«Біз тарихты тануды өзімізден бастауымыз керек. Ол үшін түрлі идеологиялық жұмыстарды қолға алған жөн. Мысалы, Астананың көшелеріне атау берген уақытта идеяларды Елбасының өзі айтты. Басты көшелерімізге Қазақстанның бұрынғы астаналарының атын қойған кезде жастардың тарихқа деген қызығушылығын арттыруды ойладық. Сарайшық, Түркістан, Ақмешіт тәрізді көшелерден өткен адам сол қалаларды көруге асықсын дедік. Енді осы қалалардың тарихын жастарға насихаттауды жүзеге асыратын Білім және ғылым министрлігі екені белгілі. Ақмешіт пен Сарайшыққа, Түркістанға апара алмасаңыз онда музейге алып келіңіздер. Өркениетті елдерде іссапарға барғанымызда бізді ең бірінші музейлеріне алып барады. Осыдан-ақ біраз нәрсені түсінуге болады. Мектеп оқушыларынан бастап министрліктегі қызметкерлерді музейге апарып үйрету керек. Түрлі шаралар өткізіп, бұрынғы астаналарымызға саяхаттар жасатуымыз қажет. Бұл патриоттық тәрбиенің төте жолы. Музейге келсеңіз барлығын көре аласыздар. Оқулық немесе өзге құралдың керегі жоқ, мына жерде бәрі сайрап тұр. Министрлікте музейдегі жәдігерлердің атын білмейтін қызметкерлер бар. Соларға осындай музейлерімізді көрсету керек», - деді депутат О.Асанғазы.
Білім және ғылым министрлігіне қарата айтқан пікірінде О.Асанғазы өз немерелеріне беріп отырған тәжірибесімен де бөлісті.
«Мен балаларыма Мәскеудегі Кремль жайлы айтқанда «мұндай кремльді әуелі сенің бабаларың Сарайшықта салған. Соны осы көршілеріміз көшіріп өздеріне салды» деп айтамын. Осындай тәрбие беруіміз үшін Сарайшықты сақтап қалуымыз керек», - деді ол.
Тәрбие берудің тетіктерін атаған депутат жұмыс істеу кезінде кімнен үлгі алу керек екендігіне де тоқталып өтті.
«Біз Елбасымыздан үлгі алуымыз керек. Кешегі сайлаудан соң Елбасымыз қаншама жиын, отырыс өткізді. Алдымыздағы осындай тұлғаны флагман етуге тиіспіз. Вице-министр, Сіз осыны ескеріңіз. Бізге шаршауға болмайды. Осы қызметте отырған соң Сізге 24 сағаттың өзі аздық етуі тиіс», - О.Асанғазы.
Нұрсерік ЖОЛБАРЫС,
Ғабит МАДАЛИЕВ (фото).
Дереккөзі: BAQ.KZ