- Бүгінгі кездесуіміздің басты мақсаты – өздеріңізбен танысу, қандай проблемаларыңыз бар, соны тыңдау және қолдан келгенше көмектесу, бірлесе жұмыс істеу, - деп сөз бастаған облыс әкімінің орынбасары, - облыстың мәдени деңгейін көтеруде сіздердің рольдеріңіз зор және де біз – шенеуніктерден гөрі сіздер халыққа жақынырақ жүресіздер, - деген әзілімен залдағы ширыққан ахуалды біраз сейілтіп тастады.
Ең алдымен Қазақстан Жазушылар одағының Шығыс Қазақстан облыстық бөлімшесінің жуықта сайланған директоры Әлібек Қаңтарбаев алды сөзді.
- Жасаған иеміз астатөк дарынымен қоса ешқандай редакциялауға көнбейтін Мінез бен Қасиеттер берген Қасым Қайсенов, Қалихан Ысқақов, Оралхан Бөкеев, Кәмен Оразалин, Ақтан Нұрбаев, Дидахмет Әшімханұлы, Талаптан Ахметжан, Серік Ғабдоллаұлы, Мүсілім Құмарбеков сияқты бақиға аттанып кеткен қаламгерлер мен бүгінде көзі тірі Медеу Сәрсеке, Ұлықбек Есдәулет, Несіпбек Айытұлы, Әлібек Асқаров, Гүлнар Салықбаева, Тыныштықбек Әбдікәкім, Жанат Әскербекқызы сынды ақын-жазушылардың соңдарынан еріп келе жатқан жас дарындар шұғылалы Шығыс өңірінде бүгін де аз емес. Тек соларға дұрыс бағыт-бағдар беріп, ұясында мейлінше ақсүйектік тәрбие бере алсақ, құба-құп болар еді, - дей келіп, ол облыс әкімі орынбасарын бөлімшенің бүгінгі жағдайынан қысқаша хабардар етіп, лауазымды басшының көмегін қажет ететін бірнеше түйінді мәселелерді ортаға салды.
Жазушылар Одағы бөлімшесі белгілі бір шығармашылық ортаға айналуы үшін оған ең алдымен жұмыс бөлмесі қажет. Бөлме табылса қазір жан-жақта шашырап жүрген «Шабыт» жас ақындар мектебі, «Шығыс толқыны» атты жыр мектебі, айтыс ақындарына, жас прозашыларға, жыршыларға, термешілерге бағыт-бағдар беретін үйірмелер де сол бір жерде бастарын қосып, бірлесе жұмыс істеген болар еді.
Жазушылар Одағы бөлімшесіінің әдеби органы, оқырманмен байланысқа түсірер көпірі болып ондаған жылдар жарық көріп, соңғы жылдары жабылып қалған «Ақ Ертіс» журналын қайтадан шығару үшін әкімдік оны қаржыландырудың жолын табуы керек. Сонымен бірге бұрындары тоқсанына бір мәрте жарық көріп тұрған «Мәдениет жаршысы» журнал-бюллетенін де қайтадан жаңғыртқан абзал. Қоғамдық негіздегі бөлімшенің қолынан келмейтін мұндай ауқымды шаруаларды жолға қою үшін облыстық мәдениет басқармасы тарапынан екі немесе үш ақылы штат бөлінсе құба-құп болар еді.
- Бұрын облыста, мәдениет басқармасының аясында «Мәдени қор» деген мекеме құрылып, жұмыс жасаған еді, - деп Әлібек Қалиұлы кезінде биліктегі жекелеген шенеуніктердің құнтсыздығынан құрып кеткен тағы бір мекемеге тоқталды, - Өзінің штаты, директоры, есепшісі, тағы басқа қызметкерлері болған сол қор арқылы облыста 2005 – 2010 жылдары аралығында 28 автордың, жазушы-ақындарымыздың жинақтары, кітаптары жергілікті баспалардан жарық көрген болатын. Сол мекемені қайта құрса, біраз проблема шешімін тапқан болар еді. Қызмет те, тақ та, бақ та өткінші екендігін неге ойламаймыз? Бізде неге бәрі керісінше? Халыққа, сол халықтың өкілдері – өнер адамдарына неге жағдай туғызбаймыз? Бюджет дегенің сол халықтың маңдай тер, табан ақысынан жиналған қаржы емес пе?!
1999-2000 жылдары бастау алып, қалың қауымның ыстық ықыласына бөленген, алайда бір ғана себептен – облыстың сол кездегі басшылығының енжарлығынан тірлігін тоқтатқан, екі жылда бір өтуге тиіс Оралхан Бөкей атындағы республикалық айтысты, сонымен бірге 2010-2014 жылдар аралығында Шығысымыздың рухани абыройын көтеруге үлесін молынан қосқан «Шығыс шынары» атты республикалық жыр мүшәйрасын да жаңғырту керектігі де айтылды.
Биылғы жыл – Алаш қозғалысының 100 жылдығы. Алаштың тұңғыш астанасы бізде. Ол – Семей. Қазақстанның басқа өңірлері алдымен біздерге қарайды. Сондықтан, біздер жер-жерлерде директива-баяндамалар оқумен, дәстүрге енген, жұртты әбден тойдырып болған бедеу көрмелермен шектелмей, нақты іске көшкеніміз абзал. Ойымыз бен қырымыздағы әлі де болса Алаш қайраткерлерін, жалпы қазақ халқын аяусыз қырған большевиктердің, шовинистердің, марксизм-ленинизм классиктерінің атынан әлі күнге айрылмай келе жатқан жер-су, ауыл-аймақ, көшелердің атауларын көпке созбай қазақшалау керек. Алаштың 100 жылдығы атты қазақ үшін киелі шежірені шын ниетімізбен атап өткізгіміз келсе, ең алдымен ертеңгі ұрпақтарымызға осындай рухани сый жасауымыз керек.
Биылғы жыл – кешегі күңгірт қоғамда осы облыстың бетке ұстар ақындары болған, бүкіл ғұмырларын осы өңірдің руханиятына арнаған марқұмдар Тұрғазы Нұқаевтың, Серік Ғабдоллаұлының 80 жылдығы. Олар көздері тірісінде мерейтой, жеке бастарына қатысты мереке көрмей өткен ардақтыларымыз еді. Соларға облыс деңгейінде үлкен бір шара өткізу керек. Ол шараны туған жерлері Ұлан ауданы мойынымен көтергені дұрыс.
Өткен ғасырдың 30-жылдарынан бастау алған қуғын-сүргін – еліміздің трагедиясы. Мұқым адамзаттың қасіреті, адамзатқа қарсы бағытталған геноцидтің кульминациясы. Бұл төңіректе әңгіме болғанда керемет белсенділік танытамыз. Тек әңгіме жүзінде. Ал, іс жүзінде атқарғандарымыз өте мардымсыз. Егер сол бір қасірет болашақ ұрпаққа таным мен тағылым мектебі болсын десек, Өскемен мен Семейде репрессияға, оның құрбанларына арнап музей ашу қажет. Оның үстіне Семей – Алаштың тұңғыш әрі соңғы астанасы. Облыста ғасырға жуық тарихы бар басылымдар бар, алайда сол баспасөздің кешегісі мен бүгіні жайлы сыр шертетін музей да жоқ.
Келесі кезекте сөз алған Суретшілер одағы Өскемен филиалының төрайымы Яна Шматова қылқалам шеберлерінің Астанада өткізілетін «Экспо-2017» көрмесіне әзірлігінің барысы туралы, Композиторлар одағының мүшесі Светлана Апасова екі жылда бір рет өткізіліп отыратын сазгерлер фестивалінің талап деңгейінде өтуіне кедергі болып жүрген өзекті мәселелер туралы әңгімеледі. Облыстық қазақ драма театрының бас режиссері Сахан Әкелеев қойылымдарды сахнаға шығаруға қаржының аз бөлінетіндігіне, халықтың көңілінен шығатындай жақсы спектакльдер дайындау үшін жақсы пьесалар қажет екендігіне, сондықтан драматургтер арасында шығармашылық бәйге жариялау керектігіне тоқталды.
Бұл келелі бас қосуда сондай-ақ жазушылар Көпен Ерқасов, Тоқтар Мағзұмов, Семейдегі Невзоровтар отбасы атындағы музей мен Шығыс Қазақстан Өнер музейінің директорлары Татьяна Стромская, Нұржази Қалиева, облыстық архивтің директоры Түсіпхан Түсіпбеков, Өнер колледжінің директоры Альмира Дүсіпова, ҚР еңбек сіңірген артисі, әнші Вячеслав Ткач және басқа да өнер майталмандары сөйлеп, өздерінің өзекті ой-пікірлерін ортаға салды. Жиынға қатысып отырған лауазымды басшылар жарыссөзге қатысушылардың кейбір сауалдарына сол арада жауаптар беріп, ұсыныс-пікірлерін жазып алып отырды.
Екі жаққа да пайдалы болған, бірлесе атқарылатын біраз шаруалардың жобасы белгіленген келелі жиынды облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова қорытындылады.
Айтмұхамбет Қасымов,
Қазақстанның Құрметті журналисі