Анонс


Ә.Қастеев атындағы Өнер музейінің қысқаша тарихы

Сейсенбі, 05 Қаңтар 2021 02:58
Ә.Қастеев атындағы Өнер музейінің қысқаша тарихы KAZMUSEUM.KZ -  

Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік өнер музейі іргесі қаланған сәттен бастап, республикамыздың мәдени стратегиясының ажырамас бөлігіне, көркемдік мұраны зерттеп, насихаттайтын маңызы зор орталыққа айналды.

1935 жылғы 23 қыркүйекте Ұлттық көркемсурет галереясын ұйымдастыру жайында қаулы шықты. Осы сәттен бастап коллекция жинау басталады. Жас Қазақстанның бейнелеу өнері туындылары Қазақстан Суретшілер одағы мен галереяның өзі ұйымдастырған көрмелерден алынды. Ресейдің ірі музейлерінен орыс, Батыс Еуропа өнерінің кескіндемесі, мүсіні мен графикасы, шығыс өңірдегі елдердің туындылары қайтарымсыз берілді.

 1936 жылы галерея Қазақ мемлекеттік көркемсурет галереясы ‒ ҚМКГ болып өзгертілді. Музей залдары жарлық шыққаннан кейін екі жыл өткен соң ‒ 1937 жылы 5 желтоқсанда Қазан революциясының 20 жылдығына арналған бүкілқазақстандық кескіндеме, графика, мүсін көрмесі ашылған кезде ғана  келушілерге есік ашты. Бұл күн келушілер үшін галереяның ресми ашылған күні деп есептеледі. Ашылған сәтте оның көлемі 250 ш.м., қорда 1390 экспонат болды.

1939 жылы  еліміз Т.Г. Шевченконың (1814-1861) туғанына 125 жыл толуын мерекеледі. Осы оқиғаға байланысты Қазақ КСР Министрлер Кеңесі 1939 жылы 5 наурызда «Украин ақыны Тарас Григорьевич Шевченконың есімін мәңгі есте қалдыру туралы» Жарлық шығарды. Оның есімін Алматыдағы Қазақ Мемлекеттік көркемсурет галереясына (ҚМКГ) беру туралы шешім қабылданды.

Ұлы Отан соғысы жылдарында ҚМКГ жұмысы тоқтатылды. Галереяның үй-жайы соғыс уақыты қажетіне беріліп, коллекцияны сақтауға Қазақстанның Орталық музейі мен Абай атындағы опера және балет театрынан орын берілді.

Соғыстан кейінгі кезеңде галереяға кәсіби ғылыми қызметкерлер келді. Уақыттың қиындығына қарамастан, жұмыс мүлдем басқаша деңгейге көтерілді. Бұл көбінесе 1950 жылы 26 қыркүйекте директорлық қызметке тағайындалған Любовь Георгиевна Плахотнаяның басшылыққа келуімен тығыз байланыстырылады.

1952 жылы сәуір айында ҚМКГ-ның тұрақты жұмыс істейтін дәрісханасы өз жұмысын бастады. Дәрістер Орталық өнер қызметкерлері үйінің залында оқылды. Дәрісхана кейіннен «Халық мәдениеті университеті» болып қайта құрылды. Қазір әлемдік өнер тарихынан «Әсем әлем» Кіші өнер академиясында жүйелі білім алудың мүмкіндігі бар.

1960-жылдардан бастап коллекцияның жиналуы зор қарқын ала бастайды. Музей қызметкерлері Мәскеу, Ленинград коллекционерлерімен, суретшілердің отбасыларымен және мұрагерлерімен бірлесіп жұмыс істейді. Түрлі мемлекеттік құрылымдар арқылы заманауи Қазақстан шеберлерінің туындылары сатылып алынады.

Экспонаттар санының өсуіне байланысты галереяға сәулеті музей қызметінің ерекшелігіне сай келетін жаңа ғимарат салу туралы мәселе көтерілді. 1965 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесі ҚМКГ-ге арнайы ғимаратты жобалау және салу туралы шешім қабылдады. «Алматыгипрогор» институтының № 2 шеберханасының құрамында Э. Кузнецова, О. Наумова, Б. Новиковтар бар сәулетшілер мен инженерлер тобы тамаша жоба жасады. Жаңа музей ғимараты салынды. Бейнелеу өнері коллкциясын 1970 жылдың 1 қыркүйегінен бастап жұмыс істеп келе жатқан Республикалық халықтық қолданбалы өнер музейінің (рхкөм) қорымен біріктірді. 1976 жылы 16 қыркүйекте Қазақ КСР Мемлекеттік өнер музейі деген жаңа атау алған жаңа музейдің ашылуы болды.

1984 жылы Қазақ КСР халық суретшісі, тамаша қылқалам шебері Әбілхан Қастеевтің туған күніне арналған мерейтойлық көрме өтті. Бұл атаулы күнге бүгінгі күні суретшінің шығармашылық жолын, дарынының көп қырлылығын сипаттайтын үздік туындыларын көруге болатын мемориалдық зал құрылды. Сол жылы тұңғыш ұлттық суретшіні мәңгі есте сақтау үшін Қазақ КСР Мемлекеттік өнер музейіне Әбілхан Қастеевтің есімі берілді.

Бүгінгі таңда Ә. Қастеев атындағы ҚР МӨМ – ғылыми қызметкерлердің алғашқы буыны салған дәстүрлері құрметтеліп, музей жұмысының практикасында қазіргі заманның жаңа жетістіктерін белсенді пайдаланатын еліміздегі іргелі музей. Жинақта 25713 экспонат сақталуда. Қазақстанда бірінші болып музей қызметкерлері мүмкіндігі шектеулі жандарға музей экспозициясының қолжетімділігін қамтамасыз етті. 2013 жылдан бастап инклюзивті жобалар бойынша жұмыстар жүргізілуде: коллекцияның көркем шығармаларынан рельефтер жасалуда, «Рухани шабыт» сияқты тағы да басқа жеке фестивальдер өткізілуде. Музей жалпы әлемдік музей қозғалысының бір бөлшегіне айналды. Бұған музей залдарында өткен маңызы зор «Франция інжу-маржандары» (2012) халықаралық көрмесі, 2016 жылғы Зураб Церетели мен В. Власовтың жеке көрмелері, ислам дәстүрінен шабыт алған «Джамиль-4 сыйлығы» халықаралық заманауи өнер көрмесі (Виктория мен Альберт музейі, 2017), Дэмиен Хёрсттің «Жаңа дін» (Ұлыбритания, 2016), Хант Слонемнің (АҚШ, 2018) көрмелері және т.б. мысал бола алады. 2018 жылы музей Халықаралық музей альянсы мен Пекин Ұлттық музейі құрған Жібек жолы галереясының құрамына кірді. 2019 жылы Smithsonian (США, Вашингтон) ғылыми-зерттеу және білім беру институтында музей қызметкерлері қатысқан Қазақстан қол өнері және креативті экономика туралы халықаралық симпозиум болды.

Ә. Қастеев атындағы ҚР МӨМ ‒ дамып, жетеліп отыратын, белсенді де көп қырлы қызмет ететін, жанданған біртұтас құрылым.

 

Светлана КОБЖАНОВА, Ә. Қастеев ат. ҚР Мемлекеттік өнер музейі директорының ғылыми ісі жөніндегі орынбасары, өнертану кандидаты

7485 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper