«Қостанайға келсек, өзіміздің алғашқы қадамымызды Ыбырай музейінен – Ыбырай үйінен бастайтын боламыз..». Ғафу Қайырбеков
ҚР Президенті Қасымжомарт Тоқаев: «Отыз жылда біз қандай жетістіктерге жеттік?, Келер ұрпаққа қандай елді аманаттаймыз?, Мемлекеттігімізді нығайта түсу үшін тағы не істейміз?» деген сауалдар толғандырары анық. Осы тұрғыдан алғанда, бұл – арман-мақсаттарымызды тоғыстырып, болашаққа тың серпінмен қадам басу үшін өткенге тағы бір мәрте оралатын, жетістіктеріміз бен кемшіліктерімізді ой елегінен өткізетін маңызды мезет»» деп бастаған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында тәуелсіз еліміздің 30 жыл ішіндегі өткені мен бүгініне зер сала отырып, басты мәселелерге тоқталып өтті. Қазақ тілі – бүкіл халқымызды біріктіруші фактор екенін алға тартқан мемлекет басшысы «Тіл игеру үшін балалар әдебиетінің атқаратын рөлі зор» деді.
Ал балалар әдебиетінің атасы саналатын Ыбырай Алтынсариннің педагогикалық әдеби мұрасы ұрпақ тәриесінде маңызды рөл атқарады. Ұлы ұстаз Ы.Алтынсарин «Өз Отанымыздың пайдасына қолдан келгенше қызмет ету – әрқайсымыздың борышымыз!» деп, халқы үшін аянбай тер төкті.
Ыбырай мектебі – қазақ халқын ұлт ретінде азаттыққа жетелеген, күреске дайындаған, ең алғашқы қазақ зиялыларын қалыптастырған мектеп. Кез келген нәрсе нәтижесімен өлшенеді. Ыбырай мектебінің жемісі, бұл – Алаш қозғалысы. Ал, Алаш арыстарының бәрі – осы мектептің түлегі деп айтуға толық негіз бар. Себебі, олар осы үрдіспен тәрбиеленіп, «Қазақ хрестоматиясын" оқып өскендер. Соның арқасында Әлихан Бөкейханов бастаған тұлғалар қазақтың азаттығы үшін күресіп, мемлекетіміздің негізін қалыптастырды.
1925 жылы Ә.Бөкейханұлы А.Байтұрсынұлына: «Алтынсарин баласы Ыбырай хақында өзің жазсаң жақсы болар еді, ол сенің ағаң емес пе? Егер ол қазір өмір сүрсе, сендей болар еді, ал сен ертерек дүниеге келгенде, оның ісін жасарың хақ» деп хат жазған еді. Осыдан-ақ, ұлт мүддесін ойлауда ұлылардың үндес болғанын аңғару қиын емес.
Ал Президент мақаласында: "Біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым аламыз. Олар өткен ғасырдың басында тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болды. Тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында осындай біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек. Сонымен бірге, осы тақырыпты зерттеп жүрген ғалымдар мен жазушылардың да еңбегі қолдауға ие болуы және бағалануы қажет. Алаш арыстарының асыл мұрасын игеру жалғаса беруге тиіс» деп, ой тастап, тиісті тарихи құжаттар мен жиналған мәліметтерді зерделеу керектігін айтты. Осы тұрғыдан алғанда, Алаш арыстарының ұстазына айналған дала шамшырағының шырағын сөндірмеу бәрімізге парыз.
Жыл басында «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Ыбырай Алтынсарин мемориалдық музейінде өткен зиялы қауым өкілдерімен кездесуінде Алтынсариннің 180 жылдық мерейтойын туған жері Қостанайда ғана емес, өзге де өңірлерде кеңінен аталып өтетіндігін айтты. Ұлы ұстаздың сәулетті ескерткіші еліміздің бас қалалары Алматы мен Нұрсұлтанда да орнатылатын болды. Сондай-ақ, Ы.Алтынсариннің 180 жылдығына арналған республикалық ақындар айтысы Қостанайда өткізілетінін хабардар етті.
Жуырда Қостанай қаласының орталығында ағартушыға арналып салынған еңселі ескерткіш мерейтой шымылдығын түрген болатын. Ағартушының мерейтойына арналған іс шаралар жоспарлы түрде атқарылып келеді.
Ел тәуелсіздігінің мерейтойы мен биыл ағартушының туғанына 180 жыл толуы музейдің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Ыбырай музейі – ғылымның, білімнің, мәдениеттің қалыптасуына ықпал ететін ғылыми-танымдық бағытта қызмет атқаратын ұлттық руханият ордасы.
Бүгінгі таңда тәуелсіз Қазақстанмен бірге алғашқы қадамын жасаған Қостанайдың қақ төріндегі қасиетті қара шаңырақ – Қостанай облыстық Ыбырай Алтынсариннің мемориалдық музейі қазақ мәдениеті тарихында ерекше орын алатын ағартушының бай мұрасын дәріптейтін мәдени орталыққа айналды.
Ұлы педагог, ғұлама ағартушы, жазушы, қоғам қайраткері, жаңашыл ұстаз, публицист, ғалым-этнограф, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушыларының бірі, ақын және прозашы Ыбырай (Ибраһим) Алтынсарин артына өте құнды әрі бай мұра қалдырды. Музейде сирек кездесетін кітаптар, архив материалдарының көшірмелері, фотосуреттер, құжаттар мен жазушының өзі және отбасы тұтынған заттар бар. Сондай-ақ, ұлы ағартушы тұлғасын бейнелейтін өнер туындылары, суреттер мен мүсіндер орын алған.
Қазақ ССР мәдениет жөніндегі Мемкомитетінің 1989 жылғы 17-қарашадағы №261 бұйрығына сәйкес 1990 жылғы 1-қаңтардан бастап Қостанай қаласында облыстық тарихи-өлкетану музейінде Ыбырай Алтынсаринге арналған мемориалдық бөлім ашылған болатын.
Екі жылдан соң, Қостанай қаласында Ыбырай Алтынсарин мемориалдық музейін ашу туралы Қазақстан Республикасының Министрлер кабинетінің 1991 жылғы 9 желтоқсанында № 774 Қаулысы шықты. Қаланың ортасында 1991 жылы педагог-ағартушының туғанына 150 жыл толуына орай облыстық Ыбырай Алтынсарин мемориалдық музейі бой көтерді. Бұл тарихи оқиға ұлы ағартушы-педагогтың мерейтойы қарсаңында орайластырылды. Сол жылдың 16-қазанынан бастап облыстық Ыбырай Алтынсарин мемориалдық музейі келушілерге өз есігін ашты.
Салтанатты ашылу рәсімінде Ыбырай Алтынсариннің жақын туысы, жерлесіміз, Қазақстанның Халық жазушысы, көрнекті ақын Мәриям Хакімжанова, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, әйгілі «Дала қоңырауы» дастанын жазып, ұлы Ыбырай бейнесін лирика тілімен көркем сомдаған қазақ поэзиясының жарық жұлдызы Ғафу Қайырбеков және басқа да ғалым, мәдениет қайраткерлері қатысты.
Ғафу Қайырбековтің музейдің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінен:
«Кезінде, ұлы Петр өз қолымен кеме жасау арқылы Европаға қалай жол ашқан болса, Ыбырай да мектептер ашу арқылы қазақ даласына білім мен мәдениеттің қақпасын ашты. Мен өзім де қазір ұлы ұстаздың табаны тиген осы қасиетті жерде тұрғанымды бақытты сезінемін. Ыбырай деген құдірет сол заманында–ақ, қазақ халқының болашағы тек мектептерде, оқуда, өнер, білімде екенін айқын сезіне білді. Биыл Қостанайда Ыбырай мазары жаңғырып, Ыбырай музейі дүниеге келді. Обаған ауданына Алтынсарин есімі берілді. Енді біз Қостанайға келсек, өзіміздің алғашқы қадамымызды Ыбырай музейінен – Ыбырай үйінен бастайтын боламыз. Қостанай мен Ыбырай есімі тығыз байланысты. Ыбырайды сыйласаң – Қостанайды сыйлағаның, Қостанайды сыйласаң – Ыбырайды сыйлағаның…»
Музей үйіне кірер алдындағы лентаны ақын М. Хакімжанова өз қолымен қиып, сөз алып, осы тойға арнаған «Ұлы Ұстазға арнау» деп аталатын жүрекжарды өлеңін оқыды:
Қайран бабам, көрген жоқпын жүзіңді,
Бес жасымнан жаттап өстім жырыңды.
Он жасымда өлең өрдім тақпақтай,
Ойламаппын басамын деп ізіңді.
Ойламаппын ақын болып өсем деп,
Ойламаппын жыр ескегін есем деп.
Талқысында тағдырдың көп таландым,
Өмірде кеткен өкініште есем көп.
Жараланды жастай менің талантым,
Қатал тағдыр қырқып қойды қанатын.
Жиырма жыл жарық күнді көре алмай,
«Аһ» ұрғанда аш өзегім талатын.
Сонда маған демеу болған аруағың,
Аруағыңа арманымды жалғадым.
Қиналғанда, қысылғанда, түсіндім,
Сенің асыл сөздеріңнің салмағын.
«Жоқ болсаң да қолыңды жайма сұранып,
Аш болсаң да мұңыңды шақпа жыланып.
Қайратыңды қара тасқа жанып ап,
Еңбекке кір, етек-жеңді сыбанып»
Деген сөзің оқтай тиді жоқтыққа,
Жеткізді еңбек барлыққа да, тоқтыққа.
Ұлым, қызым бірге ұмтылды өзіммен,
Ұлы еңбектің қасиетін ұқтық та.
Жетімдікке, жесірлікке бағынбай,
Жалған сөйлеп, жалпылдамай, жағынбай.
Сексен бестің сырын шертіп отырмын.
Тасты теуіп, таудан аққан ағындай
Өзің туып, өзің өскен елің бар,
Кіндік кесіп, кіріңді жуған жерің бар.
Он миллион қазақ деген халқың бар,
Өзгермейтін әдет-ғұрып салтың бар.
Алдын болжап, айтып кеткен көреген,
Ескірген жоқ сенің үлгі-өнегең.
Жаппай оқып ұл-қыздары қазақтың,
Туған елін өнерлі елге теңеген.
Бір перзентің ұшты бүгін ғарышқа,
Тәуекел деп, түсті ұлы жарысқа.
Азаматтың ар-намысын оятты,
Деген сөзің «қатарыңнан қалыспа».
Деген сөзің «Алға ұмтыл, талаптан
Оқу үйрен, өнерді үйрен, қанаттан.
Ерінбесең, еңбектенсең, жас ұлан,
Құтқарасың хал(ы)қыңды азаптан»
Деген сөзің орындалып келеді.
Ұға білген жан қанатын кереді.
«Оқу-білім, өнер – өмір кілті» деп,
Айтқаныңа енді қазақ сенеді.
Ұлы Ұстаз, тұңғыш ғалым, Ұлы адам,
Жүз елі жыл өтседағы арадан.
Туған халқың айды ұрпағын,
Сенің атың өшпек емес санадан!
Мәриям Хакімжанова
11.Х.1991 ж.
Фото: М.Хакімжанова, В.Е.Шалабаев музейдің ашылуында, 1991 жыл
Мәдениет жөніндегі облыстық комитеттің бұйрығымен 1992 жылдың 2 қаңтарынан бастап музейдің алғашқы директоры болып Рысжанова Ұрқия Мұхамедиярқызы тағайындалды.
Музей 1884 жылы Ыбырай Алтынсарин ашқан орыс-қазақ мектебінің орнына салынған. Ғимараттың жобасын жасаған бас архитектор Күшіков Хажымұрат Әдиұлы еді. Музей екі қабаттан тұрады, ғимараттың бір бөлігі сол дәуірдегі Алтынсарин мектебінің көшірмесі түрінде, екінші бөлігі киіз үйге ұқсас.
Музейдің жалпы көлемі – 818,1кв.м., оның ішінде экспозиция ауданы – 340,2 кв.м., қор қоймасының ауданы – 56,4 кв.м.
Ыбырай Алтынсариннің музейі, кесенесі, ескерткіші, мектептің орнына қойылған мәрмәр тақта, «Омар құдығы», оның атындағы көше және Ы. Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-интернаты бірыңғай бір кешенді құрайды.
Ұлы ағартушының 150 жылдық мерейтойы қарсаңында мұғалімдер тобы, музей қызметкерлері, жергілікті ақындар Ыбырай мектеп ашқан орындарды жүріп өтуді ұйғарып, 1991 жылы 16 мамырдан үгіт пойызы өз жұмысын бастаған болатын. Экспедицияға қатысушылар Қостанай, Торғай, Ақтөбе облыстарынан өтіп, Орынбор қаласында 13-шілде күні Ы.Алтынсарин оқыған мектебіне мемориалдық тақта орнатты.
Музейдің тіркеу кітабына ең алғаш болып 1991 жылғы 6-маусымда фотопленка тіркелді. Бұл фотопленкада барша ғұмырын ислам дінін таратуға, халықты имандылыққа тәрбиелеуге арнаған ғұлама Сатыбалды Ишан Ғабдоллаұлының екі күмбезді кесенесінің суреті бейнеленген.
Бұл суретті экспедицияның екінші кезеңінің ұйымдастыруына ұйытқы болған сол кездегі Қостанай облисполкомның ұлттық қатынастар секторының меңгерушісі З.Агеева табыс етті. Фотограф – Виктор Сорочинский.
ХХІ-ғасырдағы музей экспозициялық кеңістігі 2010 жылы «Ыбырай Алтынсарин шәкірттерімен» және «Мұсылмандық білім» атты жаңа диорамалармен басталды.
Ал 2012 жылы музей ғимаратына күрделі жөндеу жасалып, реэкспозициядан өтті. Қазіргі уақытта музей 5 экспозициялық залдан тұрады.
1. «Музей тарихы». Музейдің кіріспе залында ҚР Тәуелсіздігі, музейдің тарихы жайлы мәліметтер қамтылған. Осы бөлімде «Шежіреге айналған жандар қабырғасы» бар. Бұл жерде Қостанай өңірінен шыққан ұстаздар, ақын-жазушылар, батырлар, өзге де танымал тұлғалардың тізімі көрсетілген. Белгілі тұлғалардың мерейтойларына байланысты жыл бойы ауыспалы көрмелер ұйымдастырылады. Бұл ауыспалы көрме кейінгі екі жылда Елбасының «Ұлы даланың 7 қыры» мақаласының аясында ұлы даланың ұлы тұлғаларын насихаттау үшін музей залында қорда бар жеке заттар, құнды материалдар көпшілік назарына ұсынылады.
2. «Ы.Алтынсарин –Ұлы Ұстаз». «Дала қоңырауы» композицияның өзіндік бір ерекше сипаты бар. Ұлы ағартушы ұлы далада алғашқы қоңырауды соғып, мектеп ашып, қазақтың балаларын білім алуға шақырған сәті: екі шәкіртін жетектеген Ұлы Ұстаз мүсінінің арқа тұсында кең даладағы алып қоңырау бейнеленген. Сол дәуірдегі мектеп құрылыстарының жұмысы көрсетілген.
