Анонс


Археологиялық ескерткіштер — құнды деректер

Жексенбі, 15 Тамыз 2021 21:50
Археологиялық ескерткіштер — құнды деректер KAZMUSEUM.KZ -  

Археологиялық ескерткіштер — құнды заттай деректер. Оларды зерттеу арқылы өткен тарихи кезеңдердегі Ұлы даланың кеңістігін қоныстаған көптеген тайпалық одақтар, олардың құрған мемлекеттерінің тарихы мен мәдениетінің белгісіз беттерін ашуға қол жеткіземіз.

Ақтөбе — көне ескерткіштерге өте бай өңір. 2017-2018 жылдары Ойыл, Қобда өзендері бойында жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесінде 300-ге тарта ғұн дәуірінің ескерткіштері анықталды. Көшпелілер тарихына және ғұндарға қатысты ескерткіштердің табылуы — Қазақстан тарихының ғылымы үшін маңызды оқиғалардың бірі.  

 2019-2020 жылдар өлкеміздің археология саласы үшін жақсы жаңалықтарға толы болды. Осы жылдары облыстық тарихи-өлкетану музейінің археологиялық тобы тарапынан Ақтөбе облысының территориясында бірнеше жерлеу-ғұрыптық кешендерді зерттеу экспедициялары ұйымдастырылды. Зерттеу жұмыстарына өңіріміздің Ойыл, Әйтеке би, Ырғыз және Шалқар аудандары қамтылды. «Шеңбертал-I», «Құмсай», «Сорлақмола-ІІ», «Шөптікөл-ІІ» қорымдарына археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар көптеген археологиялық, этнографиялық ескерткіштер анықталды.

 Ескерткіштің төтенше жағдайына және адамзат тарихының түрлі кезеңдерінде қиратылған қорымдардың табылуына байланысты жүргізілген «Қаздыарал-I» тұрақ -қорымындағы қазба жұмыстары ерекше болып табылады. Географиялық тұрғыдан зерттелетін аймақ — Арал-Каспий аймағының жартылай шөл және шөлейт аймақтарымен ұсынылған кең аймағына кіреді.

 Ойыл, Әйтеке би, Шалқар аудандары аумағында жүргізілген барлау жұмыстарының нәтижесінде кең хронологиялық диапазонды немесе тас дәуірінен қазіргі заманға дейінгі 130 тарихи-мәдени ескерткіштер тіркелді.  2019 жылы ғұн-сарматтар кезеңіне жататын ескерткіштерді зерттеу жұмыстары бойынша «SASPlanet» бағдарламасының камералдық жұмыстары барысында ғұн-сарматтар кезеңінің 10 ескерткіші анықталды. Ойыл өзені бойында Көсембай ауылының оңтүстік-шығысында 13 шақырым жерде орналасқан «Тілепмола-І» қорымына топографиялық түсірілімдер жасалды. Бұл ескерткіш 2018 жылы зерттеу жұмыстары жүргізілген «Ақбұлақ» қорымының жалғасы болып табылады.

 Ақтөбе өңірінде археология саласы жылдан-жылға қарқынды дамып келеді. Оған дәлел ретінде қазба жұмыстары нәтижесінде табылған тарихи құнды, бірегей жәдігерлерді айтуға болады.

 Облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми-зерттеу жұмыстарының маңызды бағыттарының бірі — археология. Бүгінде музей археологтары егеменді еліміздің батыс өңіріндегі алдыңғы қатарлы кәсіби мамандар ретінде аталып жүр. Атап айтсақ, олар музейдің аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Арман Бисембаев, аға ғылыми қызметкерлері Аслан Мамедов, Нұрсұлтан Баиров, Нұрбол Бидағұлов, кіші ғылыми қызметкерлері Нұршат Оразмағанбетов, Баубек Мелисов...

 Музей жетекші мәдени, ғылыми-зерттеу орталықтарымен тығыз байланыс орнатқан. Олардың қатарында Әлкей Марғұлан атындағы Археология институты, Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты, сонымен қатар Ресей Ғылым академиясының Материалдық мәдениет тарихы институты бар. Аталған академиялық институттармен бірлескен ауқымды жобалар аясында көптеген жұмыстар атқарылды. Музей мамандары алыс және жақын шет мемлекеттердің ғалымдарымен тығыз байланыста жұмыс жасап жатқанын ерекше атап өткеніміз жөн. Оған мысал, облыстық тарихи-өлкетану музейінде екі жыл сайын «Қадырбаев оқулары» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы ұйымдастырылып, өткізіліп келеді.

 Археология саласындағы жаңалықтардың бірі —Темір ауданының Taсқопа ауылы маңындағы элиталық қорымнан Сақ-сармат дәуіріне жататын бірегей құнды жәдігерлердің табылуы.

  2019 жылдан бері облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің  қолдауымен Әлкей Марғұлан атындағы Археология институты Ақтөбе облысының аумағында ауқымды археологиялық және этнографиялық зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Зерттеу жұмыстарының бір бағыты облыс аумағында көп кезедесетін, ерте темір дәуірімен сәйкес келетін ежелгі көшпелілерге тиесілі археологиялық ескерткіштерді атап өтуге болады. 

 Археологиялық қазба жұмыстары Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтымен «Ақтөбе облысының киелі жерлері» аймақтық жобасы аясында тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Арман Бисембаевтың жетекшілігімен жүргізілді. Аталған жоба Ақтөбе облысының тарихи-мәдени құңдылықтарын дәріптеу мақсатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалалары аясында жүзеге асты.

 Өте сирек кездесетін бірегей археологиялық материалдар 2019 жылы Ақтөбе облысының Темір ауданы Тасқопа ауылының территориясында орналасқан элиталық обадан табылды. Ескерткіш Ойыл аңғарына жататын ескерткіштердің қатарын енеді. Қазба жұмыстары барысында алынған алтыннан жасалған бұйымдар сарматтар қауымының даму деңгейінің жоғары болғанын айқындайды. Археологиялық материалдарға консервациялық және ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізілді. Зерттеу материалдары өңірімізде ежелде өмір сүрген халықтардың жерлеу орындарының ерекшеліктері мен діни-мифтік көзқарастары бойынша мағлұмат беріп қана қоймай, олардың киім-кешектерін реконструкциялауға да мүмкіндік берді. Әлкей Марғұлан атындағы Археология институты, облыстық тарихи-өлкетану музейі және Ресей Федерациясы Ғылым академиясы Материалдық мәдениет тарихы институты мамандарымен консервациялау мен ғылыми өңдеу жұмыстарынан кейін сармат көсемінің бет-бейнесі қайтадан қалпына келтіріліп, музейдің көрме залына қойылды. Осыдан екі мың жарым жыл бұрын өмір сүрген Сармат көсеміне тиесілі алтын бұйымдар ел ауызында Ақтөбеден табылған «Алтын адам» аталып кетті.

 Көпшіліктің қызығушылығын арттыратын құнды экспонат Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына үлкен тарту болды. Ғалымдар құнды жәдігер бір өлкенің ғана емес егеменді еліміздің тарихында ерекше орын алатын тарихи құндылық деп жоғары бағасын берді.

 Табылған сармат көсемінің қайта қалпына келтірілген бейнесі еліміздің ғылым саласы үшін маңызы өте зор деп білеміз. Облысымыздың брендіне айналатынына күмән жоқ.

 Үстіміздегі жылдың маусым айында облыстық тарихи-өлкетану музейінің археологиялық тобы және Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетімен бірігіп, «Қурайлы-ІІІ» қорымында жоспарланған археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. Өткенге көз жүгіртсек, өткен ғасырдың 70-жылдары дәл осы қорымда қазба жұмыстары жүргізілген екен. Қорым Елек өзенінің сол жағалауында орналасқан. Қалаға жақын болғанымен, Мәртөк ауданының аумағына кіреді.  Шамамен б.з.д VI ғасырдың ортасы мен V ғасырдың басына жатады. Яғни, 2400-2500 жыл бұрынғы ескерткіш деп айтуға болады. Қорымда сол кездері Електі бойлай көшкен Сарматтар жерленген екен. Билеуші элитаға тән белгілері бар. Мұнда бір отбасы жерленген деген болжам бар. Қазба жұмыстары кезінде 8 адамның сүйегі табылды. Көбі ер адам. Сүйек қасық, темірден жасалған қанжар мен қылыш, қоладан жасалған жебе ұшы бар. Бір ерекшелігі, табылған олжалар бір-біріне мүлде ұқсамайды. Тіпті кейбірі археологияда алғаш рет табылды. Негізгі сүйек жанында балалар, жасөспірімдер, әйелдер жерленген. Тастан жасалған жәдігер де бар. Қола айна, алтын сырға, сақина, қыштан жасалған ыдыстар табылды. Кейбірінде бір, екіншісінде 3-4 адамның сүйегі жатыр. Сонымен бірге ат әбзелдері де кездеседі. Қанжар, әшекей бұйымдар, темірден жасалған құрбандық шалатын ыдыс та бар.

Археологтардың айтуларына қарағанда, табылған бірегей бұйымдарды арнайы зертханалық өңдеулерден кейін бастапқы түсінде көруге мүмкіндік болады. Сонымен қатар «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында жүргізіліп жатқан зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Мұғалжар ауданының аумағындағы Жағабұлақ қорымынан құрбан шалынатын орын мен көне жәдігерлер табылды. Құрбан шалынатын орын тастан салынған, ал көне жәдігерлердің арасында алтынмен қапталған семсер бар.

 Жағабұлақ қорымы — біздің дәуірімізге дейінгі VI-V ғасырларға тән ірі кешен. Табылған көне жәдігерлердің арасында қола айналар, басқа да алтын бұйымдар бар. Ғылыми-зерттеу жұмыстары жалғасуда.

Сондай-ақ, Қарғалы ауданынан қола дәуірінің қоныс-мекендері табылды. Мұндағы үлкен олжа — көне металл пеш. Бұл біздің жерімізді мекендеген көне тайпалардың металл өндірумен айналысқанын көрсетеді.

 Облыстық тарихи-өлкетану музейінің археология және этнография ғылыми-зерттеуді қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Бекнар Есіркеповтің айтуына қарағанда, Археология залы бойынша оның ғылыми қорындағы археологиялық топтамасына тұтас ғылыми жүйелеу жұмыстары жүргізіліп, зал экспозициясына қойылатын экспонаттар тарихи кезеңдерге бөлініп, оның ішінде пайдалануына байланысты қару-жарақтар, тұрмыстық бұйымдар, нанымдық дүниелері толықтай іріктеліп, олардың ішіндегі іріктелген экспонаттар арасынан экспозицияға лайықты, ғылыми ерекше бұйымдар таңдалды.

 Қазір Ақтөбе облысының аумағында тіркелген археологиялық ескерткіштердің саны бірнеше мыңдап саналады. Олардың қатарына көне тұрақтар мен қоныстар, қорымдар мен обалар, тасқа қашап түсірілген суреттер, ежелгі кең өндіру орындары, және басқа да ескерткіштердің түрлері жатқызылады.

 Археология залында өңір археологиясының дамуына өлшеусіз үлес қосқан ғалым-зерттеушілер, сонымен қатар тыңғылықты ізденіс жұмыстары барысында табылған ежелгі дәуірлерден бастап жаңа заманға дейінгі кезеңдерге жататын түпнұсқа олжалармен танысуға болады.

 Зал тас дәуірінен бастап ортағасырларды қоса қамтитын өлкемізде түрлі, өзіндік қайталанбас өркениетін қалыптастырған ежелгі қауымдастықтардың тарихы мен мәдениетінен кең көлемде сыр шертетін он тақырыптық экспозициядан тұрады.

 

Сағымбек ҰЛЫҚПАНОВ, Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің менеджері

 

 

Басты суретте: Музейдің Археология залы. Мәтін арасындағы суретте: Археология залындағы Қызылүйік ғибадатханасының диорамасы.

1477 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper