Анонс


Таңбалы технологиясына таңданыс артты

Сейсенбі, 26 Қазан 2021 20:43
Таңбалы технологиясына  таңданыс артты KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстан Республикасы  Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында   «Таңбалы» мемлекеттік тарихи – мәдени және  табиғи музей-қорығының сапар орталығында «Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасы: зерделеу, түсіндіру және сақтау мәселелері» атты халықаралық ғылыми – тәжірибелік  конференциясы өтті. Конференцияға Әзірбайжанның, Түркияның және Қазақстанның белгілі археолог ғалымдары қатысып, жартас өнерін сақтау мен консервациялау тақырыбындағы құнды пікірлерін ортаға салды. 

Танымдық іс-шара Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде Гобустан мемлекеттік тарихи - көркем музей-қорығы мен «Таңбалы» мемлекеттік тарихи- мәдени және табиғи музей-қорығымен бірлескен көрмесінен басталып, келесі күні ашық аспан астындағы «Таңбалы» музей-қорығының сапар орталығындағы халықаралық ғылыми- тәжірибелік конференциямен  жалғасты. Конференцияның негізгі мақсаты  әлемнің мәдени мұра жауһары саналатын  Гобустанның жартас суреттері  мен «Таңбалының» жартас өнері ерекшеліктері мен ұқсастықтарын айқындап, сақтау мен консервациялауды талдау және екі ел арасындағы мәдени – ынтымақтастық қарым-қатынас негізінде тәжірибе алмасу, сонымен қатар республикамызға белгілі археологтар мен зерттеушілердің пікірін ортаға сала отырып, музейдің ғылыми-зерттеу саласын жандандыру болды.

 Конференцияда   Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, жалпы ұлттық  тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының иегері, Неміс археология институтының корреспондент мүшесі З. Самашев, тарих ғылымдарының докторы,  профессор, белгілі  археолог Ж.Таймағанбетов, Қазақстан Республикасының  Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі, суретші-қалпына келтіруші, «Остров-Крым»  ғылыми –зерттеу    зертханасының басшысы Қ. Алтынбеков,  Анкара  қаласындағы Қажы Байрам Вели университеті,  археология  бөлімінің  Рhd доценті    Атакан Акчай, аталған университеттің түркі фольклоры бөлімінің  Рhd  доценті  Еврим Олчер, Гобустан мемлекеттік тарихи - көркем қорық мұражайының директоры  Вугар  Исаев, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің  тарих, археология және этнология факультетінің деканы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент   М.Ноғайбаева және    Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің  тарих, археология және этнология факультетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы  М.Елеуов баяндама жасады.

Жиында Әзірбайжандық және Түркиялық  әріптестер «Остров-Крым»  ғылыми –зерттеу    зертханасының  «Таңбалы»  жартас суреттерін қалпына келтіру мен сақтау технологиясын жоғары бағалады. Болашақта «Таңбалы» қорық- музейімен тығыз байланыс орната отырып,  жартас өнерін қалпына келтіру мен сақтау шаралары бойынша   тәжірибе  алмасуға  ұсыныс білдірді.

Осылайша,  Гобустан мемлекеттік тарихи - көркем музей-қорығы мен «Таңбалы» мемлекеттік  тарихи- мәдени және табиғи музей-қорығы арасында тәжірибе алмасу мақсатындағы  екі жақты меморандумға қол қойылды.  Бұл  - болашақта «Таңбалы» музей-қорығындағы жартас өнерін әлемдік деңгейде одан әрі кеңінен насихаттауға және еліміздің туризм саласының дамуына ықпал ететін танымдық шара және де музей тарихында қалатын үлкен жетістіктердің бірі деп білеміз.

 

Мадияр   ӘМІРҒАЛИЕВ, «Таңбалы» мемлекеттік тарихи–мәдени және музей-қорығының директоры

 

1625 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper