Анонс


«Жайық қалашығы» музей-қорығы қандай болады? (ФОТО)

Бейсенбі, 11 Қыркүйек 2025 00:50
«Жайық қалашығы» музей-қорығы қандай болады? (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Орал қаласында алдағы бес жыл ішінде Алтын Орда дәуіріне жататын көне шаһардың бейнесі қайта жаңғыртылады. Бұл туралы «Мой город» сайты хабарлады. Материалдың қазақ тіліндегі нұсқасын назарларыңызға ұсынамыз.

2001 жылы мұнай құбыры жүргізу жұмыстары кезінде, Орал қаласынан 12 шақырым жерде Алтын Орда кезеңіне тиесілі ежелгі қоныстың орындары кездейсоқ табылған еді. Ал 2003 жылы археологтар бұл аумақта зерттеу жұмыстарын бастап, XIII-XV ғасырларға тән қала орнын анықтады. Қазба барысында бірнеше өндірістік пеш, көне монша, ауқатты қоныс пен екі кесене табылды. Қабырғаларының қалыңдығы 1,5 метрге жететін кесенелер күйдірілген кірпішпен өрілген. Барлық нысандар түркілік сәулет стилінде салынған.

Атап өтерлігі – моншаның құрылысы ерекше қызығушылық тудырады: оның астына төселген сегіз құбырдан тұратын жылу жүйесі болған. Бұл құрылымдар табылған аймақта енді «Жайық қалашығы» атты ірі тарихи-мәдени ашық аспан астындағы музей-қорық құрылмақ. Жоба аясында облыс деңгейінде арнайы мекеме құрылып, оны музей-қорықтың директоры Мирболат Ерсаев басқарып отыр. Музей-қорық үшін 300 гектар жер бөлінген.

Мирболат Ерсаевтың айтуынша, алдағы бес жылда бұл жерде көне архитектуралық нысандар қалпына келтіріліп, заманауи визит-орталық, ашық аспан астындағы музей, ипподром мен концерт алаңы бой көтермек. Қазақстанда алғаш рет автокөлікпен саяхаттайтын туристерге арналған киіз үй қалашығы ашылмақ. Қазіргі таңда жоба бойынша ғылыми-техникалық құжаттар әзірлену үстінде. Биылдың өзінде аумақты қоршап, 10 шақырымдық қоршау орнату көзделіп отыр. Бұл жұмысты Батыс Қазақстан облыстық құрылыс басқармасы жүзеге асырады.

— Бұл жерде толыққанды тарихи қала тұрғызуды жоспарлап отырмыз, — дейді Мирболат Ерсаев. — Ең алдымен визит-орталықтан бастаймыз. Ашық аспан астындағы музейді біз әуелде 2005 жылы ашпақ болдық, алайда түрлі себептермен жүзеге аспай қалды. Қазір қаржы жергілікті бюджеттен бөлінуде, бірақ болашақта жобаны республикалық деңгейге шығарғымыз келеді. Құны туралы айтуға әлі ерте — жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр.

Қорған төбелердің үстіне ақпараттық тақталар орнатылған шатырлар қойылады. Визит-орталық үш деңгейлі болмақ: онда музей, ғалымдарға арналған қонақүй, мейрамхана кешені мен зертхана орналасады. Сонымен қатар, көне қоныстарды қалпына келтіріп, хан ордасы мен мешіт салу көзделуде. Туристер сол нысандардың ішіне кіріп, табылған жәдігерлермен жақын таныса алады. Бұдан бөлек, түрлі іс-шараларға арналған алаң, ипподром, ботаникалық бақ пен Орал қаласының тарихи және заманауи көрінісін тамашалауға арналған бақылау алаңы да салынбақ.

Қонақтар үшін кең автотұрақтар қарастырылып отыр – олар музейге келушілер мен концертке қатысушылар үшін жеке-жеке аймақтарға бөлінеді. Жалпы аумақ бірнеше тақырыптық аймаққа бөлінбек. Сондай-ақ Свистун тауының бойымен арқан жол салу жоспарда бар. Усадьбалар мен моншалар шыңдалған әйнекпен қоршалады, келушілер арнайы жолақтармен жүріп, нысандарды тамашалай алады, –  дейді М.Ерсаев.

Мирболат Ерсаевтың айтуынша, бұл жобаның басты мақсаты — өңірдің бай тарихи мұрасын жұртшылыққа таныту және шетелдік әрі отандық туристердің қызығушылығын арттыру.

 

116 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper