Археологиялық олжалар Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының жетекшілігімен Құлан және Отырар қалашықтарына жүргізілген зерттеулер барысында табылған. С.Ш. Ақылбек басшылық жасаған археологтар Құландағы объектіде ортағасырлық қалашықтағы цитаделдің орталық бөлмесін бірінші рет ашты. Құлан кешені Жамбыл облысында өзімен аттас ауылда орналасқан. Ол туралы алғашқы мәліметтер VIII ғасырдағы қытай және араб дереккөздерінде кездеседі. Қалашық алғаш рет өткен ғасырдың 60-жылдары археолог К.М. Байпақовтың жетекшілігімен зерттелген еді. Цитадел мен шахристанға барлау шурфы салынып, қаланың айналасындағы бірнеше нысандар зерттелді. Сол уақытта қалада тұрған ауқатты адамдардың шарап өндіретін орындары мен үй-жайлары, сондай-ақ билеушінің қаланың сыртындағы резиденциясы анықталды. 2000 жылдары академик К. Байпақов пен А. Нұржанов қаланың маңына зерттеу жұмыстарын жүргізді. Өткен жылдың тамыз айында билеушінің сарайындағы орталық ғимарат зерттелді. Мамандар залдың жақсы сақталған зерін бірегей деп мойындап отыр. С.Ш. Ақылбектің сөзіне қарағанда, әшекейлі композициялар сол кезеңде түрлі діндер мен мәдениеттердің бейбіт қатар өмір сүргенін дәлелдейді. Алдын ала жасалған бағалаулар бойынша, бұл нысан VII-VIII ғасырлаға тән.
Т.ғ.д., профессор К.М. Байпақовтың жетекшілігімен Отырар қалашығында жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде ерте орта ғасырға жататын елуден астам мәдени және тұрмыстық жәдігерлер табылды.
Қазақстан Республикасы Ұлттық музейіне тапсырылған осы бұйымдар музей топтамасын толықтырып, кейбірі экспозицияға кіргізілсе, енді бірі көрмелерде көрсетілетін болады.