Анонс


Отырар қорық-музейі – ел тарихының айнасы

Сейсенбі, 05 Мамыр 2020 02:57
Отырар қорық-музейі – ел тарихының айнасы KAZMUSEUM.KZ -  

Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі ғимаратының іргетасы 1979 жылғы 9 қазанда қаланып, 1982 жылы толық пайдалануға берілді. Міне, содан бастап мәдени-ағарту және Қазақстанда алғаш рет археологиялық тарихи ескерткіштерді қорғау мекемесі ретінде жұмыс істеп келеді. ҚазССР Министрлер Кеңесінің 1979 жылғы 11 мамырдағы шешімімен ғылыми-зерттеу, мәдени-ағарту және археологиялық ескерткіштерді қорғау мекемесі ретінде құрылды.

Музейге 1982 жылы 22 маусымда сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің біріншісі хатшысы Д.А.Қонаев келіп, археологиялық – этнографиялық көрмемен, болашақ экспозицияның жобасымен танысып, қонақтардың пікір кітабына өз қолтаңбасын жазып қалдырды. Осы ретте, ерекше қоса тоқталып өтсек, биыл Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығын атап өту шараларының тұсында «Фарабитанудың атасы» атанған, қазаққа әл-Фарабиді қайтарған ғұлама-ғалым Ақжан әл-Машанидің есімін құрметпен еске аламыз. Ол кісінің Отырар музейі ашылған уақыттарда музейге жазып қалдырған қолтаңбасы: «Отырар-Фараб қаласының есімі мыңдаған жылдар мағлұм болған, халқымыздың қайырлы мекені болған. Ұлы ғұлама-ғалым-хакім Әбу Насыр әл-Фарабидің ныспысы осы қаланың есіміне байланысты. Бұл құрметті мекенмен байланысты біздің халқымыздың басынан кешкен талай-талай тарихи асулар бар. Соншама бай мұра, қазына, халықтың тарихи-рухани байлығы. Сол қазынаны өшірмей, жоғалтпай есте сақтау, өте зор, ұлы мағыналы нәрсе. Осыған арналған музейдің аса қажетті, құнды нәрсе екені мәлім. Өзінің өткен тарихын құрметтемеген халық ешуақытта құрметті болмақ емес. Осы жағынан алғанда бұл музей халықтық іс деп білеміз. Музейдің тәрбиелік, тәлімдік, фазулаттық мағынасы тереңде жатыр. Сол себепті, біздер, әрқайсымыз осы музейге жәрдем етуді өзіміздің адамдық, азаматтық міндетіміз деп білуіміз керек. Мен өз тарапымнан әл-Фарабидің ғылыми мирастарын зерттеу ісінің басында болғандықтан, осы жөнінде көптеген жәрдемдерді музейге жасаудамын. Осы жөнінде жәрдемдескен бәріне зор рақмет айтамын. Әл-Фарабиге арналған бір ауыз өлеңмен аяқтайық:

                        Шығыс пенен Батысқа

                        Ұстаздық еткен данасы.

                        Есіміңді паш етсем,

                        Оянар халық санасы.

                        Рухына дем берер...

                        Аруақты бабасы...

Профессор, Қазақ Ғылым Академиясының мүше-корреспонденті, ғылымға еңбегі сіңген қайраткер Ақжан Жақсыбекұлы Машанов. (қолы) 19/ІХ-1985».

 Қорық-музей ашылғаннан бері  республика көлемінде археологиялық жәдігерлерді зерттеу, қазба жұмыстарын жүргізу, реставрация және консервация арқылы ескерткіштердің сақталуын қадағалайтын, сонымен қатар, халқымыздың этнографиялық және рухани, мәдени мұраларын жинақтап, сақтау, зерттеу, насихаттау жұмыстарын жүргізетін бірден-бір мекеме болып қызмет істейді. Бүгінгі таңда музейде алты ғылыми-зерттеу бөлімі: қор сақтау; археология; тарихи ескерткіштерді қорғау; этнография, әдебиет және мәдени-көпшілік іс-шаралар; реставрация және консервация; экспозиция, экскурсия және қоғаммен байланыс бөлімдері мен кітапхана жұмыс істейді. Қорық-музей ашылған жылдары қорында 2000 жәдігер болса, қазіргі таңда олардың саны 24000-нан асты. Музейдегі әр жәдігер халқымыздың өмірі мен тұрмыс-салтынан құнды деректер береді. Олар әр заманнан бүгінгі бізге жоғалмай жеткен адамзат тіршілігінің іздері.

Көне тарих пен бүгінгімізді жадымызға сақтап отыратын сан-салалы жәдігерлердің иесі музейлердің өзіндік тарихы мен тағдыры бар. Ол жеке адамдардың еңбегімен басталып, олардың әсері арқылы қоғамның, елдің тағдырымен ұштасып жатады. Толағай табыстар мен іргелі істерге толы, қиындығы мен ауыртпалығы қатар жүретін әр жылымыз тарих жылнамасына таңбадай басылып тіркелуде. Келешегі кемел «Мәңгілік елге» айналар қазақстандық әрбір азаматтың ой-өрісі кеңейіп, ізгілікті іс-қимылы заман талабына сай ілгерілей отырып, өркениетке бағытталған тынымсыз тіршілік жылдары ретінде өтіп жатқанына куә болып келеміз. Осындай киелі қара шаңырақта еліміз үшін жасап жатқан еңбегіміздің табысы еселене берсін. Бабалардан қалған асыл мұраларымызды көзіміздің қарашығындай сақтап, болашаққа аманаттау біздің басты міндетіміз екендігін ұмытпауымыз керек.

 

Сәбира АЙТБАЙ,  Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің

аға ғылыми қызметкері

8145 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper