Мемориалдық кешеннің директоры Болат Жүнісбековтің айтуынша, музей қазақтың ұлы ақыны, көрнекті ағартушысы Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығына байланысты тарихи орындарды зерттеуге бағытталған.
Кәрім Мәсімов бірегей мемориалдық кешенінің экспонаттарымен танысты. Музейде туысқандары мен достары арқылы сақталып қалған Абай Құнанбаевтың жеке заттары көрсетілді. Мұнда араб, парсы, түрік, орыс тілінде кітаптары, әр жылдағы фотоқұжаттары, ақынның үш ішекті домбырасы, сирек кездесетін және дәстүрлі тұрмыстық заттары бар. Кешенде келушілерді Абай заманын еске түсіретін түрлі жәдігерлер сақталған. Сонымен қатар, ұлы ақынның Михаэлис, Гросс, Долгополов, Лобановский сынды жер аударылған достарымен түскен фотолары сақталған.
Жалпы ауданы 6 400 га құрайтын қорық аумағында 16 тарихи ескерткіш және тарихи орындар орналасқан. Бұл Семей қаласындағы Абайдың әдеби музейі мен Ахмет Риза медресесі, М.Әуезовтің Бөрілі жеріндегі музейі, Көкбай Жанатаевтың Абай ауданының ауылдық округі Тақыр Көкбай жеріндегі музейі, Шәкір Әбеновтің Абай ауданы Құндызды елді мекеніндегі музейі, Әсет Найманбаевтың Үржар ауданындағы музейі.
Кәрім Мәсімов мемориалды кешенді аралау барысында ауданның қоғам өкілдерімен кездесті. Премьер-Министрмен әңгіме барысында кездесуге қатысушылар Қазақстандағы маңызы зор тарихи-мәдени мұра нысандарын дамыту және сақтау туралы мәселені қозғады. ҚР Премьер-Министрінің алдында Абайдың ұрпағы Б. Манатай, Абай ауданының спорт ардагері М. Мұқанов, Абай ауданының Құрметті азаматы А. Төлеубек, оқушы-олимпиадалардың жеңімпазы Д. Уәлибеков сөз сөйледі. Жолсыздық, Абай мавзолейін және Семей әуежайын жөндеу мәселелері көтерілді.