«Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінде үлкен тарихи оқиға болды. Нақтырақ айтсақ, атақты Қаздауысты Қазыбек бидің ұрпағы, ақын, қазақтың ән өнері мен әдебиеті тарихындағы көрнекті өкіл - Мәди Бәпиұлының көзі тірісінде қолданған бұйымдары аталмыш музей қорына тапсырылды. Бізді тарихи сәтке облыстық тарихи-өлкетану музейінің жаңа тарих бөлімі меңгерушісі Нұрболат Алдабаев куәландырып, кішігірім мәжілісті Мәдидің ғибратты, қилы, мұратты ғұмырынан сыр шерте отырып ашты.
Құнды жәдігерлер басында Мәдидің қуғында жүргенде қасында айнымас серігі болған Қарқаралы ауданы Абай ауылының тұрғыны Әкпар Смайылұлында болыпты. Өмірден өтер алдында бұл бұйымдарды өзімен дәм-тұзы жарасқан Шәйқы ақсақалдың күйеубаласы Құдайберген Бәкеевке тапсырыңдар деп ұрпақтарына аманаттап кетіпті. Әкпар ақсақал ақтық сапарға 94 жасында 1986 жылы аттаныпты. Ата аманатына адал қараған қызы Зағираш әкесінің сөзін жерге тастамапты.
«Мен Әкпар ақсақалмен 1969 жылдан араласып жүрдім. Сондай шежіре, ақкөңіл, әңгімешіл адам болды. Менен Қарқаралы, Павлодар, Семей, Қайнар жағындағы бұрынғы білетін адамдарын сұрайды. Арғы-бергі тарихты әңгіме қылып отырамыз. Шақша салатын әдетім бар. Ақсақал насыбайға бап еді. Қалампырдың суына үккен насыбайында ерекше қасиет, бап бар еді. Сондай бір әңгіме барысында ақсақал: « Әй, Құдайберген, сен насыбай атасың ғой, мен олай-бұлай болып кетсем (ол кезде ақсақал жатып қалған) Мәдидің мынау шоқпары мен насыбай үккіш саптыаяғын аманат қылып кетемін, балалар саған берер», - деді. Ойымда ештеңе жоқ, ол кезде Мәди жайлы бүгінгідей әңгіме айта алған жоқ едік. Қызы Зағирашқа рахмет. Марқұмның қонақасында берді. Көзімнің қарашығындай сақтап келдім. Жиырма жылдай насыбай үгіп аттым. Қаламгер Кәрім Сауғабаевпен жолдас болдық, аралас-құраласымыз бар, үйге екі рет келді. «Бұл жәдігерлерді музейге өткізейік, очерк жазам, атың шығады» деп қолқалап болмады. Бере алмадым да, кейіннен неге көңілін қалдырдым екен деп өкінген жай бар» , - дейді Қарқаралы ауданының Құрметті азаматы, жәдігерді сақтаушы Құдайберген Бәкеев.