Бұл туралы агенттікке ПМПИ-дегі музей кешенінің директоры Жарқын Қабдолов айтып берді. Эласмотерия қаңқасының бір бөлшегін оған Қожамжар мектебінің биология пәні мұғалімі тапсырған. Егер де ауыл ұстазы өздігінен келмегенде ғалымдар тарихи олжа туралы білмейтін еді. Эласмотерия табылған жер қазірде Хайруллин жары деп аталады. Мұндай атау 1988 жылы қалдықтарды тауып алып, мектепке әкелген Құрманғазы Хайруллиннің құрметіне (суретте сол жақтан үшінші) берілген. Кейін ол ғалымдарға жергілікті тұрғындар құдық қазған кезде түрлі қалдықтар тапқанын, алайда дәл аулаларында қазба жұмыстары жүргізіледі деген қауіппен оларды лақтырып тастағанын айтқан. Осылайша, қаңқа Хайруллинде және мектепте биология пәні мұғалімінің назарына түскенге дейін 20 жылдай жатқан.
- Сүйектен көміртек ұзақ уақыт шығады, сондықтан оның құрамына қарай қаңқаға қанша жыл екенін анықтауға болады. Көміртек сараптамасы бұл қаңқаға шамамен 26 мың жыл екенін көрсетіп отыр. Бұған дейін ғалымдар эласмотериялар 350 мың жыл бұрын өмір сүрді деп есептеген. Мүйізтұмсық салынған жартастағы суреттер бұл жануарлардың адаммен бірге өмір сүргеніне дәлел болады. Бүгінде бұл расталды және де палеонтология саласы үшін таң қаларлық оқиға болып отыр, - дейді Ж. Қабдолов. Музей кешені директорының айтуынша, жануардың портреті әлемнің түкпір-түкпіріндегі палеонтологтар тауып алған қаңқаларға қарап салынған.
- Ғалымдар жануардың дәл осындай болғанына 100 пайызға кепілдік бере алмайды. Дегенмен бұл алдын ала жасалған болжам, - дейді Ж. Қабдолов.
Суреттерді ұсынған - Елизавета Весленёва және ПМПИ-дегі музей кешенінің директоры Жарқын Қабдолов pavlodarnews.kz