Анонс


Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейіне 110 жыл

Бейсенбі, 06 Ақпан 2025 19:06
Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейіне 110 жыл KAZMUSEUM.KZ -  

Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі – Қазақстандағы байырғы музейлердің бірі. Музей Қостанай қалалық думасының шешімімен 1915 жылғы 1 тамызда қалалық музей ретінде ашылды. Ең алғашқы жәдігерлері қаланың оқу орындарының, реалдық училищенің жаратылыстану бойынша көрнекі құралдары, археологиялық табылымдар мен тұрмыстық-этнографиялық заттар болды.

110 жылдық тарихы бар музей – мәдени мұраны сақтау және насихаттау сияқты маңызды қызмет атқарып отырған  мәдениет мекемесі.

Қазіргі кезеңде музей ХХ ғасырдың басындағы азаматтық сәулет ескерткіші болып саналатын ғимаратта орналасқан. 1995 жылы облыс басшылығы қала орталығындағы кең ғимаратты музейге берді. Ғимараттың өзі 1902 жылы салынған. Қостанай өңіріне танымал ағайынды көпес Яушевтердің Сауда пассажы болған. Ғимараттың сәулеттік шешімінде модерн стилі байқалады. Бұл ғимарат екі қабаттан тұрған, екінші қабатында өздері тұрса, 1-қабатта сауда орны және жертөле қоймалары да болған. Кеңестік кезеңде пошта байланысының бөлімі, орталық әмбебап дүкен орналасты.

Музей құрамына Қостанай қаласы Алтынсарин көшесі, 113 мекенжайында орналасқан бейнелеу өнері бөлімі кіреді. Жітіқара қаласында қорды жинақтау және экспозициялауды ғылыми-зерттеумен қамтамасыз ету бөлімі,Қарабалық кентінде өңірлік тарихты ғылыми-зерттеумен қамтамасыз ету бөлімі орналасқан.  

Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің қор жиынтығы 151 мыңнан астам музей заттарынан тұрады. Музейдің археологиялық коллекциясын тас ғасырының, қола дәуірінің және ерте темір ғасырының бірегей табылымдары құрайды. Олардың қатарында алғашқы өнердің шынайы сомдау үлгілері: «Тобыл ойшылы» антропоморфты мүсіні, арқардың басы бейнеленген құрбан шалатын тас, тастан жасалған мүсін ұштық және т.б. бар. Музейдің этнографиялық қорында зергерлік әшекей бұйымдар, қазақтың және өзге де ұлт өкілдерінің дәстүрлі киімдері бар. Музейдің көркемсурет коллекциясындағы Қазақстанның, Ресейдің, Украинаның, Күнгей Кавказдың танымал суретшілерінің кескіндеме, графика және мүсін өнерінің 4 мыңнан астам туындыларын ерекше атап өтуге болады.

Музейде 9 экспозициялық зал: «Өлкенің ежелгі тарихы» археология залы, «Жердің өткендегі тіршілігі» палеонтология залы, «Қостанай облысының табиғат байлығы», «Туған жер тарихы», «Қостанай қаласының құрылуы», «Қостанай облысы: арман және орындалу», «Қостанай облысы Ұлы Отан соғысы жылдарында» (екі зал), «Туған жер тұлғалары»,  «1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс» және 2 көрме залы жұмыс істейді. Музей кешенінің құрамында ішкі ауладағы «Ашық аспан астындағы музей», Тарихи бақ бар. Тарихи баққа «Ату жазасы орындалған қабырға»  ескерткішімен  бірге енеді.  

Ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды кеңейту мақсатында Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің экспозициясы бойынша, сондай-ақ «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары. Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» арнайы жобасы бойынша Қостанай облысының барлық қасиетті нысандары туралы сфералық панорамалар, мәтіндер, аудиожазбалар ұсынылған виртуалды 3D саяхат  жасалды. Бүгінде заманауи талаптарға сай музейдің жедел ақпарат тарату құралдарына айналған әлеуметтік желілерде жеке парақшалары бар. Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі халықтың барлық топтарымен табысты жұмыс жасайды.

 Музейдің 110 жылдығына орай ауқымды жобалар жоспарланған. «Облыс аймақтарындағы музей күндері» жобасыаясында музейдің қор коллекциясы негізіндегі «Музей керуені»көшпелі көрмесі музей қарастырылмаған аудандарды аралайды. Бұл шалғай ауылдардағы тұрғындардың музей жәдігерлерін тамашалап, өлке тарихымен жете танысуына мүмкіндік береді.

Сондай-ақ,«Облыс музейлерінің музейаралық байланысы» жобасы аясында еліміздің бірқатар өңірлерінде көшпелі көрмелер ұйымдастыруды көздеп отыр.

Музей қорындағы ұлттық мәдени құндылықтарымызды насихаттау және музей қызметінің әлеуметтік аясын кеңейту мақсатында «Музей және мәдени мұра» атты музей оқулары,«Жаңа буынның экскурсия жетекшісі» жобасы аясында облыстың мемлекеттік музейлері арасында экскурсия жетекшілерінің облыстық байқауы жоспарланып отыр.

Қараша айында «Музейлер және тарихи-мәдени мұра: өткені, бүгіні мен болашағы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізіледі.

Биылғы жылы музей ғимаратының ішкі коммуникациялық және инженерлік желілерін жөндеу, сыртқы жарықтандыру жұмыстарына облыстық бюджеттен қаражат бөлініп отыр.

 

Нәзима ҚУАНЫШБАЙҚЫЗЫ, Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми хатшысы

201 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper