Кілт сөздер: Сыр өңірі, Сырдария ауданы, Асанас, Қышқала қалашықтары, Қосасар, Қалжан ахун мешіт-медресесі, археология, музейлендіру, туризм.
Сыр өңірі, оның ішінде бүгінгі Сырдария ауданы жері қазақтың қара шаңырағы болған аймақтардың бірі. Оған аудан жерінде тас дәуірінің іздері, сақ, ғұн, қаңлы тайпаларынан қалған тарихи-мәдени ескерткіштер, Сыр жағасында көне қалалардың орындары, «Ұлы Жібек жолының» батыс пен терістікке шығатын тоғыз жолдың торабы болуы, алғашқы тайпалық бірлестіктердің, мемлекеттердің орталығы болуы және т.б. дәлел болады.
Тас дәуірінен бастап өлкені мекендеген тұрғындар әр кезеңдерде өздеріне ғана тән мәдениеттерді қалыптастырып, дамытып отырды. Бүгінгі Сырдария ауданының территориясындағы біздің жыл санауымызға дейінгі 5 мыңжылдықтан басталатын неолит дәуірінің ескерткіштері, оның Келтеминар мәдениетіне жататындығы – өңір тарихының тым көнеден бастау алатындығын дәлелдейді. Бөтен елге құпиялау көрінер өмір салты мен келісті салтанаты кезінде Геродотты таң қалдырған Сыр өңірінің көшпелі және отырықшы мәдениеті осы жерде ежелден қалыптасқан. Өз заманының данышпаны, ұлы ақылгөйі саналған, дүниежүзілік негізгі дін жүйелерінің қалыптаспай тұрған шағында, адамзаттың балаң ақыл-ой санатына қыруар әсер еткен Заратустраның ілімі алғаш Сырдария өзені бойында дүниеге келген деген де болжамдар жоқ емес. Көне дәуірде өңірді мекендеген тайпалар мен халықтардың ізі іспеттес қола дәуірінің аса көрнекті ескерткіші болып саналатын Солтүстік Түгіскен мавзолейлері, тeмip дәуірінде Сырдарияның оңтүстік салаларын (Іңкәрдария, Жаңадария бойы) мекендеген сақ тайпалары қалыптастырған Шірік-рабат мәдениеті, солтүстік аудандарды жайлаған (Ескідариялык, Қуаңдария салалары) қаңлы тайпалары мықты бекіністік қалаларымен ерекшеленетін аудан территориясындағы Жетіасар мәдениетінің ескерткіштері – Кіші Асар, Қос Асар, Жетім Асар т.б. бүгінде баршаға аян болып отыр.
Ескерткіштер әрбір елдің тарихы мен өткенінен сыр шертер халықтың ұлттық байлығы ғана емес, сол елдің өткені мен бүгінін саралайтын, сол арқылы келешек ұрпаққа тәлім-тәрбие беруде маңызы зор құндылығы болып табылады. Аудан бойынша «Мәдениет туралы», «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңын және одан туындайтын қағидаларды басшылыққа ала отырып, Ұлттық тарихымыз бен мәдениетіміздің жәдігерлері болып табылатын тарихи-мәдени ескерткіштерді зерттеу, оларды насихаттау, бағыт-бағдарларын саралау жұмыстары кең көлемде атқарылып келеді [1]. Сырдария ауданы бойынша 59 тарихи-мәдени ескерткіш мемлекет қорғауына алынған. Оның ішінде 4-і республикалық маңызы бар (Мүлкалан кесенесі, ХVІ ғ., Сырлытам кесенесі, ХІІІ ғ. Асанас кесенесі, ХVІІ ғ. Қожан қожа кесенесі, ХVІІІ ғ.), 13 жергілікті маңызы бар және 42 ескерткіш алдын-ала тізімге алынған. 59 ескерткіштің 15-і археологиялық, 44-і қала құрылысы және сәулет ескерткіші болып бөлінеді.
«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында облыстың өңірлік қасиетті нысандар тізіміне аудан бойынша Асанас қалашығы, Қалжан ахун мешіт-медресесі, Асанас ата, Қожан қожа, Құлболды ишан және Мүлкілән әулие кесенелері енгізілді.
Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің Қазақстан Республикасының мәдени саясатының тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі 2020–2030 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес ауданда облыстық бюджеттен Қышқала, Қос Асар, Асанас қалашықтарына археологиялық қазба, Мүлкілән кесенесіне ғылыми-реставрациялау жұмыстары жүргізілді [2, с. 1].
Асанас қалашығытуралы алғашқы мәліметтер ортағасырлық жазба деректерде кездеседі. Негізінен ортағасырлық тарихшылардың, географтардың және саяхатшылардың жазбаларында IX–XII ғғ. Сыр өңірінде болған мәдени-тарихи процестер, сондай-ақ көшпелі тайпалардың қоғамдық қатынастары, басқару жүйесі мен өмірі туралы мәліметтер қамтылған.
2020 жылы Асанас шатқалында жүргізілген барлау жұмыстары бұл аумақта бірнеше ортағасырлық қонысты, төрткүлдер мен архитектуралық кесенелерді қамтитын тарихи-мәдени (археологиялық) ескерткіштер кешені орналасқандығын көрсетті. Кесенелердің ішіндегі ең үлкені – Қарахан дәуіріне жататын Асанас ата (XI–XII ғғ.) кесенесі, қалашықтың батыс қақпасынан солтүстікке қарай 100 м жерде орналасқан. Ортағасырлық Асанас қалашығы Қызылорда қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 48 км жерде (Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Айдарлы ауылынан батысқа қарай 8 км) құрғап қалған көне Жаңадария арнасының жағасында орналасқан.
2002 ж. Асанас қаласына Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің археологиялық тобы (қазба жетекшісі Т. Мәми) барлау және қазба жұмыстарын жүргізеді. 2002 ж. жүргізілген зерттеу жұмыстарынан кейін, жаңа зерттеулер 2020 ж. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің «Жанкент археологиялық экспедициясы» мүшелерімен (жетекшісі Ә.Ә. Тәжекеев) жалғасын тапты. Қалашық солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай созылып жатқан дұрыс емес шеңбер пішіндес формалы болып келген. Ескерткіштің көлемі 450 × 400 м (15,9 га), ескерткіштің сыртынан қоршап тұрған қамал қабырғаларының қалыңдығы 9 м-ден 14 м-ге дейін жетеді, олар айнала кеңістіктен 5 м биіктікке дейін сақталған. Барлау барысында қаланың батыс, солтүстік және оңтүстік-шығысында орналасқан үш қақпасының орны анықталды. Сонымен қатар, ескерткіш сыртынан суы бар ормен қоршалған болуы мүмкін, алайда осы уақытқа дейін ордың іздерін табу мүмкін болмады [3, с. 5–6].
Асанас қалашығынан табылған заттар әр түрлі категориядағы бұйымдармен ұсынылған: керамика, сүйектен жасалған заттар, темір және қола бұйымдар, әйнек және тас бұйымдары. Асанас қалашығынан алынған археологиялық материалды талдау нәтижелері қала қолөнерінің бірнеше түрі дамығанын дәлелдейді, олардың арасында метал мен сүйек бұйымдарды өңдеуді атауға болады. Қыш ыдыстардың табылуы қалада керамикалық бұйымдардың өндірісі бар екендігін сенімді түрде көрсетеді. Керамика кешені бірнеше санаттарымен ұсынылған. Хұм сынықтары олардың арасында кең таралған.
Асанас қаласындағы жергілікті қыш өндіру процесі мен оның түбірі Жетіасар мен «батпақты қалалар» мәдениеттеріне ұқсас. Бұған дейін осы пікірді белгілі зерттеушілер С.П. Толстов [4, с. 282] және Н.Н. Вактурская [5, с. 132] айтып өткен. Зерттеушілер негізінен керамикалық материалға жүгініп, VII–XV ғғ. Асанастың кең хронологиялық диапазонын атап өтті. Археолог Ә. Тәжекеев Асанас керамикасында Жетіасар қоныстарынан алынған материалдармен ұқсастық бар, бірақ ерте асарлардың емес, кейінгі Шығыс Асар керамикасымен ұқсастық барын айтып өткен болатын. Олардың арасында Шіркейлі Қос-Асардың қыштарын атауға болады. Бұл ұқсастықтар ыдыс-аяқтарды қара ангобпен безендіру дәстүрінде байқалады.
Шіркейлі Қосасары – Шығыс асарлардың ішіндегі ең үлкені болып саналады. Бұл топқа кіретін қалашықтарда мықты қорғаныс жүйелер мен құрылыс орындарын байқауға болады. Қалашықтың ортасында ірі құрылыс, қамалдың жанында қолдан қазылған арықтар орын тепкен.
Шығыс асарлар қалашықтарының бүгінгі жай-күйі өте қауіпті жағдайда десек болады. Олар қазіргі уақытта күріш алқаптарының ортасында қалғандықтан үнемі жерасты ыза судың және антропогендік факторлардың әсерінен қарқынды бұзылуда. Сонымен қатар, Қара асар қалашығының топырағын 80-жылдары тас жол құрылысына алғаны аздай, содан пайда болған жарға оқ атуға арналған арнайы қабырға мишеньдерін орнатып, оқу-жаттығуларын өткізетін орынға айналған. Құлке асар жанында орналасқан «Бәйге төбе» деп аталатын обаға ұқсас ескерткіш «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолы салыну барысында тегістеліп кеткен. Сонымен қатар, Көктонды обасының үстіне қазіргі кездегі бейіттер түсіп жатыр.
Шіркейлі Қосасары Сырдария ауданы, Н. Ілиясов ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 5,5 шақырым жерде орналасқан. Археологиялық зерттеу жұмыстары нәтижесінде Шіркейлі Қосасарын б.з. V–ІХ ғғ. өмір сүрген деп мерзімдейді.
Бұл асар С. Толстовтың класификациясы бойынша үшінші асарлар тобына жатады, яғни мықты қорғаныс жүйесі бар, сонымен қатар ішінде көптеген әртүрлі тұрғын үй құрылыстары бар қамалдар. Қала алып дуалмен қоршалған. Дуалдың сақталған биіктігі бүгінгі таңда 3–4 метрді құрайды. Қамалдың ішінде, шығысы мен батыс бөлігінде құрылысы жағынан ұқсас екі асар (бекіністі үй-жай) орналасқан. Археологтар бұл үй-жайларды шартты атауларына сәйкес кіші үйді – Қосасар І, үлкен үйді – Қосасар ІІ деп атаған. Сонымен қатар, Қосасар ІІ-нің оңтүстік бұрышынан шығысқа қарай 60 метр жерде, қаланы қоршап тұрған дуалдың ішкі бөлігінде жоспары төртбұрышты үшінші құрылыс (төрткүл) орналасқан.
Қосасар І қаланың шығысында тұр. Асар екі қабаттан тұрады, шығысындағы екінші қабаттың жоспары шеңберлі, ал астыңғы үлкен құрылыстың жоспары алтыбұрышты келген. Қосасар ІІ Қосасар І-ден батысқа қарай 500 метр жерде, жалпы қаланың батысында орналасқан. Бұл асар да екі қабаттан тұратын құрылыстан салынған. Үй-жайдың ұзындығы 60 метрге тең қорғанысты жүйесі бар жеті қабырғасы құрылыстың жоспарын көпбұрышты етіп құрап тұр. Биіктігі 5–6 метр. Бұл асардың да шығыс бөлігінде жоспары сақталмаған үстіңгі құрылыс орны бар. Асардың оңтүстік қабырғасында қақпаның ізі байқалады.
Шіркейлі Қосасары қалашығынынан табылған негізгі археологиялық материал – керамика. Қыш ыдыстар барлығы дерлік жапсырмалы әдіспен жасалған. Тек беткі қабаттан табылған бірнеше керамика фрагменттері ғана көзеші шарығында дайындалған. Өрнектелген ыдыстар аз, геометриялық өрнектер, ойып жасалған және мөрленген зер түрінде кездеседі.
Керамикалық материалдарға қоса сүйектен (бұғы мүйізі) жасалған бұйымдар, белдік доғасы, шыны бұйымдар, қола қазан тұтқасы, кішкене қола қоңырау, қайрақ тастар және мыс тиындар табылды. Шіркейлі Қосасары қалашығының керамикалық кешенін ІХ–ХІІ ғғ. деп мерзімдеуге және оларды жетіасарлық және Жанкент қалашығының оғыздық керамикаларына жақындығын көрсетуге болады [6, с. 3].
Мұнда Оғыз мемлекеті өмір сүрген кезеңмен сәйкес келетін ошақтың орны да белгілі болған. Оны тазалау барысында қасқыр тісі мен қой сүйегінен жасалған тұмар мен ғұрыптық мақсатта қолданатын бүтін қыш ыдыс табылды.
Қышқала қалашығы. Сонымен қатар Сыр өңіріндегі Қышқала қалашығы – ерекше сәулет ескерткіштерінің бірі. Қышқала аталуының себебі – қала құрылысы күйдірілген қыштан құрылған. Ол Қызылорда облысының Қоғалыкөл ауылының маңында 3 шақырымға жуықтайтын жерде орналасқан. Жалпы аумағы 40–50 шақырымды құрайды.
Бұл шаһар жөнінде алғаш рет 1242 жылы итальян саяхатшысы Рубрук жазып қалдырған, ал қаланы алғашқы рет 1889 жылы Перовск уезінде барлау жұмыстарын жүргізген В.А. Каллаур ашып, оны Кыс – қала (Гыш-қала) немесе тасқала деп атаған.
Қалашыққа 2018–2021 жж. аралығында облыстық бюджет есебінен қаржы бөлініп, «Археолог» Халықаралық ғылыми-зерттеу орталығы археологиялық қазба жұмыстарын (жетекшісі т.ғ.д М. Елеуов) жүргізді. Сонымен қатар, Қазақ Ұлттық университетінің профессоры М. Елеуов ҚР Оқу ағарту министрлігінің 2021–2023 жылдарға арналған грантын ұтып алып, Қышқала қалашығына ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізуде. Қазба жұмыстарының барысында сегіз қырлы ғимараттың, ортағасырлық кесененің, екі мұнарасы сақталған қыштан салынған құрылыстың, қыш күйдіретін пештің және ХІV ғасырдағы құдықтың орындары аршылып, консервацияланды. Сонымен бірге глазурленген қыш қаптамалар, керамикалық ыдыстар ХІV ғасырмен мерзімделетін екі монета, өрнектелген қыш жапсырмалар табылған.
Көне шаһардағы екі қазбаның бірі мавзолей болса, екіншісі шаруашылық орталығы делініп отыр. Қазба жұмыстарын жүргізген ғалымдардың болжауынша Қышқала Ұлы Жібек жолы бойында орын тепкен қалалардың орталығы болған. 2018 жылы қалашықтың шетінде орналасқан кесененің орны аршылды. Қасбеті қима өрнекпен әрленген екен. Оның биіктігі 3 метрге жуықтайды. Оның мүжілуіне табиғи жағдайлар да әсер етуі әбден мүмкін. Атап айтқанда, желдің, дауылдың, жаңбырдың әсері тиюі ғажап емес. Осындай жағдайлардың әсерінен батысқа қарай құлағаны аңғарылады. Қыш материалдардың негізінде жасалған зерттеу қала тіршілігінің хронологиялық шеңберін ХІІІ–ХV ғғ. жатқызуға мүмкіндік береді.
«Археолог» халықаралық ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы Мадияр Елеуов, профессор Әуелбек Қоңыратбаевтың ел аузындағы аңызға сүйеніп, бұл қала Алпамыс батырдың жары Гүлбаршынды қалдырып кеткен шаһар екендігін еске салған. Кейбір жазба деректерде бұл қала ертеректе Баршынкент деп те аталған екен. Қышқала жайлы XV ғасырдан кейін жазба деректердің кездеспеуі Сыр арнасы өзгергеннен кейін халықтың өзге жаққа қоныс аударуымен байланысты сияқты.
Қалашықта теңге соғатын сарай болғаны да белгілі. Тарихи жазбаларда Алтын Орда тұсында да ipiсаяси, мәдени және білімордасы болғандығын көрсетеді. Бұл қалашык туралы мәліметтер орта ғасыр тарихшыларыныңқолжазбаларында көптеп кездеседі.Ғалымдардың айтуынша, Ұлы Жібек жолының бойында орын тепкен қалалардың орталығы болған. Бұл қала Сырдарияның төменгі ағысында кездесетінқалалардан өзгеше. Қaзipгiмәдениет осы қаладан бастау алғандай көрінеді [7, с. 2–3].
2021 жылы толық ашылған алғашқы нысан (Қазба І) Жошы ұлысында беделді орны бар мұсылман ақсүйектің қабірі басына тұрғызылған кесене болып шықты. Оның жобасы мен сәулеткерлік ерекшелігі, құрылыс материалдарының арнайы түрлері мен құландысынан табылған түрлі мақсатта пайдалану үшін арнайы жасалған кірпіштер, тақталар және жапсырмалар оның төбесі күмбезделіп жабылғандығын білдіреді. Ал бетіне кесіп салынған тамаша өрнегі бар тақталар, сырлы кірпіштер мен мазайка, майолика бөліктері кесененің қас беті мен қабырғаларының белгілі бір бөлігі көркем безендірілгендігін байқатады. Құрылыс материалдары мен оны безендіру нақыштары, сәулеткерлік сипаты кесененің ХІІ–ХІV ғғ. аралығына жататындығын көрсетті. Осы уақытқа дейін жобасы мен құрылыс материалдары, қас бетін безендірген өрнектері Қышқаладағы кесенеге ұқсас Алтын Орда дәуірінің кесенелері Батыс, Солтүстік, Оңтүстік және Орталық Қазақстаннан табылып, зерттелген.
2022 жылы қаланың қарапайым тұрғындарының тұрмыс-тіршілігі, шаруашылығы, материалдық мәдениеті мен әлеуметтік деңгейі жайлы мәлімет жинау мақсатында Қышқала қала жұртының орта тұсына қазба салынды. Қазба барысында үлкен тұрғын үй ғимаратының орны ашылды. Екі бөліктен (батыс және шығыс) тұратын кешенді қазу кезінде мыс теңгелер мен қоладан жасалған бір қарағанда білезікке ұқсас қола бұйым табылған болатын. Сол бұйымның шыққан жері мен уақытын анықтауға мүмкіндік беретін оның сыңары табылды. Киіз үйге ұқсас Рух деп аталатын мыс құты 1250 жылы, қола құты және оның ұқсас сыңары (аналогия) Францияның Лимож қаласында жасалыпты. Сыртында INS (ИСА) деген жазуы бар, ақ және көк түстермен инхрустацияланып, алтын жалатқан құты осы күнге дейін М. Фридсманның жеке қорында (коллекция) сақталған екен. Тағы бір бөлмеден мыс және қола теңге алынды. Мыс монета Ресейлік нумизмат Н.П. Петровтың анықтауы бойынша ХІV ғасырда Баршынкентте соғылғаны. Ал ортасында тесігі бар қытай монетасы (қола) ХІ ғасырда айналымда болғаны арнайы деректерден мәлім болды. Мамандардың айтуынша осы монета өте аз данамен соғылған және ұзақ уақыт айналымда болған [8, с. 4].
Қазақ Ұлттық университетінің профессоры М. Елеуовтың айтуынша соңғы жылдары жүргізілген қазба жұмыстары барысында ашылған ғимараттар мен табылған археологиялық материалдар қаланың Жошы ұлысының Сыр бойындағы ірі сауда орталығы ғана емес рухани киелі орны болғандығын көрсетеді. Сонымен қатар Қышқала жазба деректерде Парчин, Барчин, Баршынлыг, Барчкант деген атаулармен кездесетін тарихи қаланың орны болғандығын растайды. Қазбадан табылған монеталар мен заттай деректерді сараптау, арнайы алынған сынамаларды зертханалық сараптамадан өткізу нәтижелері қаланың ХІ–ХІV ғасыр аралығында өмір сүргендігін білдіреді.
Қалжан ахун мешіт-медресесі. Қалжан ахун Бөлекбайұлы (1862–1916, Сыр бойы) – діни қайраткер, дін ілімін жете меңгерген ғұлама ғалым. Қалжан ахунның арғы тегі Ақтөбе облысы Жаманқарғалы деген жердегі табын руынан шыққан. Әкесі Бөлекбай жігіт кезінде Қарақалпақстандағы туыстарына келіп, сол жерде үйленіп, қалып қояды. Кейін Қарақалпақстандағы қазақ жұртына басшылық жасайды. Хиуа хандығының биі болады. 1875 ж. 90 жасында дүниеден қайтқан [9, с. 2].
Қалжан ахун Хиуа хандығындағы діни мектепте, кейін 1879 ж. Көкілташта оқып білім алған. Ол парсы, араб тілдерін жетік меңгеріп, Ораз ахун Бекетайұлымен сырлас дос болып, Сырдария бойына тұрақты қоныс тебеді. Қалжан ахунның білімдарлығын танып-білген Ораз ахун оған қызы Зейнепті қосып, 1890 ж. оны Табындарға (Жалағаш ауылы) алып келеді, сол ауылда Қалжан ахун ширек ғасыр бойы өзінің атымен аталған (Қалжан ахун мешіті) мешітте имам болады. Қалжан ахунның арманы дәріс беріп жүрген мешітін, бұрынғы өзі оқыған Көкілташқа ұқсатып салу болды. Мешіттің архитектуралық жобасын Бұхарадан жасатып, оның іргетасы 1902 ж. қаланды. Оның жанынан кірпіш күйдіретін шағын зауыт жұмысқа қосылып, айналадағы ел жиналып, қаржы құрап мешітті салады. Мешіт халықтың қолдауымен салынып, біраз жыл жастарға діни білім беретін орталық болады [10, с. 98].
Алғашқы мешіттің құрылысы кесектен, кейіннен күйдірілген кірпіштен салынған. Одан кейін кесекті күйдіру арқылы кірпіш шығарылып, қазіргі Қалжан ахун мешіті салынған. Жан-жақтағы елдерден ұсталар жиылып, сонымен қатар сол кездегі қалталы азаматтар қаржылай көмектескен. Мешіттің архитектуралық сәулетін Қалжан ахунның өзі көрген шығыс үлгісінде салдыртқан. Мешіттің ұзындығы 44 м, ені 44 м, биіктігі 5 м. Барлығы 32 бөлмесі бар, олар сынып бөлмелері, оқытушылар кеңсесі, шаруашылық, асхана, монша ретінде пайдаланылған. Барлық бөлмелер ауланың периметрінде орналасып, ескерткіштің негізгі қасбеті солтүстік-батыс жаққа бағытталған, онда мешіттің бас қақпасы бар. Сонымен қатар, бас қасбетке мешіт бөлмесі мен тамақтану бөлмесі шығып тұр. Ал, құжыралар бүйірлік қасбеттерді жағалай орналасса, аула қызметтік бөлмелерге жалғасқан [10, с. 103 ].
Мешіт кіреберіс бөліктен және ортасында кірпіш бағанасы бар намаз оқитын залдан тұрады: залдың батыс қабырғасында ортаңғысы (михраб) биік және екі жағында бір бірден орналасқан кіші өлшемді нишалар бар. Тамақтану бөлмесінде де кіреберіс бөлме орналасқан. Кезінде айнала қышпен өріліп, ортада қатар 3 күмбез орнатылған, ұшар басы айшықталған. Күмбездің алды үлкен қақпа, оның әшекейі түрлі өрнекпен өрнектелген екен. Алайда дінге қарсы қуғын-сүргін кезеңдерінде мешітті бұзған, күмбезін қақпасын қиратып алып кеткен. Бұл Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында «Ақжол» мектеп интернаты, кейіннен бастауыш, онан соң 7 жылдық мектеп болып, көптеген жастарды өнер-білімге баулыған алтын ұя болған. Колхоздастыру кезінде мешіт астық қоймасына айналдырылып, пайдаланған.
1986 жылдан бері Қалжан ахун мешіті жергілікті маңызы бар ескерткіштер қатарында есепке алынып, мемлекет қамқорлығында сақталуда.
Қорытынды.Археологиялық және тарихи нысандарды сақтаудың бірден бір жолы оларды музейлендіру болып табылады, яғни ашық аспан астында музей құру. Өткен ғасырдың 50-ші жылдарынан бастап зерттеушілер археологиялық ескерткіштерді қорғау мен сақтауды қажет ететін мәдени мұраның бір бөлігі ретінде қабылдады. Музей қызметіндегі басым бағыттарының бірі археология ескерткіштерін сақтау болып табылады. Соңғы жылдары жоғарыда жазылған ашық аспан астындағы музейге айналған бірнеше археологиялық ескерткіштер зерттелуде. Аудан көлемінде жүргізіліп жатқан археологиялық қазбаларға облыстық және аудандық музей қызметкерлері де қатысып, өңіріміздегі археологиялық ескерткіштерімізді зерттеуде. Оларды облыстық, республикалық деңгейде насихаттап, таныту бағытында біршама жұмыстар арқарылуда.
Сыр өңірінің, оның ішінде осы Қышқаланың туристік аймаққа сұранып тұрғанын Ә.Х. Марғұлан атындағы археология институтының бас ғылыми қызметкері де атап айтты. – Көршілес Тараз қаласына барсаңыз, тарихи орындарға маршрут жасап, келген туристерді аралатады. Қазір шетелден елімізге көптеген адамдар келуде. Олар мына жаһанның заманауи жаңалығына тамсанбайды. Керісінше, осындай тарихи орындарды аралағанды ұнатады. Міне, Қышқала дегеніңіз күрежолдың бойында орналасқан. Мына тарихи ескерткіштерді қалпына келтіріп, жол салып, туристік аймаққа айналдырса, бұл жерге адамдар ағылады. Оның үстіне мұның тарихы ұрпақтан-ұрпаққа жетеді, – деді Д. Талеев.
Археологиялық мұраларды музеефикациялау негізінен туризм cаласын дамытып, археологиялық нысандарды жаңа қырынан түрлендіріп қазіргі қоғамға сай пайдалануға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда археология ескерткішін пайдалану тек қазба зерттеу барысында ғана емес, білім беру, мәдени және туризмді дамыту мақсатында да қолдануға болатындығын түсіндіреді [11, с. 84–88].
Осы деректер негізінде болашақта Асанас, Қосасар, Қышқала қалашықтарын музейлендіру туристік орталық қана емес, студенттер мен оқушылардың оқу процестеріндегі тақырыпқа сай әдістемелік сабақтарды ескерткіш басында ұйымдастыру, ғылыми-тәжірибеден өтетін орын болуына зор үлесін тигізбек. Ал, бұл орындар ортағасырлық қалалардың қорғаныс жүйесі, архитектурасы, технологиясы, көшелердің құрылымы жөніндегі дерек көзі бола алады. Сонымен қатар Қалжан ахун мешіт-медресесін бірінші кезекте республикалық маңызы бар ескерткіш статусына ие болуын және Қожа Ахмет Яссауи, Қорқыт ата кесенесі секілді туристік аймаққа айналдыру қажеттігі жөнінде ұсыныс білдірудеміз. Сонымен қатар мешіттің бір бөлмесінен музей экспозициясын жасақтап, аудандық музей қорындағы ахун тұтынған дүниелерді халыққа насихаттау мақсатында жобалар мен жоспарлар ұсынудамыз.
Қазақ жерінде қалыптасқан мәдениеттердің гүлденуіне үлес қосқан бұл ескерткіштер ашық аспан астындағы музейге айналса, ескерткіштердің тарихи бейнелері қалпына келтіріледі, тарихи-мәдени нысан мен халық арасындағы байланыс күшейеді. Сонымен қатар еліміз, өңіріміз туралы ғылыми-тарихи білім көкжиегі кеңейе түспек.
Мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков «Қай халықтың болса да рухани әлеміне саяхат оның көне ескерткіштері және тарихи орындарымен танысудан басталатыны мәлім» деген. Олай болса, тарихи мәдени мұраларымызды қорғау, сақтау, оларға жанашырлық танытып қамқорлық жасау әрбір Қазақстандықтың міндеті деп білемін.
Салтанат ҚУАНДЫҚОВА, Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі
Әдебиеттер:
- «Әділет» Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі. Сілтеме:http://adilet.zan.kz/. Қаралған күні: 06.04.2019.
- Сырдария ауданы әкімінің орынбасары Д.Байдушевтің «Сырдария ауданы бойынша тарихи-мәдени мұраларды пайдалану мен қорғаудың жай-күйі және оны жақсарту шаралары туралы» хабарламасы. 28.05.2023 ж.
- Тажекеев А.А. Асанас қалашығы туралы жаңа деректер (2020 ж. жүргізілген археологиялық зерттеулері негізінде), 2021 ж.
- Толстов С.П. По древним дельтам Окса и Яксарта. – М.: Издательство восточной литературы, 1962.
- Вактурская Н.Н. Новые данные о городище Асанас // Этнография и археология Средней Азии. – М., 1979.
- «Сыр бойы» газеті. – 2017 ж. – 22 маусым.
- «Ақмешіт апталығы» қалалық қоғамдық-саяси, әлеуметтік-ақпараттық, тарихи-танымдық газеті. – 2022 жыл.– №66, мамыр.
- Талеев Д.// Тіршілік тынысы. – 2023 жыл. – 15 шілде.
- Бердәулетов К. Сыр бойының саңлақтары. – Қызылорда: Сыр бойы, 2002.
- Байтенов Э. Мавзолей-медресе Калжан-ахуна // Свод памятников истории и культуры Республики Казахстан. Кызылординская область. – Алматы: Аруна, 2007. – 376 с.
- Мартынов А.И. Современные проблемы музеефикации памятников археологического наследия. // Вестник Алт ГПА: музееведение и сохранение историко-культурного наследия. – М., 2010.