3. «Ы.Алтынсарин – Қазақстанда халық ағарту ісінің негізін қалаушы». Музейдің негізгі залында Ы.Алтынсариннің өмірі және ғылыми, қоғамдық қызметі, әдеби мұрасы, Қазақстанда революцияға дейінгі мұсылман оқуы, Ыбырайдың балалық шағы, Орынборда оқыған жылдары, педагогикалық қызметінің басталуы, ұлы ұстаз ашқан мектептер, соның ішінде ер және қыз балаларға арналған кәсіптік мектептер, алғашқы қазақ оқулықтары, "Қазақ хрестоматиясы", Ы. Алтынсариннң публицист, фольклоршы, Ресей географиялық қоғамының мүшесі болғандығын айқындайтын материалдар қойылған.
4. «Ы.Алтынсариннің мемориалдық класы». Бұл экспозициядан Ыбырай өмір сүрген уақыттың рухы сезіледі. Сыныптағы ағаш еденінен бастап, төрдегі кітап сөрелері мен парта, тақталары, оқушылардыі киім үлгісі,бөлмеге жарық беріп тұрған аспалы шам және жылытатын «голландиялық пеш», терезе пердесі тұтас ХІХ ғасырдағы мектеп көрінісін аңғартады.
5. «Ы.Алтынсарин және оның айналасындағы адамдар». Бұл залда Ы.Алтынсариннің отбасы және өмірінің соңғы жылдары, әкімшілік қызметі, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталған ұстаздар, Ы.Алтынсариннің шығармашылығы мен қызметін зерттеушілер, ізбасарлары, орыс достары, шәкірттері, туған-туысқандары және өлкедегі халық ағарту ісінің пайда болу, даму, жетілу тарихы, ардагер ұстаздар жайлы материалдар қойылған. Сондай-ақ, Мәриям Хакімжанова, Ғафу Қайырбеков және Н.Дәулетоваға арнайы бұрыштар берілген.
Музей қоры Алтынсарин мектебінің түлектері, көрнекті ақын-жазушылар, мәдениет қайраткерлері, ғалымдар, ағартушы-ұстаздар туралы қызықты материалдар және заттармен толықтырылған.
Музей қорындағы әр жәдігердің бай тарихы бар. 1995 жылы Ы.Алтынсариннің туысы, Қазақстан Республикасының халық жазушысы, көрнекті ақын Мәриям Хакімжанова қайтыс болғаннан кейін оның баласы Атымтай Хакімжанов музейге қаламгердің ерекше құрметтейтін нәрселері мен баға жетпес шығармаларын тапсырды. Ғимараттың екінші қабатына көтерілген кез-келген адам халық сүйіспеншілігіне бөленген Мәриям ақынның бейне шығармашылық зертханасына кіргендей күй кешеді. Онда жерлес қаламгердің жазу столы мен отырған орындығы, фото, құжаттар, марапаттары бар. Бай кітапхана орыс, қазақ қаламгерлері қолтаңба қалдырған кітаптар айрықша назар аударуға лайық.
Фото: Ыбырай музейінің ішкі көрінісі
Қазіргі заманғы әлемде музей – бұл ғылым, білім, коммуникация, мәдени ақпарат пен шығармашылық инновациялар орталығы.
Электрондық ақпарат беру формаларының бірі виртуалды карта арқылы тарихи қызығушылықты арттырып, «сандық мәдени мұраларды» көпшіліке насихаттау мақсатында биыл «Ыбырай Алтынсариннің ізімен» виртуалды туристік маршруты жобасы әзірленуде.
Сонымен қатар, заманауи 3 Д виртуалдық экскурсиясы, Ыбырай Алтынсариннің мемориалдық музейі және «Омар» құдығы, Ы.Алтынсарин кесенесі бойынша екі тілде 3Д виртуалдық экскурсиясы әзірленіп, сайтқа енгізілді. Оны кез келген адам музейдің ресми сайтына кіріп, өз еркімен тамашалай алады.
