Анонс


Музейдегі эпистолярлық мұра: Иманбаевтың Шүкіровпен хат арқылы сырласуы

Сейсенбі, 26 Қараша 2019 22:02
Музейдегі эпистолярлық мұра: Иманбаевтың Шүкіровпен хат арқылы сырласуы KAZMUSEUM.KZ -  

Осы уақытқа дейін Зейнолла Шүкіровтің эпистолярлық мұрасын туралы жариялаған болатынбыз. Аталған тақырыптың жалғасы ретінде жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаевтың біздің кейіпкерімізге жазған хатын ұсынамыз.

Солтүстік Қазақстан облысы, Сергеев ауданына қарасты Ортақкөл ауылында 1924 жылы дүниеге келіп, 1987 жылы дүниеден өткен белгілі жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаевтың З.Шүкіровке 1973 жылы жазған хаты:

«Зейнолла! Аман-саумысың, ден-саулық қалай? Творчество ше? Семьяң аман-сау ма? Сенің талантыңа бас иіп, шексіз сүйетіндігімнен өзің мен хат жазысып, хабарласып тұруды борыш санаймын.

Мен сені анада көріп, кітабыңды алғаннан бері шын достық көңілмен әркез еске ала жүретін болдым. Бұрыннан творчествоңды қызыға оқитынмын. Сенің шексіз дарыныңа, мол мүмкіндігіңе қайран қалатынмын.

Біздің жақта кітапқұмар жұрт өзіңді соншалық жақын тартып, сүйсіне атап отырады. Жазушы бақыты деген сол. Өз оқушыларыңды қуанта білу деген талант.

Сонымен өз жағдайыма келсем еңбектеніп жатырмын. Он бірінші кітапшам жарық көрді. Бәрі де ұсақ, қауқарсыз дүниелер. Жартысы балаларға арналған. Жақында шағын екі повесть пен бірнеше әңгімелерді топтап (10 б/т) тапсырдым. Елу жасқа келу қарсаңында жарық көріп үлгерсе деп едім. Кім білсін, ол жақ асықпайды ғой.

Үлкен семьям бар. Балалардың алды врач, мұғалім, инженер, кейінгілері институтта, мектепте оқысып жатыр. Өзім туған ауылымда тұрам. Еңбек адамдарының арасындамын. Бірақ тындырып жатқаным шамалы. Біреу ғана болса да жақсы кітап жазсам деп арман етулімін.

Сенің «Тоғысқан тағдырларыңды» әлденеше оқып шықтым. Сондай кітап жаза алсам деп арман етем!

Ішім жанып барады, ішім жанып,

Ісім қалып қойыпты, ісім қалып.

Ақ қағаздың үстінде құр толғанып

Қыса түсем қаламды құшырланып, –деп, өзің айтқандай, қаламды қыса ұстап алабұртып отырған жайым бар.

Сонымен Зеке, бауырым, көп жазып жалықтырып жібергім келмейді.  Аз жазсаң да, жағдайыңды хабарла, творчествоң қалай? Немен айналысып жүрсің, т.с.с. Сіздің «Ленин жолында» Тасекеев Досмағанбет деген досым бар еді. Хат жазбайды. Баспасөзде де көрінбейді. Ол екеуіміз тұңғыш жинақтарымызды бір алып едік. Жазушы болып туған жігіт еді. Жазбай кетті. Еш жерден кездестіре алмай жүрмін. Сәлем айтарсың, арнайы қолын ұстап. Хат жазуға адресі жоқ.

Денің сау, көңілің қош болсын, Зекем. Екі аяғыңа мініп аршындай басып кетуіңе көппен бірге мен де шексіз тілектеспін. Семьяңа, достарыңа мыңдаған сәлеммен қаламдос досың Зейнел-Ғаби Иманбаев. 24/ІІ-1973».

 

Жазушылық еңбек пен оған берілген өнердің әр алуан талайы мен тағдыры бар. Зейнел-Ғаби жазушы өз хатында өзіне лайықты, толық құлаш сермеп шығатын тақырыбын таппай жүргендігін, Зейноллаға қызғана емес, қызыға қарап, «Тоғысқан тағдырлар» сынды еңбек жазғысы келетінін баян етеді. Зейнолланың алдында төмендедім деген ойдан аулақ, қайта мықтыны мойындау бар. Кең өмірде көлдей иен, тамаша тақырыптар арасында көп түртініп, өнімсіз жүріп қалғандығын айтып, налиды. Баспаға шыққалы тұрған кітабына көңілі толмайтыны айтылады.

Есімі онша шыға қоймаған, сол жылдары «Ленин жолында» қызмет еткен  Тасекеев Досмағанбетті ірі жазушы ретінде бағалайтынын, қолын қыса отырып, сәлем айтуын сұрайды. Қазақ әдебиетінде сәтімен өз арнасын таба қоймаған жазушы, Сыр елінің тумасы Тасекеев Досмағанбет те З.Шүкіровпен хат жазысып тұрған. Жазушының ең үлкен жұбанышы, оның шығармаларындағы кейіпкерлердің оқырманға соншалық етбауыр жақынындай боп, таныса табысып кетуінде. З.Иманбаев Зейнолланың шығармаларын Алматының оқушы қауымының үлкен махаббатпен қабыл алғандығын баса айтып, шабытына шабыт қосты. Осылай Зейнел-Ғаби ағасы Зейнолла інісінің шығармашылығына қажыр-қайрат берген. Туындылары халықтың ұдайы есінде жүретін жақынындай болса, қымбаты, қимасы боп кетсе, жазушыға одан үлкен мұрат, одан асқан мақтан жоқ. Зейнел-Ғаби – Зейнолланың алшаң басып жүріп кетуіне тілекші жандардың бірі, айнымас досы. Хатта жігерлендіру, шын достық көңіл басым.

 

Әйгерім БЕККУЛИЕВА, Қызылорда облыстық тарихи-өлктану музейінің «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі

ЖАЛҒАСЫ БАР.

 

Басы МЫНА ЖЕРДЕ

3993 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper