- Екі мәдениет нысаны төңірегіндегі жағдайды зерттедім. 800 мың теңге және 1,5 миллион теңге үнемдейміз деп, шу шықты. Аталмыш музейлерді біріктірудің қажеті жоқ. Бұдан да маңызды істер көп. Наум Шафердің бірегей күйтабақтар коллекциясы -павлодарлықтар үшін қымбат дүние. Павел Васильевтің мұрасы – рухани байлығымыз. Қалыптасқан мәдени ортада өзгерістер енгізу керек емес, - дейді Қ. Бозымбаев.
Еске сала кетсек, жуырда Павлодар облысында бірегей музейлер Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің құрамына енгізіледі деген шешім қабылданған еді. 21-қазанда өңірдегі мәдениет, құжаттама және мұрағаттар басқармасының басшысы Айнұр Сәрсенбаева баспасөз мәслихаты кезінде 13 музейдің біріктірілуі нәтижесінде төрт нысанның қалатыны туралы айтқан. Ведомство басшысының сөзіне сенсек, мамандарды қысқарту орын алмайды, ал біріктірілген музейлердің директорлары құрылымдық бөлімшелердің меңгерушілері қызметін атқарады.
- Жаңа жылдан бастап жалақы көлемі артады. Директор қызметіндегі маман 102 мың теңге алар еді, ал меңгеруші болғанда жалақы 96 мың 626 мың теңгені құрайды, - дейді А. Сәрсенбаева.
Ведомствоның мәліметінше, біріктіру нәтижесінде облыстық бюджеттің 10 млн теңгесі үнемделмек. Бүгінде аймақтың музейлерінде 229 маман еңбек етеді. Қызметкерлердің орташа жалақысы – 51 мың теңге. Облыс бойынша музейлерді қаржыландырудың жылдың көлемі 225, 7 млн теңгені құрайды.
Hаум Шаферді білмейтіндер кемде-кем. Жұртшылыққа Нами Гитин есімімен таныс ол - әлемдегі ең ірі күйтабақ музейінің негізін қалаушы, музыкатанушы, әдебиеттанушы. Наум Григорьевичтің бала кезінен жинақтап, көзінің қарашығындай сақтаған күйтабақтары бүгінде тұтас музейге айналған. Павлодардағы Н.Шафердің музей-үйіне бас сұқсаңыз, әлемдегі бес құрлық халықтарының музыка қорын көрер едіңіз. Мұнда 27 мың патефон пластинкасы, магнитофон жазбаларының 1500 данасы және 1500 аудиокассета сақталған.
Ержан Балтабаев