Анонс


Ғасырлық шежіре: Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейіне 100 жыл

Жұма, 24 Қаңтар 2020 13:32
Ғасырлық шежіре: Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейіне 100 жыл KAZMUSEUM.KZ -  

Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейі – облысымыздағы көне мәдени мекемелердің бірі. Музей жүз жыл бұрын, 1920 жылы көрнекі құралдардың музейі ретінде уездік халыққа білім беру бөлімі жанында құрылып, алғашқы жұмыстарын бастаған болатын. Сол жылдың 1 тамыз күні көрнекі құралдары музейінің меңгерушісі болып педагог, ғалым Иван Хохлов тағайындалды. Иван Степановичтың есімі Көкшетау уезінде жүргізілген алғашқы тарихи-өлкетану зерттеу жұмыстарымен тығыз байланысты. Бірінші музей қоры қаланың мектеп жинақтамаларынан жиналған тарихи маңызы бар 130 заттан құралды, олар білім беру бөлімінің бөлмелерінің біріне қойылды.

1922-1928 жылдар аралығында біздің өңіріміздегі бірқатар археологиялық қазба жұмыстарының жүрзілуінің арқасында көптеген құнды заттар табылып, артефактар еліміздің ірі археологтарының, оның ішінде КСРО ҒА корреспондент-мүшесі А.А.Спицын, антрополог, профессор В.В.Бунак, профессор М.П.Грязнов сияқты мамандардың назарына ілікті. Кейбір табылған артефактілер Санк-Петербургтегі «Эрмитажға» тапсырылыпты.

Алғашқы жылдары музей қорының жинақтамаларын толықтыру жұмыстары жүргізілді, жүз жылға жуық уақыт бұрын бірінші экспозицияға облысымызда табылған көне мамонт сүйектері, монеталар, қазақ хандығы кезеңіндегі батырларымыздың сауыт-саймандары, түркі қағанаты дәуірінің ескерткіші – балбал тастары қойылған делінеді. Музей қорында әлі күнге дейін алғашқы жәдігерлер сақталып, бірегейлері музей экспозициясында ұсынылған, бұл дегеніміз, қазіргі таңға дейінгі атқарылған кәсіби музей қызметкерлерінің жұмыстарының жемісі.

Ғасыр тарихы бар музей бірнеше мекенжайда орналасқан, бір бөлмеден кейін жеке бөлінген төрт бөлмелі үйге көшсе, 1974 жылы орталық алаңдағы, яғни қазіргі қолданыстағы ғимаратқа көшірілді. 1904 жылы салынған екі қабатты музей ғимараты – қазіргі таңда мемлекеттік қорғаудағы тарих және сәулет ескерткіші болып саналады.

Революцияға дейін ғимарат көпес Геннадий Шмурлоға тиесілі болған. Кеңес үкіметі кезеңінің алғашқы кездері бірінші қалалық Совдеп, кейін Айдабол спирт заводының филиалы, балалар емханасының стационары, облыстық кеңестің орындау комитеті орналасқан. Музейдің алғашқы реконструкциясы 1973-1974 жылдары жүргізілсе, жартылай реэкспозициялар 80-ші, 90-шы жылдары жасалған.

 Көкшетау қаласы Ақмола облысының облыс орталығына айналуына байланысты 2000 жылдың 1 қаңтарынан бастап музей Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейі мәртебесіне ие болды. Облыстық музейдің ауқымды қайта жөңдеу жұмыстары 2012 жылы жүргізілген.

2018 жылы Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихын, оның жетістіктерін және Елбасы Н.Назарбаевтың ауқымды тарихи рөлін көрсететін «Елбасы және Тәуелсіздік» заманауи тарих залы, сондай-ақ, Бурабай аумағында энеолиттік дәуірді толығымен ашатын «Ботай-Бурабай» ашық аспан астындағы музейі ашылды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын және Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын жүзеге асыру аясында Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен 2019 жылы Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің реэкспозияциясы жасалды. Жаңа инновациялық технологияларды қолдана отырып құрылған жаңа экспозициялық залдарда жәдігерлерді (сөрелер, диорамалар, инсталляциялар) дәстүрлі көрсетумен қатар келушілердің ыңғайлылығы үшін мониторлар, сенсорлық моноблоктар жұмыс істейді, сондай-ақ музейде алғаш рет QR кодтар орнатылды.

Жаңа экспозиция біздің өлкеміздің тарихы мен мәдениетін ашады: табиғат залы, экожүйелерді қолдана отырып, ландшафтық көрсету әдісіне сәйкес жасалған; «Табиғи тарих» залы Жердегі өмірдің даму кезеңдерін, ежелгі дәуірдегі өсімдіктер мен жануарлар әлемі туралы материалдарды көрсетеді; «Ұлы Дала өркениеті» залы «Археология», «Орта ғасыр», «Этнография», «Абылай хан» бөлімдері қазақ халқын Көшпелі өркениеттің ұлы өкілі ретінде таныстырады, өйткені Ұлы дала әлемге жылқы шаруашылығы мен салт аттылық мәдениетін сыйлады, мұнда этнос өмірі, оның шаруашылық-мәдени әдет-ғұрыптары, өлке археологиясы мен этнографиясы бойынша үздік коллекциялары ұсынылады, XVIII ғ. Қазақ тарихындағы алтын ғасыр - Абылай хан билігіне арналған экспозиция ерекше орын алады; «XIX ғасырдағы Ақмола өлкесінің тарихы» залы XIX ғасырдағы өлкенің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірін, сондай-ақ Көкшетау және Ақмола қалаларының пайда болуын көрсетеді; «Ақмола облысының XX ғасырдағы тарихы» залы Ақмола облысының тарихында көрініс тапқан жарқын, кейде драмалық оқиғаларға толы XX жүзжылдықтың маңызды тарихи оқиғаларына арналған; және 2018 жылы ашылған «Елбасы және Тәуелсіздік» заманауи тарих залы Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихын, оның жетістіктерін және табысты Қазақстанның құрылуындағы Тұңғыш Президенттің ауқымды тарихи рөлін көрсетеді.

Бүгін, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейі біздің өлкенің мәдени-білім беру орталығына да айналып отыр. Бай қор жинағы жыл сайын жаңа коллекциялармен толықтырылады, және бүгінгі күні ол қор 83 000-нан астам жәдігерден тұрады. Музей қызметкерлері жыл сайын археологиялық-этнографиялық экспедицияларға шығады, көптеген ғылыми жобаларды жүзеге асырады, облысымыздың мәдениет, білім, медицина, спорт салаларының мекемелерімен тығыз байланыста жұмыстар атқарып, жоғары дәрежедегі өңірлік, облыстық деңгейдегі мәдени іс-шаралар өткізеді, және де ұлттық мәдени құндылықтарымызды дәріптеу мақсатында көптеген ауқымды ғылыми жұмыстар жүргізеді. Музейдің  «Музейге  жәдігер сыйла» акциясы арқылы қала мен облыс тұрғындары тарихи маңызы бар заттарды музей қорына тапсырып, өскелең ұрпаққа тарихымызды насихаттауға септігін тигізе алады.

Сондай-ақ, облыстық тарихи-өлкетану музейінің құрамына 7 аудандық музейлер кіреді:

1. Атбасар тарихи-өлкетану музейі

2. І. Есенберлиннің әдеби музейі

3. Маринов тарихи-өлкетану музейі

4. Ерейментау тарихи-өлкетану музейі

5. Степногор тарихи-өлкетану музейі 

6 Щучье тарихи-өлкетану музейі

7. Бурабай кентінің тарихи музейі («Ботай-Бурабай» ашық аспан астындағы музей).

Яғни, музей барлық облыс аумағын толығымен қамтып, олармен жұмыс жасау арқылы облыстық музей мәртебесін дәлелдеп отыр.

Және де, өзге республикалық, халықаралық музейлермен жұмыс атқарады, тәжірибе алмасады. Бүгінде, заманауи талаптарға сай, музейдің жедел ақпарат тарату құралдарына айналған әлеуметтік желілерде жеке парақшалары, туристердің сұранысына ие болған облыстық және аудандық музейлердің арнайы виртуалдық 3D турымен жабдықталған сайты бар.

 

Айгерім АЙДАРБЕКОВА,  экскурсиялық-көпшілік бөлімінің меңгерушісі

3116 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper