Анонс


Саудия ханзадасы «Елбасының кітапханасы» орталығында болды (ФОТО) Таңдаулы

Жұма, 19 Мамыр 2017 03:39
Саудия ханзадасы «Елбасының кітапханасы» орталығында болды (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Сауд Арабиясындағы Король Фейсал атындағы Ислам зерттеу орталығының басқарма төрағасы, ханзада Түрки әл-Фейсал әл-Сауд бастаған делегация өкілдері Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы директорының міндетін атқарушы Махмұт Қасымбековпен кездесті, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты.

Жиын барысында мәртебелі меймандар рухани орданың жұмысына және ғимараттың сәулеттік ерекшелігін қызығушылық білдірді. Махмұт Базарқұлұлы Елбасы кітапханасы бірнеше бағытта кең ауқымды жұмыс жүргізетініне кеңінен тоқталды.

«Елбасы кітапханасы Президенттің идеялары мен бастамаларын елімізде және шет мемлекеттерде ілгерілету, Қазақстанның қалыптасу және даму тарихын зерделеу мақсатында құрылды. Бүгінде мекеме кітапхананың, архивтің, музейдің, талдау, мәдени-білім беру және ғылыми-зерттеу орталығының қызметін атқарады. Елбасы туралы жазған кітабымды араб тіліне аударып, тұсаукесерін өткізгендеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Бүгін елімізге келіп, Сауд Арабиясының Королі Фейсал ибн Абдул-Әзиз әл-Саудтың өмірі мен қызметіне арналған «Әл-Фейсал: Әділдік және батылдық жолы» көрмесін аштыңыз. Бұл еліміз үшін үлкен мәдени оқиға деп есептеймін. Елдер арасындағы  мәдени қарым-қатынастарды өркендетуге күш қосамыз», - деп атап өтті Махмұт Қасымбеков.

Биылғы сәуір айында Эр-Рияд қа­ласында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы мен Король Фейсал атындағы Исламды зерттеу орталығы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум мақұлданды. Оның аясында бірлескен ғылыми жұмыстары қолға алынбақ. Бүгін Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Сауд Арабиясының Королі Фейсал ибн Абдул-Әзиз әл-Саудтың (1906-1975 жж.) өмірі мен қызметіне арналған ашылған көрме – оның бір парасы.

«Король Әл-Фейсал туралы көрмені Астана қаласында өткізу туралы бастамаларыңыз тек мен үшін ғана емес, жалпы Сауд Арабия халқы үшін үлкен қуаныш болды. Екі мемлекеттің халқын сауда-экономикалық қарым-қатынастар ғана емес, рухани құндылықтар да байланыстырады», - деп ханзада Түрки әл-Фейсал әл-Сауд пікірін білдірді. 

Елбасы кітапханасына атбасын бұрған мәртебелі меймандар рухани орданың тарихымен танысып, экспозицияларды аралады. Делегация өкілдеріне Елбасының жоғары марапаттары ұсынылған 3D голограмма, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі мен қызметінен сыр шертетін электронды анимациялық альбом паш етілді. Олар Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа берілген шет мемлекеттердің жоғары наградаларына асқан қызығушылық танытты. Топтамада Ұлыбритания, Жапония, Ресей, Ватикан, Франция, Ауғанстан, Қытай және басқа да елдерден берілген наградалар бар. Еліміздің тарихи куәгеріне айналған аса құнды жәдігерлер мен түпнұсқалық құжаттар да назардан сырт қалмады. Мәртебелі меймандар «Президентке тарту етілген сыйлықтар», «Президенттік» экспозицияларымен және интерактивті білім беру кешенімен танысты.

Елбасы кітапханасының қызметіне жоғары баға берген ханзада Түрки әл-Фейсал әл-Сауд «Тілектер кітабында» жазба қалдырды.

Мәртебелі меймандар үшін Мемлекеттік күзет қызметінің Президенттік оркестрі өнер көрсетті.

11469 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper