Дәстүрлі додаға алыс-жақын шетелдерден (Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан) оқушылар қатысты. Сонымен қатар, байқау ережесіне бірқатар өзгерістер енгізіліп, жатталатын хикметтер саны қырықтан жетпіске ұлғайды. Биылғы байқауда өңірлерден келген 6-11 сынып аралығындағы оқушылар өз өнерлерін көрсетті. Байқауға қатысушылардың шығындарын (жатын орны, тамағы, қасиетті жерлерге зиярат жасаулары) музей өз мойнына алды.
Тартысты өткен «Ясауитану» байқауының екі кезеңінің қорытындысы бойынша Ақмола облысынан келген Төлеген Нұржан бас жүлдені (150 мың теңге), ал, Шығыс Қазақстан облысынан келген Мерекенов Бекзат бірінші орынды (100 мың теңге) иеленді. Екінші орынға 75 мың теңгеден екі орын белгіленген болатын. Түркістандық хикметші Хамидуллаева Барно және ОҚО келген Бердібек Ақмоншақ ІІ – орынға (әрқайсысы 75 мың теңге) ие болды. ОҚО-дан келген Зұлқайнар Сырлыбай, Алматы облысынан Ардахан Бүлдірген және Ақтөбе облысынан келген Әндірбаева Аяжан ІІІ – орынға (әрқайсысы 50 мың теңге) ие болды. Жүлде қорынан бес оқушыға ынталандыру сыйлығы ретінде 20 мың теңгеден жүлде берілді.
Философия ғылымдарының докторы, теолог ғалым Досай Кенжетай бас жүлде алған ақмолалық өренге Л.Гумилев атындағы Евразия университетінен оқу гранты, ал, бірінші екінші, үшінші орынға ие болған оқушыларға Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне оқу квотасына түсе алатынын айтты.