Музей қоры қызметкерлердің ізденіс жұмыстарының нәтижесінде Ресей (Санкт-Петербург, Мәскеу, Орынбор, Қазан қалалары) және республиканың мұрағаттары мен кітапханаларына сұранысы бойынша Ы.Алтынсаринның өмірі мен қызметі туралы, ХІХ ғасырдың ортасы ХХ ғасырдың басында өлкедегі халық ағарту ісінің пайда болу, жетілу және даму тарихын баяндайтын құжаттардың көшірмелерімен толықтырылды. Өзбекстан Республикасының Орталық мұрағатында ғылыми зерттеу жұмысы жүргізіліп, ағартушының қызметі туралы құжаттардың көшірмесі алынды. Осы мемориалдық көшірме құжаттар Ы.Алтынсарин музейінің ғылыми-қосалқы материалдар қорында жиналған. Қор деректері цифрлық форматқа көшірілді. Ең бір құнды заттардың қатарында ұлы ағартушының отбасы қолданған төсекқап ерекше орын алады. Ол экспозициялық залдың көрнекі жеріне қойылған. Оны 1992 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Леңгір қаласында тұратын Тастемірова Гүлсана берген. Оған кезінде шешесі Рәзия қалдырыпты. Ал, Рәзияға апасы, Ыбырай Алтынсариннің жұбайы Айғаныс табыс етіпті.
Ұлы Ыбырайдың немересі Нағима Ыбыраева көзі тірісінде атасының музейіне сан мәрте келіп, тағзым етіп, жас жеткіншектермен жүздесіп, іс шаралардың құрметті қонағы ретінде қатысты. Музей қызметкерлері Нағима апайдың Жамбыл облысындағы үйіне арнайы іссапармен барып, қолданған жеке заттарын және бірнеше көне фотосуреттерді алып келген болатын. Бұл заттар да жұртшылық айрықша назар аударатын экспозициялық залдағы құнды жәдігерлер санатынан орын алған.
Ыбырай Алтынсарин ашқан мектептер:
Ы.Алтынсарин 1864 жылы 8-қаңтарда Торғай қаласында бастауыш мектебін ашты. 1881 жылы Орск қаласында қазақтың тұңғыш оқытушылар мектебін ашты. Ол мектеп өртеніп кетуіне байланысты, 1889-1890 оқу жылының басында Орск мұғалімдер мектебі Орынборға көшірілді. 1883 жылы 15-қарашада Торғай қаласында ер балаларға арналған қолөнер училищесін ашты. Бұл қазақ даласының техникалық мәні бар тұңғыш оқу орыны болып есептеледі. Троицк орыс-қазақ мектебі 1884 жылы Ыбырай Алтынсарин ашқан Қостанай қаласындағы мектепке көшіріліп, «Қостанай 2 сыныптық орыс-қазақ училищиесі» болып аталды. 1887 жылы 15-қыркүйекте Ырғызда 18 адамдық орны бар қыздар мектебін ұйымдастырып, тұңғыш рет қазақ қыздарын оқуға тартты. Сол жылы Қарабұтақта болыстық мектебін де ашты. Ыбырай Алтынсариннің жоспарымен, өзі өмірден өткеннен кейін 1891 Торғайда, 1893 жылы Қостанайда, 1895 жылы Қарабұтақта және 1896 жылы Ақтөбеде қыздарға арналған мектептер ашылды.
Фото: Ыбырай ашқан мектептер картасы
Ыбырай музейі өзі құрылған 30 жыл ішінде музей қорын жәдігерлермен толықтырды. Қазіргі уақытта жәдігерлер саны – 12830 құрайды. Оның ішінде негізгі қорда – 11072, ғылыми-қосалқы қорда – 1757.
Сондай-ақ, музей қорында «Орынбор ведомствосы қазақтарының құда түсу, қыз ұзату және той жасау дәстүрлері» және «Орынбор ведомствосы қазақтарының өлген адамдарды жерлеу және оған ас беру дәстүрлері» очерктері сақталған /көшірме/. Ыбырайдың бұл еңбектерін 1870 жылы Орынборда географиялық қоғамының бөлімшесі бастырып шығарды. Бұл мақалалар кезінде автордың өз халқын орыс қауымына этнографиялық жағын таныстыру мақсатына, этнографиялық шығармаларға қойылатын сол замандағы озық талап-тілектерге де толық жауап бере алды.
Ыбырай бірсыпара елдерде қалыптасқан экзегетикалық дәстүр бойынша, яғни өз ойын, тұжырымын қосып, сыналып түсіндіру әдісін қолданды. Ислам дінінің қағида-шарттарын түсіндіретін, қазақ балаларына арнап шығарылған «Шариғатул-Ислам» - «Мұсылманшылықтың тұтқасы» атты кітабы тұңғыш оқу құралы болып есептеледі. Ағартушы діни оқудың өзін адамгершілікті, гуманизмді насихаттау деп түсіндірді. Оқулықты 1883 жылы 26 қазанда Петербург қаласында рұқсат алып, 1884 жылы Қазан университетінің баспаханасынан араб әрпімен бастырып шығарды. Ұлы Ұстаздың «Шариғатул-ислам» кітабының түпнұсқасы музей қорының інжу-маржаны болып табылады.
«Қазақстаның рухани киелі жерлері», «Қазақстанның сакралдық географиясы» арнайы жобасы аясында аймақтар бойынша киелі жерлерді танымал ету, сақтау, қалпына келтіру, музей қызметінің әлеуметтік ауқымын кеңейту, туристік қызмет объектілері ретінде облыстың киелі жерлерінің тартымдылығын арттыру мақсатында «Ыбырай Алтынсарин ізімен» экскурсиялық маршрутын жасау дәстүрге айналған.
Ғылыми-зерттеу жұмысының барысында Бахчисарай қаласындағы Гаспринский мемориалдық музейімен ынтымақтастық қарым-қатынас орнатып, Ыбырай Алтынсариннің өз қолтаңбасымен Исмаил Гаспринскийге сыйлаған Қазан қаласында 1884 жылы басылып шыққан «Шариғатул-Ислам» кітабы беттерінің көшірмесі алынды.
Ыбырай музейі тарихи-мәдени мұраны кеңінен танымал ету және ұлы ұстаздың мұраларын қазіргі заманғы форматта түсіндіру мақсатында ғылыми мекемелер, архивтер, кітапханалармен өзара ынтымақтастастықта қызмет атқарады. Сонымен қатар, өзге өңір музейлерімен тығыз қарым-қатынас орнатып, рухани баййланысты нығайтып келеді. 2017 жылдан бастап біршама музейлермен меморандум жасасып, осы ынтымақтастық келісімнің арқасында Ұлы Ұстаз мұрасының насихатталу ауқымын кеңейтті. Ақмола, Батыс Қазақстан облысы, Ақтөбе облыстарымен қатар, Семей, Нұрсұлтан қалаларында іс шаралар өткізіп, жылжымалы көрмелер ұйымдастырды.
Ыбырай Алтынсариннің мемориалдық музейі – музейлік мәні зор артефактілерді (тарихи және мәдени ескерткіштерді) жинау, есепке алу, сақтау, қалпына келтіру, ғылыми зерделеуді жүзеге асыру, насихаттау жұмыстарын жүргізетін республикадағы бірден-бір ғылыми-зерттеу және мәдени таным мекемесі, Ыбырайдың әлемдік деңгейдегі ұлылығын уағыздайтын киелі орталық. Ыбырай зердесін паналаған рухани игіліктерді жеткізу мүмкін емес. Ыбырай жасап кеткен дүние –ұлттық мұра, мәдени кеніш. Оны игеру – болашақтың абыройлы міндеті. Өткен тарихын жадына мықты сақтаған ұрпақ қана тәуелсіздігімізді баянды ете алады.
Салтанат ӨТЕЛБАЕВА,
Қостанай облыстық Ыбырай Алтынсариннің мемориалдық музейі басшысының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары