Анонс


Алмаз НҰРАЗХАН: Ұлттық музейдің алғашқы белесі табысты болды Таңдаулы

Сейсенбі, 17 Қыркүйек 2019 15:59
Алмаз НҰРАЗХАН: Ұлттық музейдің алғашқы белесі табысты болды KAZMUSEUM.KZ -  

Орта Азиядағы ең үлкен, көлемі жағынан әлемде алғашқы қатардан көрінетін ҚР Ұлттық музейінің құрылғанына биыл 5 жыл толды. Беделі мен мазмұны жағынан күн сайын толысып келе жатқан музейдің аз уақыттың ішінде атқарған айтарлықтай ісі бар. Мерейлі датаға орай таяуда ғана Ұлттық музей директорының орынбасары болып тағайындалған Алмас Нұразхан мырзамен сұхбаттасқан едік.

- Алмаз Шайкенұлы, мемлекеттік қызметтен шығармашылыққа қайта бет бұрдыңыз. Музей саласы, оның ішінде Ұлттық музейдің қызметі сізге жақсы таныс. Ұжымның басшылық құрамы да біршама жаңарды. Жаңа жұмысты неден бастадыңыздар?

- Иә, музей саласы мен үшін таңсық емес. Өмірімнің 30 жылдан аса уақытын мәдениет пен өнерге арнасам, оның ішінде музей саласының алар орны ерекше. Өзіңіз білесіз, әр жылдары музей саласында басшылық қызметтерді атқардым. Жаңа өзіңіз меңзегендей, мемлекеттік қызметте болып, Мәдениет және спорт министрлігінде Мәдениет және өнер істері департаментін басқардым. Осы жылдары музей ісі деген киелі мамандықтың қыр-сырына қанық болдым десем артық айтпаған болар едім.  

Жұмыс барысына келсек, алдымен жұмысты жалпы жоспарлаудан бастадық. Оның ішінде, ұйымдастырылатын іс-шаралар, залдардың реэкспозициясы, залдардың атауын өзгерту, музейдің сайтын жаңғырту секілді кезек күттірмейтін өзекті мәселелердің жоспары әзірленді. Жоспарланған кез-келген шараның сандық, сапалық, көлемдік көрсеткіштеріне аса мән берілді. Мәселен, Ұлттық музей ұйымдастыратын іс-шаралардың санын ғана арттырып қоймай, оның сапасы, яғни инклюзивтілігі, әлеуметтік бағдарлануы, инновациялығы, креативтілігі сияқты көрсеткіштері ескерілді. Демек, шаралардың әлеуметтік, мәдени, экономикалық, әлеуеттік басымдықтары назарға алынды. Айта кету керек, бір шара әлеуметтік бағдарлануымен басым болса («Мейірім» жобасы),  екіншісі экономикалық тиімділігімен (Солтүстік Батыс Политехникалық Университет және ҚР Ұлттық музейі арасындағы «Мәдени мұраны сақтау және ғылыми зерттеу зертханасын құру туралы» бірлескен келісімі), үшіншісі инновациялығымен (экспонаттарды 3D форматқа көшіру) ерекше. Сонымен қатар, шараның көлеміне, яғни халықаралық, республикалық, өңірлік, музейішілік, деңгейіне де назар аудардық.

Бүгінгі таңда аудиториямен байланыс орнатуға қол жеткізудің бірден бір тиімді жолы PR екенін өзіңіз жақсы білесіз. Осы орайда музейдің сайтына ерекше көңіл бөлінуі тиіс. Қазіргі уақытта музей сайтын жаңарту жұмыстарын қолға алдық. Алдағы уақытта музей сайты көрермендерге БҰҰ-ның алты тілінде ақпарат ұсынатын болады. Ақпараттық блокпен қатар, көрермен назарына залдар бойынша 3 D тур, экспонаттар бойынша 3 D анимация және т.б. жаңалықтар ұсынылмақ.

Ұлттық музей биыл 5 жылдығын атап өтеді. Осы бесжылдықты қалай түйіндемекшісіздер? Музей қандай да бір белеске жетті деп санайсыз ба?

- Әрине, бүгінгі таңда музей бір белесті бағындырды деп сенімді  түрде айта аламын. Біріншіден, музейдің ішкі қызметі жүйеленді. Яғни, экспозициялық және көрме, ғылыми, зерттеу және методикалық, қор және қалпына  келтіру, мәдени-білім беру және экскурсиялық қызметтер жолға қойылды. Бұл барлық музейдің ең бастапқы және негізгі миссиясы. Екіншіден, Ұлттық музей халықаралық мәдени кеңістікке енді. Яғни, халықаралық аренада өзіндік бейнесін қалыптастырып, әлемдік деңгейдегі көрмелерге есігін айқара ашты. Соңғы жылдары біздің тарихи-мәдени мұраларымыз әлемнің жетекші музейлерінде шетелдік көрермен назарына ұсынылып жүргені өзіңізге белгілі. Осы тұрғыдан алғанда бұл айтылғандарға кешегі Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы, ЭКСПО-2017, Нұр-Сұлтан қаласының 20 жылдығы және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып жатқан іс-шаралар дәлел бола алады. Сондай-ақ, ауданы бойынша Ұлттық музейдің Ресейдегі Эрмитаж және Третьяков галереясы, Франциядағы Лувр және Шығыс өнерінің Ұлттық музейі (Гиме музейі), Нидерландыдағы Рейксмюзеум, Кореяның Ұлттық музейі, АҚШ-тың Метрополитені сияқты әлемнің ең ірі музейлерінің ондығына кіретінін де айта кеткен жөн. Үшіншіден, музейдің қоғамдық және қайырымдылық, ақпараттық және иммидждік бағыттары қалыптастырылды.

Жалпы алғанда, музейдің 5 жылғы жеткен жетістіктерін бір ғана сұхбатқа сыйғызу мүмкін емес. Себебі, жыл сайынғы музейдің есептері бір томдыққа сыймай қалып жатады. Егер кеңінен тарқатар болсақ, 5 томдыққа тоқталу керек болады.

Ал, бесжылдықты түйіндеу жөніндегі сұрағыңызға келсек, осы жылғы қазан айының 3-4 күндері Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен қазақстандық өлкетанушылардың «Туған жер» қоғамдық бірлестігімен бірлесіп, Ұлттық музейдің 5 жылдығына орай ғылыми конференция ұйымдастырмақпыз. Конференция аясында бес жылдыққа арналған көрме, ресми қабылдау және т.б. сияқты шаралар өтеді. Конференцияға шетелдік әріптестеріміз, елімізге танымал ғылыми және шығармашылық интеллигенция өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері және т.б. қатысатын болады.

Сонымен қатар, музейдің бес жылдық жұмысын түйіндеп, оны халыққа ұсыну мақсатында «Ұлттық музейге 5 жыл» фотоальбомы жарияланбақ. Бұған қоса, музейде жарық көретін Мәдени мұра журналының кезекті сандарында музей ашылғалы ұйымның дамуына қызмет етіп келе жатқан елімізге танымал зергер Б.Әлібай, археолог Ж.Таймағамбетов, антрополог О.Смағұлов секілді танымал тұлғалармен қатар жас мамандарымыз туралы материалдар ұсынбақпыз.

Сондай-ақ, Тарих және этнография залдарына реэкспозиция жасау көзделіп отыр. Тарих залында «Қазақ хандығы», «Қазақ-жоңғар қатынастары», «Қазақ батырлары институты», «Билер институты»  тақырыптары бойынша экспозиция хронологиялық принциптермен, жаңа дизайндық шешімдермен қайта жасақталатын болады. 

Этнография залы бойынша залды кеңейтуге  байланысты «Қазақтың дәстүрлі мәдениеті» залын ашу қажеттілігі туындады.

Тамаша! Бұл көптен күткен зал еді...

- Иә, бұл зал қордағы зергерлік және тұрмыстық бұйымдарға іріктеу жұмыстары жүргізіліп, залға қатысты құнды экспонаттар қордан шығарылып қайта жабдықталды. Алдағы уақытта Этнография залы бойынша қазақ халқының бай дәстүрлі мәдениетін көрсету үшін ауқымды жұмыстар атқарылатын болады. Нәтижесінде залдардың эстетикалық бейнесі өзгереді, тарихи процесстердің байланысын толық ашып көрсетуге мүмкіндік туады. Сонымен қатар болашақта «Қазақ мемлекеттілігінің тарихы», «Алтын тақ» залдарын ашу жоспарда бар. Музей көрермендері бес жыл бойы бір экспозицияны тамашалап келді. Ендігі мақсатымыз - оларды мүмкіндігінше реэкспозиция арқылы жаңа эстетикалық шешімде ұсыну.

- Ұлттық музейдің Қазақстан тарихын насихаттаудағы үлесіне куәміз. Ал, Қазақстанның музей ісінің дамуына қосқан үлесіне тоқталып өтсеңіз.

- Бірінші кезекте, Ұлттық музейдің еліміздің бас музейі ретінде музей мамандары жиналып, музей ісіне қатысты өзекті мәселелерді талдайтын, талқылайтын, өзара пікір және тәжірибе алмасатын орталыққа айналып үлгергенін айтқым келеді. Мәселен соңғы екі жылда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен өткен «Рухани қазына» фестивалі жоғарыда айтқанымның дәлелі. Фестиваль аясында Ұлттық музейдің қабырғасында ауқымды шаралар, оның ішінде музейлер, музей мамандары арасындағы мықтыны анықтауды көздеген байқау, семинарлар, шеберлік сабақтар өтіп, музей қызметкерлерінің біліктілігінің артуына, өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік берілді. Оған жыл сайын өзіңіз де қатысып, музей мамандарына семинар-тренинг өткізіп, тәжірибеңізбен бөлісіп жүрсіз.

Сонымен қатар, Ұлттық музейде жүзеге асырылған «Ғасырлар қойнауынан сыр шерткен Қазақстан» жобасын ерекше атап өткім келеді. Бұл жоба аясында еліміздің барлық облыстары Ұлттық музейде облыстық көрмелерін ұйымдастырса, өз кезегінде Ұлттық музей де көшпелі көрмесімен өңірлерді аралады. Нәтижесінде музейлер арасында тығыз қарым-қатынас орнап, өзара тәжірибе алмасты. Осы орайда келесі мәселені де атап өткен жөн. Қазақстан музейлері өзара қарым-қатынас деңгейінде қалып қоймауы керек. Халықаралық музейлермен де ынтымақтастықты жетілдіруіміз қажет. Осы тұста Ұлттық музей өзінің миссиясын жете түсініп, қазіргі уақытта Халықаралық музейлер кеңесінің Қазақстан комитетін қайта құруды қолға алды. Халықаралық музейлер кеңесінің Қазақстан комитетін қайта құрып алғаннан кейін міндетте түрде ICOM мүшелігіне өтетін болады. Бұл жөнінде Алматыдағы ЮНЕСКО Кластерлік Бюросының директоры, Қазақстан, Тәжікстан және Қырғызстан мемлекеттеріндегі ЮНЕСКО өкілі Криста Пиккат ханымға тиісті хат та жолдадық. 1946 жылы негізі қаланған ICOM-ның 140 елден 40 000 мүшесі бар. Айта кету керек, Ұлттық музей ICOM мүшелігіне өзі ғана өтсе де болар еді. Біздің көздегеніміз халықаралық мәдени кеңістікке өңірлік музейлерді де тарту. Осылайша, Қазақстан музейлерінің кәсіби дамуына жаһандық желі және ынтымақтастық бағдарламалары арқылы қол жеткізуіне ықпал ету болып табылады.

ICOM-ның Қазақстан комитетінің жұмысын қайта қолға алу - әрине құптарлық іс. Осы жерде тағы бір сұрақ туындайды. Комитетке мүшелікке өту үшін бұрынғыдай музейлер атынан тіркеле ме, әлде музейдегі әрбір маман жеке-жеке мүшелікке өте ме?

-  Тәжірибеде сіз айтқан соңғы нұсқасы көп қолданылады. Сондықтан біз  ICOM-ға музейлерді де, музей мамандарын да жеке-жеке мүшелікке қабылдағанды жөн санаймыз. Бұл - музей мамандарына көп мүмкіндік беретін қадам.

Алдыңғы сұрағымызға қайта оралсақ. Қазақстанның музей ісінің дамуында Ұлттық музейдің қосқан үлесі туралы атап өтсеңіз.

- Музей ісіндегі келесі бір өзекті мәселе Мемлекеттік музей қоры каталогы мен Ұлттық мәдени игілік объектілерінің тізілімін жүргізу екенін жақсы білесіз. Жасыратыны жоқ, елімізде қоры бойынша каталогы жоқ музейлер де кездеседі. Ал Қазақстанның мемлекеттік музей қоры шамамен 2,5 млн. экспонат екенін ескерсек, Мемлекеттік музей қорының каталогын әзірлеу және оны жүргізудің оңай шаруа емес екенін түсініп отырған боларсыз.

Бұл мәселе 25 жыл бойы қолға алынуы тиіс өзекті сұрақтардың бірі болып келді. 2015 жылы нормативтік құқықтық актілер бекітіліп, аталған каталог пен тізілімді жүргізу Ұлттық музейдің еншісіне бұйырды да, музейге үлкен жауапкершілік артылды. Ендігі жерде тек Ұлттық музейдің ғана емес, Қазақстанның мемлекеттік музей қорына енгізілген әрбір экспонаттың немесе ұлттық мәдени игілік мәртебесі берілген ескерткіштің мемлекеттік мүлік ретінде сұрауы болады және қатаң бақылауға алынады. Әрине, бұл бағытта жұмыс жүріп жатқанымен әлі де қыруар еңбек талап етіледі. Алдағы мақсат - каталог пен тізілімді цифрлық форматта жүргізу. Мұның уақыт пен қаржыны талап ететіні сөзсіз. Дегенмен де бүгінгі күні қол жеткізген жетістіктер де аз емес. Бастысы дұрыс жолдамыз.

Еліміздің музей ісінің дамуына қосқан тағы бір үлес ретінде өткен жылы жарық көрген «Қазақстан музейлері» атты анықтама кітапты айтар едім. Барлық облыстық және аудандық музейлер туралы үш тілде ақпарат пен байланыс мәліметтері енгізілген анықтама еліміздің мәдени мекемелері мен ұйымдары көптен күткен дүние еді. Бұл анықтаманы өте маңызды және құнды еңбек деп есептеймін.

Айта берсек музей ісінің дамуына қосқан үлесіміз жетерлік, бірақ біз өзімізге сын көзбен қарағанды жөн санайтын ұйымбыз. Жоғарыда айтылғандар «теңіздің тамшысындай» дүниелер. Сондықтан бергенінен береріміз, қосқанымыздан қосарымыз әлі алда.

Әлемдік қауымдастық музейді "тарихпен, өткенімізбен танысатын орын" деген шектеулі түсініктен бас тарта бастады. Бұл музей саласында жаңа функцияның пайда болғанын көрсетеді. Осы ретте Ұлттық музей өзіне қандай функцияларды жүктей алды?

- Бүгінде музей – музей заттары мен музей коллекцияларын сақтау қоймасы ғана емес! Музей саласында жүрген соң, музей ісіндегі халықаралық тәжірибені зерделеп отырамын. Іссапармен шыққанда да барған елдің музейлеріндегі жаңашылдықпен танысуға тырысамын. Осы ретте мына бір әңгімені айта кеткім келіп отыр. 2011 жылы Нью-Йорктің Заманауи өнер музейі келушілерге ойын ұсынып, карточка таратады. Ойынның шарты карточкадағы «Мен музейге келдім және...» деген жазбаны музейден алған әсері арқылы толтыру болатын. 9 жасар Аннабельдің жазбасы музей басшылығын есеңгіретіп тастайды. Карточкада «Менің көңілім қатты қалды. Мен динозаврды таппадым. Гардероб, екі фонтан мен қоқыс жәшігінен өзгені көрмедім. Сендерді де музей дейді-ау» деп жазылған екен. Бұл оқиға сол музейде динозавр мүсіншелері дүкенінің ашылуына түрткі болыпты. Менің айтайын дегенім, ұлтына, жынысына қарамастан еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін нарық тілімен айтқанда Ұлттық музей қызметін тұтынушылар. Біз әр тұтынушының сұранысын, қажеттілігін қанағаттандыра отырып, тиісті деңгейде қызмет ұсынуға тиіспіз. Сол себепті, Ұлттық музейдің көздегені әрбір музей қонағының қажеттілігін қанағаттандыру, олардың сұранысына қарай қызмет көрсету. Статистикаға көз жүгіртсек, уақытша көрмені негізінен «қайта келген аудитория» тамашалайды екен. Егер музей табалдырығын алғаш рет атап отырған бір келушіден айырылса – ол көп келушіден айырылды деген сөз. Менің айтқым келіп отырғаны Ұлттық музей қазіргі уақытта дәстүрлі функцияларды қоспағанда  коммуникативтік функцияға баса назар аударады.

Тағы бір мәлімет айта кетейін. Еуропа музейлері арасында музейлерге кірер алдында келушілерге «не үшін келдіңіз?» деген сұрақтар қойылыпты. Алынған жауаптарға жасалған анализ нәтижесі музейге келуге түрткі болған 4 мотивацияны анықтаған. Олар 1) әлеуметтік – жарнама, сән және берілген кеңестің ықпалы,  2) интеллектуалдық – мәдени деңгейді көтеру үшін, 3) эмоционалдық – жаңа эмоцияны сезіну үшін, 4) рухани, яғни тазару, музейдің киесін сезіну үшін. Пайызбен есептегенде:

әлеуметтік – 41%

интеллектуалдық – 43%

эмоционалдық -10%

рухани – 6% құраған. Енді музейден шыққаннан кейінгі жауаптарға назар аударыңыз:

әлеуметтік – 8%

интеллектуалдық – 32%

эмоционалдық - 41%

рухани – 19%.

