Анонс


Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі

Сейсенбі, 15 Наурыз 2022 22:16
Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі KAZMUSEUM.KZ -  

Ахмет Байтұрсынұлы. Қазақ үшін қасиетті есім. Ұлттың Ұлы ұстазының 150 жылдығы қарсаңында музей-үйі Алматы қаласы әкімінің қаулысымен Алматы қаласы Мәдениет басқармасына қарасты «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» құрамына енді.

Ахмет Байтұрсынұлының есімі ресми ақталғаннан кейін, ҚР-сының «Тарихи мәдени мұраны қорғау және пайдалану туралы» Заңына сәйкес 1992 жылғы 18 қыркүйекте қала әкімінің «Қалалық мәдениет басқармасы мен сәулет бас басқармасының ҚР Мәдениет министрлігімен келіскен Алматы қаласындағы жергілікті маңызы бар тарихи және мәдениет ескерткіштерінің Мемлекеттік тізіміне ХХ ғасырдың бас кезіндегі тарих және сәулет ескерткіші болып табылатын Космонавтар көшесіндегі № 60 үй-жайды қосу туралы ұсынысы қабыл алынсын» деген №413 шешім негізінде ХХ ғасырдың ұлы реформаторы  А. Байтұрсынұлының Алматыдағы музейі 1993 жылы ұйымдастырылып, өз жұмысын бастаған.                            

1993 жылы 18 ақпанда қала әкімі «Алматыдағы Космонавтар көшесінің атын өзгерту туралы» №78 шешімімен 1962 жылдың 15-тамызынан бастап Космонавтар көшесі деп аталып келген, ұзындығы 4450 метр көшеге қазақ халқының рухани көсемінің есімі берілді. Осы жылдың 9 қыркүйегінде «Қазақтың халық ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйін ұйымдастыру туралы» сол кездегі Алматы қаласы әкімінің №360 шешімі шығады. Осы шешім негізінде А. Байтұрсынұлы көшесіндегі 60-үйді, яғни, ғалымның үйін қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Музей-үй төрт бөлме және бір жертөледен тұрады. Оның бір бөлмесі – ахметтану дәрісханасы. Үш залда ғалымның шығармашылық ғұмырына қатысты экспонаттар жасақталған.                                                                   

Бірінші зал: «Ұлттық рухымыздың қайта оралуы», Екінші зал: «Қазақ санасының шамшырағы», ал Үшінші зал: «Саясат құрбаны» деп аталып, онда ғалымның істі болған, түрмедегі кезеңдері қамтылған. Музей-үй ғұлама ғалымның ғибратты жолын тәуелсіз мемлекеттің салауатты ұрпақтарының жадында, Алаш зиялылары: А. Байтұрсынұлы мен оның замандастарының аяулы есімдерін мәңгі есте қалдыру мақсатында «Тұлғалар тағылымына –тағзым» атты бағдарлама аясында көрермендерге қызмет көрсетеді. Бағдарлама мақсаты: ұлт ұстазының мұралық экспонаттарын бүгінгі ұрпаққа таныстыру, тағзым етер тұлғалардың өнегелі өмір жолдарынан келешек ұрпаққа тәлім беру мәселесі қамтылады.                                                       

Музей-үйдің қорында ғалым өмірі мен шығармашылығына қатысты 500-ге жуық ресми құжаттар, 300-і мемлекеттік мұрағаттан алынған түпнұсқалар. Тарихи тұлға тұтынған мүліктер: жазу машинкасы, мөртабан, қаламсап, қол шемодан, самаурын, жезтабақ, сандық қойылған. Қорда ғалымның өз тұсында жарық көрген еңбектерінің түпнұсқалары: «Қырық мысал», «Маса», «Оқу құралы» 3 кітап; «Тіл – құрал» 3 кітап; «Баяншы», «Әліпби» әліппе, «Ер Сайын», «Әліппе астар», «Сауаташқыш», «23 жоқтау», «Әдебиет танытқыш», «Тіл жұмсар» (2 бөлім) атты кітаптарының көшірмелері жасақталған. Жалпы, осы кітаптардың әр жылдары жарық көрген сандарымен қоса есептесек, 17 туындысы 56 рет басылым көрген. Бұл кітаптардың түпнұсқалары Республикалық Ұлттық кітапхананың сирек қорлар бөлімінде тіркелген әрі сақталған.                                                   

1997 жылы 4 ақпанда «Қазақ мемлекеттігінің қалыптасуындағы рөліне құрмет көрсете отырып, аса көрнекті ағартушы-ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері, А. Байтұрсынұлының туғанына 125 жыл толуына байланысты» Қазақстан Республикасы Үкіметінің №150 қаулысы қабылданды. Осы қаулы негізінде Алматыдағы А. Байтұрсынұлы музей-үйіне ҚР Білім, ғылым және денсаулық сақтау министірлігі тарапынан жөндеу жұмыстарын жүргізу тапсырылып, Мемлекеттік құрылыс жөңдеу және қайта қалпына келтіру басқармасына жүктеледі. 1998 жылы 12 қыркүйекте А. Байтұрсынұлының 125 жылдық мерейтойы құрметіне музей-үй мен ғалым бюстінің тұсаукесері ресми аталып, ашылу салтанаты өтті. Салтанатта жазушы Әбіш Кекілбайұлы: «1998 жылы 12 қыркүйегі – Азап сапарынан Жеңіспен оралған Ахаңның – Ахмет Байтұрсынұлының Туған еліне, Жеріне, Отанына, өзінің өлең төсегі Ошағына толықтай оралған күні. ...Халқына керек кезінде туып, керекті қызметіне басшы болған қайырлы ұлының тірі көзінде болған музейдің іші бұдан былай құт болғай, тағылым мектебі болғай!» деген лебізін жиналған бұқара алдында тебірене айтып, музей-үйдің құрметті қонақтар кітабына қолтаңбасын қалдырды.                                              

А. Байтұрсынұлының шығармашылығына қатысты 2000-ға жуық ғылыми мақала (қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде), 50-ден аса монография, 15-16 халықаралық ғылыми конференция материалдары 20-дан аса республикалық ғылыми конференция материалдары жарық көрді. Бұл жинақтардың барлығы музей қорының асыл қазыналары. Музей-үй жанынан 1000-ға жуық кітап, 500-дей әдеби журналдар, 50-дей түрлі конференция материалдары және апталық газет тігінділері қамтылған кітапхана жұмыс істейді. Музей-үйде ғалымның туған күні 5 қыркүйекте «Тұлға тағылымына – тағзым» атты ахметтану оқулары жыл сайын өткізілетін дәстүрлі шараға айналды.       

Бүгінде музей есіктері келушілер үшін айқара ашық!

Тұмса тарихты таныңыз – музейге келіңіз!

 

Ә. ҮМБЕТӘЛИЕВ

4633 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper