Хас шеберлердің мұралары Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі қызметкерлерінің әр жылдары ұйымдастырылған этнографиялық ғылыми-зерттеу экспедициялары барысында және халық қазынасына қамқор бола білген, қолөнерді шын сүйіп қастерлейтін қолөнершілердің, жәдігер жанашырларының музейге сыйға тартуымен жиналды.
Киіз басу өнеріне тоқталатын болсақ, оның әдіс-тәсілдері ғасырлар бойы өзгеріске ұшырамаған. Ол икемді, жұмсақ материал сондықтан көшпелі мәдениетте ең қажетті зат болды.
Текемет. Қолөнер үлгілерінің бірі киізге ою-өрнек түсіріліп басылған төсеніш – текемет. Ертеде ұзатылған қыз өзінің үйіне сәлемдеме ретінде текемет немесе сырмақ жіберетін болған. Текеметке салынған ою-өрнектер Қазақстанның әр өңірінде әр түрлі болып келеді. Еліміздің оңтүстік өңірінде текемет бетіне сары, қызыл, қара бояулар көп пайдаланылады. Ою-өрнектері мына үлгіде болып келеді: ортасына тұтастай бір ғана өте ірі ою тармағын түсіру немесе тұтас екі немесе үш ромб түсіріліп оның ішіне қошқар мүйіз өрнек салынып, жиектеріне айналдыра сыңар мүйіз өрнектер, сондай-ақ қос мүйіз, қаз мойын өрнектері түсірілген түрі көп тараған.
Геометриялық өрнек тобына жататын ромбы өрнегін Орталық Қазақстанда айшық, Солтүстік Қазақстан облыстарында екі көзді, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында шаршы деп атайды. (Жәнібеков, 1992, 49-53 б.б.)
Батыс Қазақстанда текемет бетіне үш немесе төрт жерден шеңбер ішіне сыңар мүйіз өрнегі айналдыра түсірілген түрі көп кездеседі.
Қызылорда облысында текеметтің бірнеше жеріне ромб тәрізді өрнек түсіріліп, оны айналдыра қошқар мүйіз өрнегі салынған түрі. Отырар қорық-музейінің қорындағы текеметтердің ішінен Түркістан облысы, Отырар ауданының Аққұм ауылының қолөнер шебері Несібелі Әбдіхалықовадан алынған текеметті ерекше атауға болады. Текеметтің ортасына үш жерден төрт құлақ, қолтықшаларына сыңар мүйіз ою-өрнегі түсірілген. Ал келесі түрі ромб ішіне қошқар мүйіз, ал шеттеріне сыңар мүйіз ою-өрнегі түсірілген. Әдетте текеметтің көлеміне қарай оған ірілі, уақты әр түрлі сәнді әшекей өрнектер салынады.
Сырмақ. Қолөнер үлгілерінің бірі сырмақтың көлемдері жағынан да, бетіне түсірілген ою-өрнектерінің ерекшеліктері жағынан да бірін-бірі қайталамайтын сан түрлі сырмақтар бар. Олар ақ сырмақ, қара ала сырмақ, жиекті сырмақ, дебіске сырмақ деп аталады. Сырмақ жасалатын киіз ою салуға, жиектеуге бөгет болмай тегіс жасалады, ол ақ немесе шымқай қара болуы шарт. Сырмақтың ортасындағы ою-өрнектер бір түсті мәнерде ойылып әр түрлі жібек жіптермен әсемделіп кестеленеді де қалың киізге жапсырылады. Ал, келесі түрі қой жүнінің екі түрін алып оюлап жасайтын болған. Тұтас үлкен қара киіз бетіне ақ киізден ойылған оюға, ақ киіз бен бетіне қара киізден ойылған оюға жиек басып сырмақты сырады да киіздің үстін түгелдей тігіп шығады. Сырмақ сыруда ірі ою-өрнектер кеңінен қолданылған.
Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің қорындағы сырмақтарға тоқталатын болсақ: сырмақтың ортасына үш жерден ірі ромб түскен ішіне төрт құлақ өрнегі түсірілген. Сонсоң ромбының сыртынан үлкен төрт бұрыш ішіне алған. Оны айналдыра мүйіз өрнегі түсірілген түрі. Ұзындығы – 2 м. 90 см. Осы аталған ою-өрнекті сырмақтар Отырар қорық-музейінің қорында көп кездеседі. Келесі түрі сырмақ бетіне ірі қошқар мүйіз шеттеріне сыңар мүйіз ою-өрнегі түсірілген түрі. Тағы бір түрі сырмақ ақ киізден басылып бетіне сыңар мүйіз, шеттеріне шет ою-өрнегі түсірілген. Ұз.-2м.98см.
Қазақстанның әр өңірінде сырмақ өрнектерінің ерекшеліктері бар. Оңтүстік өңірінде сырмақ бетіне ірі-ірі төрт құлақ өрнегі үш жерден түсіріліп оны айналдыра мүйіз өрнегі түсірілген түрі, сондай-ақ бетіне екі немесе үш жерден ромб түсіріліп оның ішіне төрт құлақ шеттеріне айналдыра қос мүйіз өрнектері түсірілген түрі көп қолданылады. Шығыс Қазақстанда кездесетін сырмақ бетіне гүлді тұспалдап тұратын айға, мүйізге, жапыраққа ұқсас элементтерден құралған шыныгүл ою-өрнегі түсірілгені, өсімдік элементтері кеңінен қолданылып, тіпті басқаша сипат алады. Келесі түрі сыңарөкше, төрт құлақ, арқар мүйіз ою-өрнектері түсірілген түрі көп кездеседі. Алматы облысында сырмақ бетіне өсімдік тектес, төрт құлақ, қима ою-өрнектері, Талдықорғанда, Қарағанды облысында сырмақ бетіне төрт құлақ, арқар мүйіз ою-өрнектері түсірілген түрі көп кездеседі.
Орталық Қазақстан, Семей өңірінде сырмақты қой жүнінің ақ, қара, қоңыр, боз түрлерінен екі түрін алып жасайтын болған. Ал, еліміздің Оңтүстігінде сырмақ ашық түсті, бірнеше бояуға боялып оюланатын болған.
Тұс киіз – екі түсті барқыттан, жібектен, шұға т.б.материалдардан ойылған өрнектерді жұқа әрі тығыз орналасқан ақ киіз шаршысына жапсырып, қабырғаға кілем орнына ілетін төсеніш. Тұс киіздің түрлі матаның бетіне кестелеп ою-өрнектер түсірілген түрі де бар. Қазақстанның әр өңірінде кездесетін тұс киіздің өз ерекшеліктері бар. Тұс киіз бетіне матадан түсті жіптермен кестелеп жұлдызша, өсімдік тектес, ою-өрнектер түсірілген түрі Орталық Қазақстанда көп кездеседі. Шығыс Қазақстанда барқыт, мақта матаның бетіне кестелеп өсімдік тектес ою-өрнектер түсірілген. Көкшетау өңірінде тұс киіздің бетіне шибарқыт матадан ойып арқар мүйіз, ал шеттеріне сынық мүйіз ою-өрнегі түсірілген. Сондай-ақ майда ромб ішіне төрт құлақ, ал шеттеріне мүйіз ою-өрнектерін шибарқытқа жапсырған. Шығыс Қазақстанда мақта мата, помази, драп, т.б. маталардан түсті жіптермен кестелеп шеңбер ішіне, жұлдызша, сыңар мүйіз, өсімдік тектес ою-өрнектер түсірілген түрі, тағы бір түрі бетіне түгел майда ромб, келесі түрі бетіне ірі арқар мүйіз ою-өрнегін кестелеп түсірілген түрі көп кездеседі. Талдықорғанда мақта мата бетіне түсті жіптермен кестелеп ортасына дөңгелек шеңбер ішіне өсімдік тектес, ал шеттеріне ірі өсімдік ою-өрнектері түсіріліген түрі көп кездеседі. Тұс киіз бетіне қошқар мүйіз, сыңар өкше өрнегі, шеттеріне ирек су өрнегі түсірілген, оны айналдыра арқар мүйіз өрнегі түсірілген түрі, сондай-ақ тармақты мүйіз өрнегі түсірілген түрі көп кездеседі. Оңтүстік өңірінде тұс киізді ақ немесе қара киізден басып бетіне матадан ойып өрнектер түсіреді де шеті шыт матамен көмкеріледі. Тұс киіздің бетіне ромб ішіне төрт құлақ өрнегі түсірілген, шеттеріне сыңар мүйіз ал одан жоғары мүйіз өрнегі түсірілген түрі көп кездеседі. Тұс киіз жасаушы шебер киіздің бетін оюлайтын маталарды өзінің ұнатуынша таңдап алады. Ал шетін бір түсті матамен көмкереді. Отырар қорық-музейінің қорындағы тұс киіздің мына бір түрі ақ түсті жүннен басылып бетіне төрт құлақ ою өрнегі матадан ойылып шетін шыт матамен көмкерген. Ұзындығы – 2 м, 86 см, ені – 1,78 см. Келесі түрі қара түсті жүннен басылып ортасына тұтас төрт құлақ, шеттеріне құс тұмсық ою-өрнегі түсірілген. Ұзындығы – 3 м.29 см, ені - 1 м.58 см.
Айнақап. Киізден жасалатын айнақап опа, айна тәрізді сәндеуге қажетті бұйымдарды салып шымылдыққа іліп қоятын бұйым. Айнақап төртбұрыш пішінді тұмарша тәрізді, қақпағы жабылатын етіп ақ киізден жасалады. Ондағы ою-өрнектер көбінесе мүйіз тектес болып келеді. Киізден құрап үй тұрмысына қажетті жасалған аяққап, айнақап сияқты бұйымдардың бетін қолдан әшекейлеп тігетін болған. Олар киіз үйдің ішін жабдықтап безендіруде қосылар жасау болған. Өйткені олардың көркем ою-өрнегі киіз үйдің ішкі бояуымен үндестік тауып тұтасып жатқан.
Еліміздің әрбір аймағында оюлар әр түрлі үлгіде дамып, өз ерекшеліктері болған. Барлық ою-өрнектердің бастапқы элементтерінің негізі мүйіз тектес ою-өрнектер болып саналады.
Аяққаптар.
Қырықтыққап.
Қазақ халқының өткен тарихын тарихи-мәдени құндылықтарымыздың киелі мекені – музей арқылы жас ұрпаққа танытудың маңызы зор. Түркістан облысы, Отырар ауданындағы Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің қорындағы жүннен жасалған бұйымдар музей қызметкерлерінің әр жылдары ұйымдастырған этнографиялық экспедициялары барысында және халық қазынасына қамқор бола білген қолөнерді шын сүйіп қастерлейтін қолөнершілер, жәдігер жанашырларының музейге сыйға тартуымен жиналды.
Қолөнер бұйымдарындағы ою-өрнектерге қарап, ата – бабаларымыздың ғылыми пайымы мен рухани өресінің аса жоғары болғандығын көре аламыз. Бұйымдардағы ою-өрнектер қоғамның дамуы жайында құнды мәліметтер береді. Халықтың өмір сүретін аймақтарына байланысты ою-өрнек үлгілері дамып отырған, мысалы, отырықшы өркениеттің өнері өсімдік өрнектері болса, көшпелілер мәдениетінде ыдыстарда айбарлы жолбарыс, таутеке, барыс, қабан, арқар, құлан т.б. жануарлар суреті салынды.
Отырар өңірінің мәдени мұрасын зерттеуде Отырар қорық-музейінің қызметкерлері өз үлестерін қосып келеді. Қолөнер бұйымдары ел тұрмысына сән беріп, адамдарға рухани азық әкелген, халық өмірмен бірге жетіліп келе жатқан өнер. Ертедегі ата-бабаларымыздың қолөнер үлгісін, шеберлігін сақтап қалып, кейінгі ұрпаққа жеткізу, үйрету бүгінгі таңда игілікті іс болып табылады.
Ақлима ЖҰМАШОВА, Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің бөлім меңгерушісі