Анонс


Серікбол Қондыбайдың «Жауынгерлік рух» кітабы

Бейсенбі, 23 Қыркүйек 2021 22:17
Серікбол Қондыбайдың «Жауынгерлік рух» кітабы KAZMUSEUM.KZ -  

Аққан жұлдыз, әмбебап жұлдыз – Серікбол Қондыбай, түркі әдебиет әлеміндегі ерекше тұлға, таң қаларлық құбылыс. Бірнеше кітаптары /«Маңғыстау географиясы», «Қазақ даласы және Герман тәңірлері», «Қазақ мифологиясына кіріспе», «Маңғыстау мен үстірттің киелі орындары», «Есен қазақ», «Гиперборея: түс көрген заман шежіресі», «Арғықазақ мифологиясы» атты 4 томдық/ жарыққа шықты. Кітап болғанда қандай? Келер күнге нық басып баратын – осындай еңбектер.

Марқұмның өзі үлгере алмай артында қалдырып кеткен әдеби мұралары да мол екен. Солардың бірі – «Жауынгерлік рух» кітабы.

«Жауынгерлік рух» кітабы 4 бөлімнен тұрады. Тақырыбының өзі-ақ бұрын беймәлім көп нәрсені аңдатқандай. Мұнда қазақтың жауынгерлік әскери қару-жарақтары, әскери атақ-атаулары, шен-дәрежелері, ежелгі әскери музыкалық аспаптары, соғыс өнері, әскери айла, ту, елтаңба және олардың түп негізі сөз болады. Әмбебап зерттеуші қай тақырыпты да жан-жақты ашуға тырысқан, соның көпшілігі бүгінгі-ертеңгі елдігімізге байланысты.

Қазақстан – тәуелсіз ел, өз армиясы бар, оның рухани патриоттық ахуалына қалай болса, солай қарауға болмайды. Автор осы мәселеде бүгінгі әскери киімнің сүреңсіздігі, талғамсыздығы, қатардағы жауынгерден бастап, офицерлік құрам мүшелерінің рухани патриоттық ғұрып-рәсімдік комплексінің жұтаңдығы, оның ұлттық дәстүрлерден нәр алмай жатуы, әскери бас киімнің өте үлкендігі, тәуелсіз халықтың қарулы күштерінде баяғы орыстық-кеңестік  әскери терминдердің мызғымастан өзгермеуін сынға ала келіп, оны жоюдың жолдарын, тығырықтан шығудың оңтайлы тәсілдерін ұсынады.

Тәуелсіздік алғаннан бері он жылдан аса уақыт өтсе де жауынгерлік армияның кеңестік киім кию үрдісінен шыға алмай келе жатқан орынсыз еліктеуіне автордың көзқарасы байқалмай қалмайды. «Бір таң қаларлығы – дәл осындай киімді полиция да, кеден, прокуратура, т.б. әскерилендірілген құрылымдар сақтаған. Ресейден басқа жер бетіндегі 200 елдің ішнен үйренуге болар еді ғой. Не деген бір жақтылық десеңші. Құдды бір орыстан, кеңестік заманнан басқа үйренетін, тәлім алатын ел жоқ сияқты...

Шығармашылық, дизайнерлік ойдың жұтаңдығын әскери киімнен ғана емес, әскери айырым белгілерінен де /пагон, петлица,т.б./ әскери символика мен эмблематикадан да /тулар, штандарттар, т.б./ аңғаруға болады. Бар болғаны – кеңес дәстүрінен және 1991 жылдан кейінгі орыс дәстүріне елітеу. Еліктегенде де өте сәтсіз, талғамсыз, ойсыз еліктеу ғана...»

Қаламгер баса тоқталған кемшілік әскери терминологияда жатыр. Жаңылмайтын, жазылмаған қазақтың жады сақтаған ежелгі әскери терминдермен Шыңғыс хан заманына бермен қарай қолданған басылымдарда өте сирек ұшырасатын әскери сөздерге кезең-кезеңімен түбірлі барлау жасайды. Серікбол – оқушы кезінен терең болатын. Сол тереңдігін әскери сөздердің түп-төркінін ашуда, оны басқа халықтардың тілімен салыстыра отырып, түсіндіріп беруде қатты байқатады. Еңбектің бұл тұстарын риза болмай оқу мүмкін емес.

