Мұнда Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының 2015 жылы жүргізген археологиялық зерттеулері, жәдігерлерді алғашқы консервациялау және Қазақстанның тарихи-мәдени мұра объектілеріне мониторинг жүргізу салаларында атқарған жұмыстары қорытындыланды.
ҚР Ұлттық музейінің директоры Дархан Мыңбай аталған шараның маңыздылығын атап өтті.
- Халқымыздың бай мұрасын зерделеп, төл тарихымызды жаңа қырынан таныту үшін Ұлттық музей жанынан «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институты құрылып, оған бірқатар міндеттер жүктелген болатын. Осыдан біраз бұрын осы институттың бастамасымен Қазақстанның тарихи-мәдени мұраларын сақтау мен қорғаудың өзекті мәселелеріне қатысты республикалық жиын өтті. Онда еліміздің мәдени құндылықтарын қорғау мен сақтаудың заңдық аспектілері талқыланып, тарихи-мәдени мұраларды қадағалауға қатысты кемшіліктер күн тәртібіне қойылды. Сонымен қатар Қазақстанның тарихи-мәдени мұра объектілерінің құқықтық тұрғыда нашар қорғалғандығы және еліміздің тарихи-мәдени мұраларын зерттеу мен сақтау ісіне лицензия беру мәселесі шешімін таппай тұрғандығы талқыланды.
Бүгін біз институттың құрылғаннан бері атқарған ғылыми жұмыстарының қорытындысын білу үшін бас қосып отырмыз. «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институты мезгіл мәселелеріне жауап іздеуін жалғастыра береді, -деді Дархан Мыңбай.
Шара шеңберінде «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының еліміздің әр өлкесінде, тас дәуірінен ерте мемлекеттік құрылымдарға дейінгі мерзімдік шеңберді қамтитын археологиялық ескерткіштерге жүргізген 2015 жылғы далалық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған жәдігерлерден уақытша көрме ұйымдастырылды. Айта кетейік, көрме жұмысы 2016 жылдың 5-ші ақпанына дейін жалғасады.
Іс барысында еліміздің археологиялық мұраларын зерттеу, мониторинг және сараптама жасау сынды өзекті мәселелерге арналған дөңгелек үстел отырысы өтті. Оған археология саласының айтулы мамандары, Парламент Мәжілісінің депутаттары, Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері және қоғам қайраткерлері қатысты.
«Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының директоры Ақан Оңғар музей жанынан құрылған институттың болашағы зор екенін атап өтті.
- Музей жанынан құрылған Қазақстандағы тұңғыш ғылыми-зерттеу институты болғандықтан бізге зор жауапкершілік жүктеліп отырғанын сеземіз. Ғылыми-зерттеу институты аз уақыттың ішінде ауыз толтырып айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Алдағы уақытта елді елең еткізер ғылыми жаңалықтар ашамыз. Бұл бағыттағы жұмыстар үздіксіз жалғасып жатыр,- деді Ақан Оңғар.
Басқосу барысында археологиялық жәдігерлерді уақытында музейлерге тапсыру дәстүрінің жалғасы ретінде Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты Астана қаласы филиалының соңғы жылдардағы зерттеулері бойынша табылған жәдігерлерін Қазақстан Республикасы Ұлттық музейіне табыс етті.