Анонс


Астанада Орталық Азия мемлекеттері тарихшыларының I форумы өтті

Сәрсенбі, 07 Тамыз 2024 18:04
Астанада Орталық Азия мемлекеттері тарихшыларының I форумы өтті KAZMUSEUM.KZ -  

Бүгін Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VІ Консультативтік кездесуі аясында «Орталық Азия тарихы: халықтар мен мәдениеттер арасындағы диалог» тақырыбында Орталық Азия мемлекеттері тарихшыларының I форумы өтті, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты.

Форум мазмұны Орталық Азия мемлекеттерінің ғалым-сарапшылары арасындағы диалогты күшейту арқылы тарихи процестерді зерттеу және тарихи құбылыстарды бағалауда бірегей кеңістік, мәдени, саяси контекстте синхронды көзқарас қалыптастыруға алғышарт жасауға бағытталды.

Қатысушыларға құттықтау сөздерін ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек және Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі, сонымен бірге Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан, Өзбекстан Республикасы делегацияларының басшылары жеткізді.

Форумда екі секция отырысы және Орталық Азия елдері жас ғалымдарының панельдік талқылауы өткізілді, сондай-ақ кітап және мұрағат көрмелері, оның ішінде XVI-XIX ғасырлардағы Қазақ хандығы көрсетілген еуропалық және американдық карталардың 100 данасының көрмесі ұйымдастырылды.

Талқылауға Орталық Азия елдерінің тарих ғылымдары саласындағы жетекші ғалымдар, зерттеушілер, сондай-ақ Қазақстан Республикасының гуманитарлық бағыттағы ғылыми институттарының сарапшылары қатысты. Соңында Орталық Азия мемлекеттері тарихшыларының I форумының қорытынды хаттамасына қол қойылды.

Айта өтейік, Орталық Азия мемлекеттері тарихшыларының бірінші форумын өткізу бастамасын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 14 қыркүйекте Душанбе қаласында өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының бесінші консультативтік кездесуінде сөйлеген сөзінде ұсынған болатын.

495 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper