Берел қорғандары – Қазақстандағы сақ дәуірі кезеңінің органикалық заттары сақталған жалғыз тарихи ескерткіш. Қорым б.з.б. V-IV ғасырларда салынған. Берел қорымы Бұқтырма өзенінің оң жағалауында Берел ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 7 шақырым жерде, таулы аңғарда орналасқан. Қорымның құрамында 100-ден астам оба бар.
Өткен ғасырдың аяғындағы археологтар ашқан әлемдік деңгейдегі үлкен жаңалықтардың бірі – осы Алтайдағы Берел қорғандары. Берел қорғандарынан табылған археологиялық ескерткіштер, шын мәніндегі, әлемдік үлкен жаңалық, айтулы ғылыми табыс ретінде бағаланды.
Берел қорғандарының аумағында «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2008 жылы 4 шілдеде Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 674 Қаулысымен «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени музей – қорығы құрылған болатын.