Оның ойының тереңдігі мен ұшқырлығы еңбектің әскери қару-жараққа қатысты 100-ге тарта сөзді қарастырып, оның 86-сына ерекше тоқталып, полковник пен скиперлерге қатысты 43 сөзге талдау жасап, 9-ның көне түрік-арғықазақ заманындағы реңкіне терең бойлауы, кітапта қарастырылған ұзын саны 1500-ге тарта сөзді еркін, түбірлі талдап шыға алғанында. Ойы жүйелі, нық, ғылыми тірек негізі берік қалыптасқан, нағыз шын ғалымның талдауы. Әрине, автор ұсынысы орынды. Шынында, әскери терминологияда түбірлі бет бұрыс – революция жасалуы керек.

Алайда авторға сұм ажалдың арагідік кейбір тақырыптардың ойын аяқтауға, тиянақтауға мұрсат бермегенін оқырманның қаперіне береміз.

Біздің бүгінгі мемлекетіміздің жауынгерлерінің бірінші кезекте оқитын кітабы осы болса құба-құп болар еді... Тіпті кітапты жоғарғы сыныптарда сабақ ретінде өтілетін «Бастауыш әскери дайындық» пәніне қосымша оқулық ретінде ұсынуға болады.

Бұл еңбек тарихтың бірнеше қалтарыс, қатпарынан танымды тірілткен мазмұнымен, тың сонылығымен, күрделі ғылымилығымен құнды.

Бүгінде қазақтың өз мемлекеттігі, өз армиясы бар. Бір сөзбен айтқанда, қазақ өзінің дегеніне жетіп отырған сияқты. Бірақ қазіргі әскеріміздің жай-күйіне қарап отырып «қарның ашады». Бұл тек әскер ішіндегі психологиялық ахуалға, қарулы күштердің материалдық-техникалық жарақтануымен экономикалық-қаржылық жағдайына қатысты айтылып тұрған сөз емес. Біз осылармен қатар, қатардағы жауынгерлерден бастап, жоғарғы офицерлік құрамның мүшелерінің рухани-патриоттық ахуалының тым төмендігін де айтып отырмыз. Ең ақыры дегенде жауынгердің киетін киімінің сүреңсіздігі мен талғамсыздығы да әскери терминология мен символика, ғұрып-рәсімдік комплексінің де жұпынылығы, ұлттық дәстүрлерден нәр алмай жатуы көзге ұрып тұрады.

Тәуелсіз халықтың қарулы күштерінде баяғы кеңестік-орыстық әскери терминдер мызғымастан қалып отыр. Әрине,  терминологияны түгелдей өзгерту мүмкін емес. Кейбір салаларда оларды ауыстыру ықтимал болғанның өзінде де тарихи ұлттық дәстүрдің жұпынылығы оны тиімді етпейді. Бірақ әскери атақтармен шендер саласында, әскери бұйрық беру саласында орыстық атауларды қазақтық-түріктік тарихи атауларға ауыстыруға толық мүмкіндіктер бар. Бұл – сеп боларлық көп әрекеттердің бірі болып табылады.

Осындай ұсыныстарға қарсы айтылар мынандай қисындар бар:

Біріншісі – орысша атаулар мен сөздерді қазақшалау офицерлердің де қатардағы солдаттың да, жәй әскерге қатысы жоқ адамның да құлағына ерсі, жайсыз, біртүрлі болып естілетіндігі. Былайша айтқанда – ондаған жылдар бойына құлақ пен тіл үйренісіп қалған сөздер мен сөз орамдарының орнына жаңасын қолданудың ерсі болып естілу факторы.

Екінші – «орысша атауды қолданғанда тұрған не бар, әскер үшін бәрібір емес пе?» деген фактор. Қазақ әскерінің офицерлік құрамы кеңестік орыстық әскери мектептен білім алып, сол мектьептің тәлім-тәрбиесінен, кемшілігі мен жетістігінен өсіп шықты. Басым көпшілігі қазақша білмейтін қазақ офицерлері мен орыстардан тұратын «қазақ әскері» тәуелсіздік алып, жаңа қарулы күштерді құрғаннан кейін де сол мектептің дәстүрін жалғастырды. Сондықтан, өмір бойы орыс тәлімін алып, жасы 30-дан 60-қа дейінгі санаулы ғұмырын сол дағдымен өткізген әскери адам жаңалық атаулыға қарсы болатындығы анық.

Біз, ең алдымен, мынадай ақиқаттарды негізге алуымыз керек:

Бірншіден, бүгін өмір сүріп, ертең ғайып болайын деп отырғанымыз жоқ.

Біздер қазақтар, өз тәуелсіздігімізді ХХІ ғасырда да, ХХІІ ғасырда да, одан кейінгі белгісіз келешекте де сақтаймыз деп үміттенеміз. Яғни, тәуелсіздік жағдайда, алдағы ғасырларда қазақта армия да болады деген сөз. Үміттену – адамның басты ерекшелігі, «үмітсіз шайтан» демекші, болашаққа осындай сеніммен қарауымыздың жөні бар. Міне, сондықтан да, бүгінгі ұлттық әскери дәстүріміздің негізінде жаңа заманға бейімделген жаңа терминология, символика, т.б. жасау болашаққа арналады. Күні бүгін, немесе, алдағы 5-10 жылда құлаққа ерсі естілетін қазақы атаулар мен бір түрлі көрінетін әскери ғұрыптар, рәсімдер, дәстүрлер 20-30 жылда үйреншікті болып шыға келеді. Өйткені бүгінгі мектеп жасындағы бала әскерге барып, солдат болғанда, ерсі болып көрінетін нәрселер, бүгін ғана дүниеге келіп, енді 18 жылдан кейін әскерге баратын нәрестеге ерсі болып көрінбейді. «Елу жылда – ел жаңа» демекші 30-40, 50 жыл ішінде офицерлік құрам толығымен ауысып болады да, бүгінгі ерсі айғақтар болашақ офицер үшін үйреншікті болып кетеді. Міне, біздің бүгінгі ұсынатын нәрселеріміз де, бүгінгілердің құлағын үйретіп, болашақтың дағды, ой туғызбайтын дәстүріне айналатын дүниелер. Сондықтан, осы ақиқатты басты бағдар етіп алып отырмыз.

Екіншіден, «бүгінгі ессіздікке қарамастан, ертең бір реті келер деген сенім».

Еліміздегі демографиялық ахуал туу, табиғи өсу, миграция сияқты мәселелерге жайсыз құбылыстардың болғанына қарамастан, алдағы уақыттарда қазақ халқының басқа қазақстандықтарға қарағанда, үлесінің өсетіндігін көрсетеді. Бұл – болашақ әскерде де қазақтардың үлесінің ең жоғарғы көрсеткішті көрсете алатындығынан хабар береді. Сондықтан, әскери дәстүрдің техникалық жарақтану, әскери өнер, ұйымдастыру, т.б. мәселелерде жалпы адамзаттық жетістіктерді пайдалану мен қатар әскери рух, терминология, символика, сән мәселелерінде ұлттық тарихи дәстүрлердің басым болып шығатындығын болмай қоймайтын іс деп қарастырып, бүгінгі әскери адамның  моральдық-психологиялық болмысымен ұстанымына, табиғатына бағындырып қоймау керек. Біз бейне бүгін ғана өмір сүретін сықылдымыз. Адам өмірі шектеулі. Бірақ ұрпақтар ауыса бермек. Дәстүр жалғаса бермек. Бүгінгі жіберілген кемшілік ертең жойылмас дағдыға айналатындығын түсінгіміз келмейді. Бүгінгі әскерге ұнамаса ұанамай-ақ қойсын, оның есесіне болашақ әскери адам бұл мәселеде ойланып жатпай, солай болуы тиіс деп есептейтін болады.

Басқа жұрттардағы әскери аталымдардың тарихи қалыптасу мысалдарын қарастырғанда, әрбір жұрттың осындай аталымдарды жасағанда, өздерінен бұрынғы, өздерінің арғы тегі болып табылатын басқа халықтың сөздерін пайдаланатындағын көруге болады. Мыс, француздар көне рим атауларын, немістер ежелгі герман аталымдарын кәдеге жаратқан. Қазақта әскери терминдердің табиғи даму жолдары болған жоқ, өйткені, XV-XVIII ғасырларда өз мемлекеттігін дамытқан қазақтар жалпы көшпелілік өркениеттің даму сатысы тұрғысынан алғанда қарабайырлану дәуірінде өз мемлекеттігін жасады. Сондықтан көне әскери терминдер қазақ тілінде әрі қарай дамымай қалды, XVIII ғасырдан кейінгі 200 жылдың мемлекетсіздік дәуірінде бұл даму процесі жүрмек түгілі, бұрынғы күйінен айырылып, әскери сөздік қорын жоғалтып алды.

 

Айдана АДЫРОВА, Серібол Қондыбай атындағы мемориалдық музейдің қор меңгерушісі  

704 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper