Әсіресе, депутат Гүлнәр Ықсанова: «Әлемдегі көптеген музейлерде, мәселен, Лувр, Британ музейі, Британ кітапханасы, Метрополитен музейі, Эрмитажда біздің мәдени құндылықтары-мыз бар. Қазақ хандарының хаттары, руна жазбаларының ескерткіштері, қалалардың карталары, Кенесарының қылышы, Бөкей ордасы ханының суреті, Абылай ханның заттары секілді жәдігерлер шетелде қойылған. Осы экспонаттарды біртіндеп қайтару бойынша стратегиялық жұмыс жүргізу қажет. Бұл біздің ұлттық идеямыз болуы тиіс» деген болатын.
Шетелдегі музейлерде біздің талай құндылықтарымыз қайтарусыз жатқаны шындық. Егер біз ұрпағымыздың болашағына алаңдаған, тарихтан тағылым алған ұлт болсақ, сол экспонаттарды сұратуымыз керек. Кезінде Эрмитаждағы Тайқазанды да елге қайтардық емес пе? Ендеше, еларалық келісім жасап, жәдігерлерімізді неге алдырмасқа?
Шетелде біздің қандай құндылықтарымыз бар? Алдымен АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында орналасқан Метрополитен музейінен бастасақ. Метрополитен – әлемдегі зиярат жасаушылары жөнінен төртінші орында тұрған атақты музей. Бүгінде музей топтамасында 2 миллионнан астам өнер туындасы бар, соның ішінде біздің тарихымызға қатысты мол дүние сақталған. Тікелей қазаққа қатысты болмаса да, біздің бабаларымыздың тәбәріктері бар. Сақтардан, ғұндардан, қыпшақтардан, алтынордалықтардан, моғолдардан, мәмлүктерден қалған мол дүние осы музейде сақтаулы тұр.
Осылардың ішіндегі ең құндысы – Алтын орданың билеушісі Жәнібек ханның дулығасы. Заманында бұл дулығаны еуропалық саяхатшылар Тибеттен әкеліпті. Дулыға Тибетке қалай барған? Бұған қатысты да ғалымдардың болжамы бар екен. XVII-XVIII ғасырларда Қазақ даласына жоңғарлардың көз алартқанын білеміз. Міне, осы кездегі қанды шайқастардың бірінде жоңғарлар ханның дулығасын қолды қылып, Далай Ламаға сыйға тартқан-мыс. Бірақ бұл да дәлелденбеген болжам ғана.
Тибеттен кейін дулыға Артур Окс Цульзбергер деген америкалық коллекционердің қолына түскен. 2007 жылы Цульзбергер ханның дулығасын Метрополитен музейіне тапсырған. Дулығаны XIV ғасырда ордалық шеберлер жасаған. Негізін болаттан құйып, сыртын күміспен көмкерген. Биіктігі – 20-23 сантиметр, диаметрі – 22 сантиметр. Үшкір төбесі өткір қырлы болып келеді. Төменгі жиегінде араб қаріптерімен «Құрметті, қайырымды, ұлық, жеңімпаз, сұлтан Махмұд Жәнібек» деген күміс жалатыла ойып бедерленген жазу бар. Айтпақшы, Жәнібек хан туралы айтқанда мынаны білу керек, бұл дулыға Алтын орданың ханы Жәнібек Өзбекұлына тиесілі. Жәнібек хан – Шыңғыстың ұлы Батудың ұрпағы. Жерленген жері – қазіргі Сарайшық. Сондықтан оны Қазақ хандығының негізін қалаған Жәнібек Барақұлымен шатыстырып алмайық.
Метрополитен музейінде сақталған тағы бір құнды жәдігер – қыпшақтан шыққан мәмлүктердің 18-әміршісі Қайтбай сұлтанның тостағаны. Биіктігі – 12,7 сантиметр, диаметрі – 36,8 сантиметр. Тостаған 1468 жылы жезден жасалған, күміс жалатылған. Бастапқыда тостаған қыпшақ сәулеті бойынша жасалған, 1517 жылы оны түріктер қолды қылып, аздап өрнектерін өңдеген екен. Бұл жәдігерді Артур Мур деген коллекционер сақтап келіпті. Метрополитен музейіне жәдігерді 1891 жылы өткізген.
Қайтбай сұлтан Қыпшақтың (қазақтың) шеркеш руынан шыққан. Бейбарыс бабамыз секілді Қайтбай да жиырма жасында мысырлық саудагерге сатылған. Кейін әскери қимылдарымен көзге түсіп, сарай күзетінің мүшесі, мәмлүктердің мыңбасысына дейін көтерілді. 1468 жылы сұлтан тағына отырып, 1496 жылға дейін Мысыр мен Шамды (Сирия) билеген. Метрополитеннен басқа да музейлерде Қайтбайға қатысты жәдігерлер көп сақталған. Түркияның Топқапы сарайында Қайтбай сұлтанның сауыты бар. Ал Вашингтон музейінде сұлтанның кілемшесі тұр.
Атақты Британ музейінде де қазаққа қатысы бар жәдігерлер жетерлік. Соның ең негізгісі – Бейбарыс сұлтанның алтыннан жасатқан динарлары. Әр жылдары, әртүрлі пішінде шыққан динарлар музейдің тиындар қорында сақтаулы тұр. Ал Британ кітапханасында Бейбарыс сұлтан жасатқан көне Құран бар.
Ресейдің Петербор қаласындағы І Петр атындағы Антропология және этнография музейі (Кунсткамера) қазақтың қолөнер бұйымдары мен тұрмыстық заттарына бай. Музей қорындағы фотомұрағаттың өзі бір төбе. Әсіресе, суретшілер А.Померанцев (1851 жыл) пен Павел Кошаревтің (1856 жыл) салған суреттері, генерал-адьюдант Константин Фон Кауфман құрастырған «Түркістан альбомы» (1871-1872 жылдар), этнографтар Самуил Дудин (1899 жыл) мен Клавдий Щенниковтің (1908 жыл) фотоколлекцияларында қазақтың бай тарихы тұнып тұр. Осылардың түпнұсқасын болмаса да, сапалы көшірмелерін елге әкелсек, тарихымыз үшін мол олжа болар еді.
Бұл музейде қазақ тұлғаларының жәдігерлері де жетерлік. Музейге орыс коллекционерлерінен бөлек әр жылдары Шыңғыс Уәлиханов (Ақмола облысы), Лайымжан Беркімбаев (Торғай облысы), Хасан Имамбаев (Торғай облысы), Расул Мұхаммедов (Маңғыстау облысы), Борис Балмұқанов (Алматы облысы), Нұржақып Нұрсейітов (Ақмола облысы), Нұрилә Шаханова, Қабиден Жайбосынов секілді қазақ коллекционерлері өздері жинаған жәдігерлерді өткізіп отырған. Соның бірі – Шоқанның әкесі Шыңғыс Уәлихановтың пышағының қыны. Жалпы ұзындығы – 42 сантиметр, пышағының ұзындығы – 26 сантиметр. Соған қарағанда, пышағы да болған болуы керек. Өкінішке қарай, сақталмаған екен.
Академик Әлкей Марғұланның жазуына қарағанда, Шыңғыс қазақ даласынан көптеген этнографиялық экспонат жинапты. Онысын Мәскеу өнеркәсіп көрмесіне ұсынған. Кейін профессор В.В.Григорьевтің өтінішімен бұлардың біразын Петербор, Мәскеу музейлеріне алып қалған. Петерборда өткен «Үшінші халықаралық шығыстанушылар конгресі» көрмесіне арнап Шыңғыс Абылай мен Уәли хандарға тиесілі бірқатар жеке бұйымдарын жіберген. Олардың арасында ең сапалы ер, тастан қашалған көне бұйымдар, білтелі мылтық, алтынмен әдіптелген, күміс, асылтастармен көмкерілген қорамсақ, күміспен жиектелген былғары қынды алмас қылыш болған. Бұл экспонаттарды сол кезде П.П.Семенов-Тяньшанский жоғары бағалаған екен. Өкінішке қарай, солардан сақталғаны осы пышақ қыны ғана. Кім біледі, бәлкім, ниет қойып іздесек, басқа музейлерден табылып қалуы да мүмкін.
Лайықжан Беркімбаев пен Хасан Имамбаев музей қорына жүздеген жәді-гер өткізген. Сол коллекциялардың арасында сондай сапалы етіп жасалған кісе белдік бар. Белдіктің анықтамасында «Жинаушының берген мәліметіне сенсек, бұл белдік сұлтан Кенесарының ағасына тиесілі болған» деген жазу бар екен. Соған қарағанда, кісе белдік Саржан сұлтанның меншігі болуы әбден мүмкін.
...Енді Кенесарының өзіне тоқталсақ. Ресейдегі Омбы мемлекеттік тарихи-өлкетану музейінде Кенесарының мылтығы сақталған. Мылтықтың бұл музейде тұрғанына ендігі ғасырға жуықтады. Оны Кенесарының қайтқанына 35 жыл толған 1882 жылы М.Дүсентаев деген қазақ генерал-губернатор Г.Колпаковскийге сыйға тартыпты. Колпаковский сұлтанның мылтығын Императорлық орыс географиялық қоғамының Батыс-Сібір бөліміне тапсырған. Сол жерден Омбы музейіне қойылған.
Ал Кенесарының бассүйегі әлі еш жерден табылмай тұр. Ел аузында бас сүйектің Эрмитажда, Кунсткамерада, ҒЗИ мұрағатында сақталғаны айтылғанымен, әлі күнге шейін бір хабары жоқ. Тарихшы Сұлтан Хан Аққұлы РФ Федералды қауіпсіздік қызметі мұрағатындағы Андрей Палашенковтың жеке қорынан сарғайып кеткен қағаздарды тапқанын сүйіншілей жазған еді. Міне, осы қағазда «Уақыттан сарғайып кеткен адамның қатты бас сүйегі, оның маңдайында қазыналық мөр бастырылған екен. Бұл – Абылай ханның немересі, сұлтан Кенесары Қасымұлының бас сүйегі…» деген жазу бар екен. Соған қарағанда, бас сүйек орыс музейлерінің бірінде жатқаны сөзсіз. Осыдан біраз уақыт бұрын ҒА Музейлер қорының бұрынғы директоры Юрий Хорошилов та: «Кенесарының басы кеңестік кезеңде КСРО-ның Гохранасында (Федералды қазыналық мекеме) сақталып жатқан, ал қазір Ресейдің Гохранасында сақталуда» деген әңгіменің шетін шығарды. Алайда Гохрана қорындағы экспонаттар арасы-нан да бас сүйек табылмай тұр.
«Іздеген жетер мұратқа» деген. Бірігіп іздесек, сұратсақ, алдырсақ, талай тарихтың беті ашылары сөзсіз. Сондықтан тарихшылар, музей қызметкерлері болып жат жерде қалған тарихи тұлғаларымыздың жәдігерлерін жинауымыз керек.
ҚР Ұлттық музейінің директоры Дархан Мыңбай Астанада өткен бір дөңгелек үстелде: «Ұлттық музей ашылғалы бері Ресейдің музейлерімен келісімшартқа отырдық. Бұл жұмыстардың бәрі де өз тарихымызды түгендесек, өшкенімізді іздесек деген мақсатта жасалуда. Кезінде шетке шығып кеткен дүниелеріміздің көшірмесін алып елге таныстырсақ, ол халқымызға тарихты таныту үшін жасалған үлкен жетістік болар еді» деген болатын.
Рас, шетелдердегі қазақтың құндылықтарын қайтару күн тәртібіндегі мәселе болуы керек. Сол сияқты, ел арасында сақталған бабалардың бұйымдарын жинап музей төріне ұсыну – біздің міндетіміз. Осы бағытта «Ұлттық музейге сый тарту» акциясы жүріп жатыр. Акцияның арқасында мыңдаған құнды жәдігер музейлерге табысталды. Енді әлі күнге дейін ұрпақтарының қолында жүрген Бөгенбай батырдың дулығасын, Қабанбай батырдың найзасын, Ақтамберді жыраудың сауытын, Абайдың бәкісін де мемлекет өз мойнына алып музей төріне қойса, нұр үстіне нұр болар еді.
Серікбол ХАСАН,
АЙҚЫН газеті.
Басты суретте: АҚШ-тың Метрополитен музейі