбаев, Қ.К.Тоқаев, көптеген көрнекті ғалымдар мен  еліміздің шығармашылық зиялылары, академик Қ.И.Сәтбаевтың қыздары – медицина ғылымының докторы Х.Қ.Сәтбаева және геология-минералогия ғылымының докторы М.Қ.Сәтбаева. Музейде Корея, Израиль, АҚШ, Украина, Ұлыбритания, Польша, Өзбекстан мемлекеттік қайраткерлері, Венгрия, Түркия, Франция, Ресей дипломаттары, Канададан, Швейцариядан, Словакиядан және басқа елдерден құрметті қонақтар болды.

 

Ғайни ЖОЛБАРЫСҚЫЗЫ

 

Қосымшада берілген видеоның барлық құқықтары "Қазақстан" ұлттық арнасына тиесілі. Авторы - ЕРКІН ШӘКІРҰЛЫ

11032 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper