Анонс


Алтай қазақтарының жәдігерлері

Бейсенбі, 04 Желтоқсан 2014 18:55
Алтай қазақтарының жәдігерлері KAZMUSEUM.KZ -  

Алтайдың арғы бетінен «қаймағы бұзылмаған қазақты көрдім» деп айтып жүретін үлкендердің сөзінің жаны бар. Салт-дәстүрін сол қалпында сақтап, ұлттық сипаттан әлі күнге дейін ажырамай отырған ағайын арасынан  атадан-балаға, баладан кейінгі ұрпаққа «мирас» ретінде тапсырылып келе жатқан небір керемет дүниелер мен құнды жәдігерлерді кездестіреміз. Қолында барын көзінің қарашығындай сақтап, аманатқа - қиянат жасамайтын қазақтың бүкіл тарихы мен болмысын  ғасырлар мен жүздеген жылдарға дейін жетіп отырған тарихи жәдігерлерден танып білуге болады.

Мұндай дүниелердің бір топтамасын жазушы, журналист, «Қазақстан журналистер одағының мүшесі» Бағдал Ақынұлы  ағамыздың  да шаңырағынан жолықтыруға болады. Өзі қалам тербеп, қоғамық  жұмыстар мен ел өміріндегі саяси оқиғаларды назардан тыс қалдырмай, кезекті басылымдарға тұщымды мақалалар  жазып, «ұлт болашағы үшін» деп  жүрген  ағамыз  өзіне жолыққан ескі жәдігерлер мен құнды дүниелерді жинастырып жүруді әдетке айналдырған.

Ер-тұрман (өмілдірік, құйысқан, терлік және тебінгісімен бірге 200 ден астам сынамалы күміс қолданылған) – Моңғолия Республикасының Қобда аймағында тұратын Қаламия Нұқтарұлының бес атасынан бері сақтап  келе жатқан дүниесі. Қазір Пайғамбар жасына келген Қаламияның әкесі Нұқтар 1880 жылдары Алтайдан (қазіргі Шыңжаң  - Іле Қазақ автономиясы) теріскей Қобда бетіне қоныс аударған қазақ руларымен бірге Моңғол жеріне көшіп барып 1950 жылы қайтыс болған.  Сол кісінің айтуы бойынша төртінші бабаларынан бері жалғасып келе жатқан құнды мұра. Шамамен екі ғасырға жуық уақыт қолдан-қолға өтіп, осы күнге дейін жеткен  бұл Ер-тоқымның негізгі әбзелдерінің барлығы күміспен қапталған.

Келі мен келісап –  1868 жылы Өр Алтайдың Көктоғайында  дүниеге келіп,  1962 жылы 94 жасында Моңғолияның Қобда аймағында  қайтыс болған Смағұл деген мерген адамнан қалған жәдігерлер. Өз заманында «Өр Алтайдың сұрмергені» деген атпен танымал болған батыр тұлғалы Смағұлдың әкелерінен қалған мұрасы болып саналатын бұл жәдігерлердің жасалғанына да үш ғасырға жуық уақыт өткен.

Қуаныш Тыныбекұлы,  

Теміртау қаласындағы Тұңғыш 

Президенттің тарихи-мәдени  орталығының қызметкері 

 

6836 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper