«Есік» қорық-музейінде өтетін көрмеде тарихи-мәдени ескерткіштерге, еліміз бен ұлтымыздың атын асқақтатқан адамдардың атымен байланысты ерекше орындарға аса бай Алматы облысының 22 музейі туралы кең мәліметтер беріледі. Бұл музейлер әрқайсысына ерекше көңіл бөліп, жеке-жеке тамашалауға болатындай құнды мәдени орындар болып табылады. Алайда, Алматы облысының аумағы үлкен болғандықтан оларды аралап шығу қиынға соғады. «Алтын адам» табылған орында қоныс тепкен «Есік» қорық-музейінің Алматы облысының музейлерін бір араға жинаудағы мақсаты да Алматы облысы музейлерінің «Алтын картасын» түзу болатын. Көрме экспозициясында ұсынылатын әрбір бұйымда олардың иесінің немесе жинаушысының ерен еңбегі мен даңқты тарихы жатыр. Көрмеде осынау қызықты тарихпен ғана емес, сан түрлі музейлермен де танысып, өзара байланыстағы тарихи-мәдени мұрамыздың сан түрлі қырын танып, олардың ерекшелігін сезіне аласыз. Көрмеге келуші көрермен тарихымыздың алуан түрлі құпиялары жасырынған «сандықшаны» ашып көріп, қазақ жерінің символдары мен сырларына қаныға түседі.
Көрмеге қатысушы 22 музейлердің 18-і М.Тынышпаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы болып табылады. Осы музей қызметкерлері аймақтар мен музейлерді кең түрде таныстыратын анағұрлым бағалы «алтын» бұйымдарды іріктеу жұмыстарында ерекше еңбек сіңірді. Біз «алтын» дегенде сары түсті, қымбат металды емес, осы көрмеде орын алатын әрбір бұйымның тарихи және мәдени құндылығын меңзеп тұрмыз. Міне, сол жәдігерлерден Алматы облысының «Алтын орындарының» картасы жасалып, көрмені тамашалаушыларға осынау «кен орындарын» анықтап, ол жерден өзіне керекті ой мен байланысты табуға мүмкіндік пен құқық беріледі. Отандастарымыз бен ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесінің қонақтары облыстың тарихи-мәдени байлығын бір жерден көруге және аз ғана уақыттың ішінде облыс музейлеренің ең белгілі жәдігерлерімен бір жерден танысуға мүмкіндік алады. Осынау қызықты жәдігерлерді тамашалаушы қонақтардың көкейінде аталмыш музейлерді тамашалап көргісі келетін талап оянбасына кім кепіл? Келуші қонақтар мүмкін көрмеге қойылатын интерактивті картаға өз тілегін де жазып кететін болар.
Туристік бағыттардың бойында орналасқан «Есік» қорық-музейі өз күшімен Алматы облысының тарихи-мәдени құндылықтарын дәріптейтін орталыққа айналып келеді.
Көрменің мақсаты:
1. Алматы облысының тарихи-мәдени ескерткіштеріне деген қызығушылықты жандандыру;
2. Облыстық деңгейдегі музейлік қоғамдастықтың ішкі байланыстарын нығайту.
Осы көрмемен «Есік» Мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі өзінің жаңа туристік маусымын ашады. Көрме 31 наурызда ашылып, қараша айына дейін жұмыс істейді.
Қосымша ақпараттарды «Есік» қорық-музейінен алуға болады. Мекен-жайы: Алматы обл., Еңбекшіқазақ ауданы, Рахат а/о, Алматы-Көкпек-Көктал тас жолы, Есік кіре берісі 6,6 шақырым. «Есік» Мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі.
Тел/ф. 8 727 306 91 30, 8-727-391-34-58 Тел. 8 707 753 7878, 8 777 233 7490
e-mail:issyk@inbox.ru