Бұл Еуропа тәжірибесі деуіңіз мүмкін. Мен мұны жаһандану процесінде өмір сүріп отырған қоғамның, жасампаз жастардың сұранысы дер едім. Себебі қазір көпшілік, әсіресе жастар өте сауатты, технологияны меңгерген. Сондықтан ескі сарындағы экскурсиямен оларды таңғалдыра алмайсыз. Жоғарыда келтірілген пайыздар адамдардың музейге кірерде музей жарнамасы мен эмоция алу үшін келетінін аңғартса, шыққанда интеллектуалдық білім мен эмоцияны бағалағандығын көрсетіп отыр. Осы ретте, Ұлттық музей өзіне рекреациялық-білім беру функциясын жүктеп отыр. Демек, музейге келуші күнделікті күйбең тірліктен арылып демалады, эстетикалық ләззат алады, әрі білім алып, тұлға ретінде рухани потенциалын арттырады және шығармашылық шабыт алып эмоцияға бөленіп қайтады. Халықаралық тәжірибеде рекреациялық-білім беру функциясы көбіне музей қабырғасында әртүрлі кештер, перфоманс, тарихи реконструкция, квест ойындары, диалог алаңдары, театрланған  экскурсиялар, тіпті туған күн, үйлену тойларын өткізу арқылы көрініс тауып отыр. Өз кезегінде Ұлттық музей туған күн, үйлену тойларын өткізбесе де (күлді), аталған шаралардың барлығын өткізіп тұрады. Ұлттық музей көздеген тағы бір функция – әрине, ұсынған қызметіне сай табыс табу, яғни экономикалық функция.

-Ұлттық музейдің жарнамасы, насихаты жақсы екенін білеміз. Осының да әсері болар, музей залдарының бос болғанын байқамаппыз. Келушілердің ішіндегі негізгі қонақтарыңыз кімдер?

- Музейге келетін қонақтарымызды санаты бойынша 1) 7 жасқа дейінгі балалар, 2) оқушылар, 3) балалар үйінің тәрбиеленушілері, 4) студенттер, 5) әскери қызметкерлер (әскери мектеп интернаттарының оқушылары, әскери ЖОО студенттері), 6) мүмкіндігі шектеулі тұлғалар, 7) ересектер, 8) зейнеткерлер, 9) шетелдіктер деп бөлінуге болады. Осы санаттағы бірінші бестікті шартты түрде жастар деп алып, оған ересектер санатындағы 35 жасқа дейінгілерді қоссақ, онда  ересектерге қарағанда музейге келетін жастар жағы басымырақ деп айта аламын. Ал жалпы айтар болсам музейге келетін ересектер мен жастардың арақатынасы шамалас. Сонымен қатар, музейге ресми делегациялар да ат басын бұрып отырады. Бір қуантарлығы шетелдік туристер саны жыл сайын артып отыр. Мәселен, 2014 жылы 8 374, 2015 жылы 9 651, 2016 жылы 16 739, 2017 жылы 37 325, 2018 жылы 21 547 турист музейіміздің қонағы болыпты.

Осы уақыт аралығында музейде өткен ең таңдаулы үш көрмені атай аласыз ба?

- Ұлттық музей үшін музей қабырғасында өтетін барлық көрмелер маңызды және әрқайсысының өз орны бар. Сол үш көрмені таңдау мен үшін қиынға соғады. Рұқсат болса, үш отандық, үш халықаралық көрмені атайын.

Бірінші Ұлттық музей қорынан ұйымдастырылған «Қазағымның үнісің сен - Домбыра» көрмесі. Көрме 2018 жылы 1 шілдеде Ұлттық Домбыра күніне арналған еді. Қадыр Мырза-Әлі ағамыз айтқандай «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра». Домбыра қазақтан бұрын пайда болған. Гиннестің рекордтар кітабына енген. Бабаларымыз домбыраның үнімен қуанышымен бөліскен, қайғылы жағдайды естірткен. Көрменің музей қорынан ұйымдастырылғаны және онда Кенен Әзербаев, Әзілхан Нұршайықов, Жүсіпбек Елебеков, Әсия Беркенова сынды өнер майталмандарының домбыралары ұсынылуы шараның маңыздылығын арттыра түседі.

Екінші ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында ұйымдастырылған танымал суретші Ерболат Төлепбайдың «Бес күн» көрмесін атар едім. Фовист ағымының лидері Анри Матисс деген француздық суретші және скульптор бар. Мен Ерекеңнің стилін сол Анри Матисстің стиліне ұқсатам. Екеуі де эмоцияны түс пен форма арқылы береді. Бір қызығы Анри Матисс сурет салуды 20 жасында бастаған адам. 20 жасында аппендицитке шалдығып ауруханаға түскеннен кейін анасы оған сурет салатын құралдар алып келеді. Осыдан бастап ол сурет өнеріне ғашық болып, бар ғұмырын осы өнерге арнайды. Ал Ерболат Төлепбайдың стилі Ари Матисске ұқсағанымен онда еуропалық және азиялық дүниенің үйлесімділігін, оның арасынан менмұндалайтын ұлттық нақыштарымызды да көруге болады. Суретшінің туындылары көпмағыналығымен және философиялық ерекшелігімен құнды.

Осы үштікті қазақстандық гобелен өнерінің негізін салушылардың бірі, белгілі суретші Бәтима Зәуірбекованың «Ұлы дала өрнектері» көрмесімен түйіндер едім. «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесінің аясында ашылған бұл көрмеде сөз алған сол кездегі Мәдениет және спорт министрі, Ұлттық музейіміздің қазіргі директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы: «Бәтима Зәуірбекова қазақ өнерін дүниежүзіне паш етіп жүрген танымал суретші. Әр өнер адамының шығармасы – оның ішкі әлеменің көрінісі. Рухани бай, өзіндік көзқарасы биік адамнан ғана осындай керемет туындылар тумақ. Жан-дүниесі әдемі адамның істеген еңбектері де әдемі. Дүниежүзі Бәтима Зәуірбекованы «Әдемі қыздарымен» таниды» деп еді. Шынымен де қазақ қызының сұлу бейнесін гобеленге айна-қатесіз көркем етіп түсіру оңай дүние емес. Ал біздің қара көз қарындастарымыздың, ақ жаулықты аналарымыздың сұлулығын өз өнері арқылы шетелде танытып, дәріптеп жатқан дарынды тұлғаны біз неге дәріптемеске. Мен Бәтима Зәуірбекованың өнерін жоғары бағалаймын және өнер адамы ретінде құрметке лайықты суретші деп білемін.

Халықаралық көрмелерден бірінші, Император Цинь Шихуандидің «Терракота әскері» көрмесін, екінші Нью-Йорктегі Николой Рерих музейінің жауһарларынан ұйымдастырылған  «Шамбаланы іздеу жолында» көрмесін және үшінші Гран Пале топтамасынан «Поль Серюзье және Бретань: Аңыздардың сиқыры» көрмесін атап өткім келеді. Әрине бұл үшеуінің де деңгейлері жоғары, халықаралық аренада өз бағасын алған көрмелер. Сондықтан болар Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары мен еліміздің қонақтары аса құлшыныспен күткен және аса қызығушылықпен тамашалаған, халықты көп жинаған көрмелер қатарынан. Басқа жетістіктерін айтпағанда, осы жетістіктері үшін де үштікке қосуға болады деп ойлаймын.  

Ұлттық музейдің қолжеткізген ғылыми, шығармашылық табыстары қоғам игілігіне айналды ма?

- Қазақстан Республикасының мәдени саясаты тұжырымдамасына сәйкес Ұлттық музейді ғылым мен зерттеу қызметінің тірек орталығына айналдыру мақсатында 2014 жылы «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институты құрылған еді. Институт қазақ халқының рухани және материалдық мәдени мұрасын зерттеу, сақтау және насихаттау бағытында жұмыстар атқарады. Институт 5 жылдық қызметінде көптеген ғылыми және шығармашылық жұмыстар бойынша зерттеулерді іске асырып, нәтижесінде бірқатар  еңбектер жарық көрді. Негізгілерінен «Қазына» сериясы бойынша жарық көрген 4 томдықты, яғни Қ.Ахметжанның Қазақтың отты қаруларының тарихы, «Ұлттық музей топтамасындағы қазақтың зергерлік өнері», «Ғасырлар алтыны. Ұлттық музейдің алтын және күміс бұйымдарының топтамасы», М.Хұсайынұлы, Қ.Ахмерұлы. «Алтай-Қобда қазақтарының домбыра және сыбызғы күйлері», академик О.Смағұловтың  «Происхождение казахского народа», А.Оңғардың «Қазақстанның ежелгі тұрғындарының жерлеу ғұрпы» және т.б. еңбектерін атауға болады.

Бұдан басқа Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы  Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында музейде «Қасиетті Қазақстан» өлкетануды дамыту орталығы құрылғанын өзіңіз білесіз. Осы уақытқа дейін орталық жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын халық санасына сіңіру бағытында жұмыс жүргізіп келеді. Яғни, өскелең ұрпаққа туған жеріміздің киесін тарих пен құндылықтар арқылы түйсіндіру, қызықты етіп жеткізе білу орталықтың басты міндеттерінің бірі. Қазіргі уақытта орталық «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары», «Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары» жинақтарымен бірге, «Қасиетті Қазақстан» энциклопедиясының екі томын қазақ және орыс тілдерінде жариялады. Бұдан басқа Қазақстанның жалпыұлттық, өңірлік қасиетті нысандары бойынша 3D форматта көпсалалы виртуалды картаға енгізіліп, көпшілікке ұсынылды. Бұлардың сыртында, ғылыми-практикалық конференциялардың жинақтары, «Алтын адам» шеруінің каталогтары, жекелеген мақалалары тағы бар. Қорыта айтқанда, музейдің ғылыми ізденістері бүгінде ғылыми айналымға енгізіліп,  ғылыми-шығармашылық қауыммен қоса, студенттердің, оқушылардың және қызығушылық танытқан кез келген қазақстандықтың пайдасына асуда деген сенімдемін. Сонымен бірге музейіміздің қызметкері, елімізге танымал зергер Берік Әлібайдың қолынан шыққан өнер туындыларын жерлестеріміз ғана емес, шетелден келген туристер де жоғары бағалап, сатып алып жатады. Сол себепті бұл дүниелер қазақстандықтардың ғана емес, шетелдіктердің де игілігіне жарауда.

Ұлттық  музейдің елорданың дамуындағы үлесі қандай?

- Антон Чеховтың ел арасына кеңінен тарап кеткен мынадай сөзі бар: «В человеке всё должно быть прекрасно: и лицо, и одежда, и душа, и мысли». Ендеше, адам үшін жасалған нәрсенің: мазмұнына көркі сай – «сұлуы мен жылуы» қатар жүргені абзал емес пе. Сол себепті бұл сұрағыңыздың жауабын әртүрлі аспектіде қарастырған жөн. Меніңше, сонда ғана Ұлттық музейдің бейнесін ашып көрсетуге болады. Біріншіден, әрине, қалаға архитектуралық жарасым беріп тұрғанын айту керек. Көрші орналасқан барлық көрікті ғимараттармен сәулеті жағынан үйлесіп тұрғанына еш дау жоқ. Көне тарихымызды бойына бүккен археологиялық қорымдарды еске салатын архитектуралық шешімі әлемдік деңгейде еш қайталанбайды. Осы арқылы қала тұрғындары мен қонақтарының есінде бірден жатталып қалады, бір көрген адам екінші мәрте жазбай таниды. Екіншіден, елордамыздың біртұтас мәдени-рухани әлемі бар. Ұлттық музей оны өзіндік нақышпен толықтырып байыта түседі. Үшіншіден, музей, өз кезегінде, ірі ғылыми орталық ретінде дүниежүзі ғалымдарының, зиялы қауым өкілдерінің назарын Нұр-Сұлтан қаласына аударып отырады. Бұған себеп болып отыратын халықаралық ірі  жобаларымызды қосыңыз. Төртіншіден, музей қорында жинақталған аса сирек кездесетін құнды жәдігерлер жер шарының түкпір-түкпіріндегі өнерсүйгіш қауымды еліміздің жүрегі – Нұр-Сұлтанға шақыратынын естен шығаруға болмайды. Бұл дегеніңіз туризм ісіне қосылған үлкен үлес болып табылады. Бесіншіден, алыс-жақыннан келген музей қонақтары қоғамдық көлік пен такси қызметін, қонақ үйлер мен түрлі тамақтандыру орнын пайдаланып, сауда-саттық жасайтындықтан, Нұр-Сұлтан қаласының экономикасына ұдайы мультипликативті үлес қосады. Әлем тәжірибесіне жүгінсек, музейді тек осы айтылғандар үшін қаржыландырып отыратын елдер кездеседі.  

-  Ұлттық музей қызметкерлерінің штаты санынан республикамызда алдыңғы бестікке енеді. Қанша дегенмен 400-ден аса қызметкері бар үлкен музей. Осы 400-ден аса қызметкерді біріктіретін қандай ортақ ұстаным бар?

-  Сөз жоқ, Өзіңіз атап көрсеткендей, төрт жүзден астам адамның қызмет жасауы Ұлттық музей қызметінің ауқымын көрсетеді. Музей саласынан хабардар адам, бұл мамандардың өзара атқаратын қызметі жағынан бір-бірін мүлдем қайталамайтынын, іштей сала-салаға бөлінетінін біледі. Мәселен, бір ғана реставрацияның өзі мата, ағаш, металл, фарфор, темір, тағы басқа түрлерге бөлініп кетеді. Археология, антропология, этнография, палеонтология туралы да осыны айтуға болады. Бұдан басқа ауданы 74 мың м.кв музей ғимаратын күтіп ұстау өз алдына. Қысқасы, осының барлығы адам күшімен атқарылады. Бұлардың барлығының басын біріктіретін, меніңше, бір ғана фактор. Ол – мәдени құндылықтарға деген махаббат, халықтың асыл мұраларына деген айрықша сүйіспеншілік. Жалпы халқыңды сүймей, ғасырлар қойнауынан жеткен мұрасын қастерлемей, музейде жұмыс жасау мүмкін емес. Әрбір әріптесім Ұлттық музейде қызмет жасап жүргенін өзіне биік мәртебе санайды деп ашық айта аламын. Бұдан артық қандай ұстаным болуы мүмкін?!

Ұлттық музей ұжымдық табыстарға қол жеткізіп келе жатқанына куәміз. Жекеленген қызметкерлердің табыстары туралы ести бермейміз. Тарих, мәдениет пен өнер саласындағы жаңа есімдер Ұлттық музейдің қабырғасынан да шығуы керек деген пікірге қалай қарайсыз?

-  Ұлттық музей 2014 жылы құрылғанда музей ісі саласына қатысы бар деген әртүрлі мамандар, оның ішінде тарихшылар, этнографтар, археологтар, дизайнерлер, реставраторлар және т.б. қабылданды. Олардың арасында Қазақстанға белгілі тұлғалар мен болашағынан үміт күттіретін жастар да болды. Бүгінде музейде Оразақ Смағұлов, Жәкен Таймағамбетов, Берік Әбдіғали, Берік Әлібай, Дәулеткерей Атауұлы сынды танымал тұлғалардың ізін басып келе жатқан, ауыз толтырып айтуға тұрарлық жекелеген табыстары бар жас мамандар жетерлік. Мәселен, қазақтың музыкалық фольклорын жан-жақты зерттеп, жинап жүрген Phd докторы, күйші Мәулет Ардабиді, қазақ халқының материалдық емес мәдени мұрасын зерттеумен айналысып жүрген Назым Малибаеваны айтар едім. Назым халықаралық «Болашақ» бағдарламасы аясында Лондонның музейлерінде ғылыми тағылымдамадан өткен, қазіргі уақытта Оңтүстік Кореядағы Азия-Тынық мұхит елдерінің материалдық емес мәдени мұрасының халықаралық ақпараттық және желілік орталығында тағылымдамадан өтіп жатыр. Сонымен қатар археология саласында танымал болып, өз орнын тауып үлгерген талантты әрі жас археолог Айбар Қасеналинді, ұмыт болған қазақтың ұлттық тағамдарын зерттеумен айналысып жүрген Әйгерім Мұсағажинованы болашағынан үміт күттірер және  Ұлттық музей қабырғасынан шығатын тарих, мәдениет және өнер саласындағы жаңа есімдер дер едім. Солай болуына тілектеспін және сенім артамын. 

Алдағы уақытта Ұлттық музей қоғамға және музей қауымдастығына қандай тың жобалар ұсына алады?

- Көрмеге қатысты жобалар туралы айтсам, Тәуелсіздіктің символына айналған «Алтын адам» әлемдік аренада кеңінен танылып, бірқатар мемлекеттерге саяхат құрды. Ендігі жоспарымыз - «Алтын адамды» қабылдаған серіктес музейлерді өз брендтерімен Ұлттық музейде қабылдау. Қазірдің өзінде Ресей, Әзірбайжан, Өзбекстан, Малазия, Түркия, Грекия, Италия, Франция, АҚШ музейлері өз ниеттерін білдіріп отыр. 2020 жылдың соңына дейін аталған елдердің музейлері Ұлттық музейге  көрмелерімен келіп, Нұр-Сұлтан тұрғындары мен қонақтарына «брендтерін» таныстыратын болады. Сонымен қатар қазіргі уақытта Exponential Kazakhstan компаниясымен бірлесіп Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандарын 3D форматқа көшіріп жатырмыз және музей қорларындағы жәдігерлерді фотографометриялық сканерлеуден өткізудеміз. Бұл жоба 2019 жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс. Жоғарыда айтып өткенімдей жылдың соңында жоба нәтижесі Ұлттық музей сайтында жарияланатын болады. Бұдан басқа тағы бір үлкен жоба туралы айтқым келіп отыр. Қазіргі уақытта Ұлттық музей мен Қытайдың Солтүстік Батыс Политехникалық Университеті арасында «Мәдени мұраны зерттеу және сақтау бойынша бірлескен лаборатория құру туралы» келісімге қол қойылды. Қысқаша айтқанда Ұлттық музей базасынан ашылатын бұл лаборатория заман талабына сай техникалық құралдармен жабдықталатын болады. Лабораторияда материалдық тарихи-мәдени мұралар заманауи құрылғылардың көмегімен зерттеліп, сақталады. Аталған жобаға қатысты жоспар көп. Қазір келіссөздер жүргізіліп жатыр. Барлығы жоспардағыдай болса бұл туралы алдағы уақытта еститін боласыздар. Қорыта айтқанда Ұлттық музейдің бағындырар белестері, тың жобалары әлі алда. 

Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан – Нұрсерік ЖОЛБАРЫС, музейтанушы

 

Дереккөзі: ҚР Ұлттық музейінің "Мәдени мұра" журналының 2019 жылғы №4 нөмірі. 

4224 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper