Айдос силиконнан мүсін жасауды өздігінше үйренген екен. Өнердің бұл түрімен 5 жыл бұрын айналыса бастаған.
«Мүсін жасау өнерімен шамамен 2010 жылдан айналыса бастадым, - деді Айдос. - Сол кезде Барак Обама АҚШ президенті атанып, мадам Тюссо музейінде оның балауыздан жасалған мүсіні пайда болды. Сол кезде біздің Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың мүсінін жасау ойға келді. Сонымен қатар, оның 70 жылдық мерейтойына арнап тосын сый жасағым келді. Біздің Қазақстанда да мұндай өнер бар екенін көрсеткім келді. Кейін бірнеше рет көрмелерге қатыстым. Адамдар Путин, Обаманың мүсінін жасауды ұсынды»,- дейді ол.
Осылайша Барак Обаманың мүсінін жасады. Бұл жұмысқа 1 жылға жуық уақыт кетті. Енді мүсінші орта салмақтағы әлем чемпионы, боксшы Геннадий Головкиннің мүсінін жасауға ниетті. Бұл үшін тиісті материалдарды да сатып алған.
Арқалықтан 30 шақырым жердегі Ашутасты ауылында тұратын Айдос тапсырыс бойынша портреттер мен суреттер салады.
«Негізгі технологияларды мадам Тюссо музейінің видеороликтерінен, сонымен қатар мүсіндердің қандай материалдардан жасалғаны туралы мақалалардан үйрендім», - деді А.Есмағамбетов.
Айдос жұмыстары үшін материалдарды Америкадан интернет-магазиндер арқылы тапсырыс беріп алады. Мүсіндеріне шаш жасау үшін синтетикалық париктерді пайдаланады, алайда алдағы уақытта табиғи шашты қолдануды көздеп отыр.
Айдостың сөзіне қарағанда, бір мүсін үшін шамамен 200 мың теңге жұмсалады. Екі компонентті силикон құны (көлеміне байланысты) 80-90 мың теңгені құрайды. Еуропада бұндай мүсіндерді 150-500 мың долларға сатылады.
«Өнердің бұл түрі мені шабыттандырады. Алдағы уақытта ол Қазақстанда да дамыса екен деймін. Астанада өз студиямды ашқым келеді, өзгелерді де өнердің бұл түріне үйретуді қалаймын, - деді ол. - Әзірге жұмыстарымды үйде сақтаймын. Шеберханам, музей болғанын қалаймын, әрине», - дейді Айдос.
Сонымен қатар, дарынды жігіт грим жасаумен, видео түсірумен айналысады.
Осылайша, оны зомбилер туралы «Селфи с мертвецами» атты қазақстандық көркем фильмге грим жасаушы ретінде қатысуға шақырды.