Алатау ауданында орналасқан Мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығы 2 залдан тұрады. Орталықтың бірінші экспозициялық залында қазақ халқының ән-күй, ақын-жыраулық өнерінің негізін қалап, бүгінгі биікке жеткізген өнер тұлғаларының музыкалық аспаптары орналасқан. Заманауи мәдени орталыққа келушілер Абай Құнанбайұлының, Жамбыл Жабаевтың, Махамбет Өтемісұлының, Мұрын жыраудың, Дина Нұрпейісованың, Сүгір Әлиұлының, Ахмет Жұбановтың, Дәнеш Рақышевтің, Бөлтірік Атыханұлының, Алтынбек Қоразбаевтың және басқа да қайталанбас тұлғалардың домбыраларын көре алады. Аталмыш экспозициялық залда тұлғалардың өз қолының табы қалған мұралары қалыптасқан ортасына қарай Оңтүстік Қазақстан, Сыр өңірінің дәстүрлі музыка мектебі, Арқа дәстүрлі музыка мектебі, Жетісу дәстүрлі музыка мектебі, Батыс Қазақстан дәстүрлі музыка мектебі деп төрт мектепке бөлінген. Әрине, бұл мәдени орталықтың төрінен орын алған аталмыш аспаптар ұлтымыздың тарихынан сыр шертетін құнды қазынасы екендігі даусыз. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзі орталықтың ашылу салтанатында сыйға тартқан домбырасы мен қазақтың дара күйшісі Дина Нұрпейісованың бюсті заманауи орталықтың көркін кіргізіп тұрғаны анық. Заман талабына жабдықталған аталмыш экспозициялақ залда жеке тұлғалардың мемориалдық экспонаттарынан өзге қазақтың ғасырлардан жеткен музыкалық аспаптары орталықтың тарихи құндылығын арттырып тұр. Шетелдік туристердің қызығушылығын тудыратын нарқобыз, жетіген, дабыл, шың тәрізді көне кезден келе жатқан аспаптар тылсым тарихтың тұңғиығынан сыр шертіп тұрғандай. Келген қонақтар орталықтың бел ортасында орналасқан 3D голограммадан әйгілі ән-күйлер мен жырларды тыңдап, мультимедиялық зал арқылы қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрін видеоконтент арқылы тамашалау мүмкіндігіне ие. Орталықтың екінші мультимедиялық залы заманауи технологиялық құралдар арқылы көріністермен көркемделген, әуендермен әрленген қазақтың сан ғасырлық тағылымды тарихымен таныстырып, тамсандыра түседі. Көрерменнің көз алдында жан бітетін көркем көріністер тарихтың құшағына ендіріп, сан ғасырларға сапар шеккізеді. Айналаңдағы әсем әлем аттың жалында, түйенің қомында жүріп көшпенді ғұмыр кешкен халқымыздың тұрмыс-тіршілігімен, Ұлы даланың өркениетімен таныстырады. Тылсым тарихпен тілдестіретін бұл мультимедиялық залдан көрерменнің кеткісі келмейтіні күмәнсіз. Себебі, залдағы ғажайып көріністер арқылы көрермен көз алдында тарих тірілгендей керемет күй кешеді. Көріністерді әрлеген әуен көңіліңізді теңіздей толқытып, ғасырлар сазын, жылдардың жаңғырығынжан-жүрегіңізге жеткізеді.
Бүгінгі таңда Мультимедиялық орталықта ұлттық мұрамызды ұлықтау, дәстүрімізді дәріптеу мақсатында көптеген ізгі шаралар атқарылады. Елбасынның «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласына орай мәдени орталықта «Атамекен» атты тарихи өлкетану үйірмесі құрылды. Үйірменің негізгі мақсаты – мектеп оқушыларын өз туған жерінің тарихын, мәдениетін, географиялық ерекшеліктері мен халқымыздың тұрмыс-тіршілігін зерттеу арқылы ұлттық рухта тәрбиелеу. Мектеп оқушылары қазақтың тарихы, өнері мен мәдениеті туралы танымын тереңдеткен бұл үйірмеге үйір болып, қуана қатысып жүр.
Сондай-ақ, Мультимедиялық орталықұлттық құндылықтарымыздан рухани нәр беру мақсатында мүмкіндігі шектеулі жандарға айына бір рет «Жүректен жүрекке» атты сауабы мен шарапаты мол ізгі шара ұйымдастыру дәстүрге айналған.
Роза КАЖЕНОВА, Мультимедиялық дәстүрлі музыка
орталығының жетекшісі