Анонс


Ұлттық музейдің тәжірибесінен: Қор сақтау жұмыстары

Дүйсенбі, 11 Қаңтар 2016 17:37
Ұлттық музейдің тәжірибесінен: Қор сақтау жұмыстары KAZMUSEUM.KZ -  

Мәдениет және спорт министрлігі еліміздегі музей ісін жаңғырту және олардың жұмысын халықаралық музейлердің стандарттарына сәйкестендіру бағытындағы батыл бастамаларын бастап кетті. Тыңға түрен салуды мақсат тұтатын игі іске Ұлттық музей ұжымы басқалардан бұрын жұмылды. Бұл туралы бізге Ұлттық музейдің Қорларды жинақтау, есепке алу және сақтау қызметінің басшысы, бас қор сақтаушы Рыскүл Бекталиева әңгімелеп берді.

- Музей – тарих пен мәдениеттің, өнер мен дәстүрдің орталығы. Бұл жерде  науқаншылдыққа жол беруге болмайды. Себебі мұндағының барлығы келер күн және болашақ ұрпақ үшін жасалады.

 Қазақстандағы музейлердің жұмысын жаңғырту ісі қолға алынғанда қатты қуандым. Өйткені осы арқылы біз музейлердің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, дәстүрлі һәм заманауи музей ісінің синтезін жасаймыз. Музейлерде бүгінгі күннің озық технологиясын қолдануды жалғастыру арқылы қызмет көрсетудің жаңа деңгейіне көтерілеміз. Бұған қоса музейлердің оң имиджін қалыптастырып, оның көне құндылықтар қоймасы ретіндегі түсінігінен мәдениет пен ғылыми-ағарту орталығы ретіндегі бейнесіне көшеміз. Нәтижесінде қоғам мүшелері «музей ескі заттар сақталатын орын» деген қате түсініктен арылады. Бұл істің барлығы «100 нақты қадам» ұлт жоспары аясында жүзеге асады. Өйткені Елбасы мықты мәдени өзексіз елдің экономикалық және саяси тұрғыдан жетістікке жетуі мүмкін емес екенін әлдеқашан нақтылап берген.

Біз музей ісін жаңғырту жұмыстарын уақыт оздырмай бастап кеттік. Таяуда Ұлттық музейдің базасында Музейлердің ұлттық кеңесі құрылады. Оның аясына еліміздің барлық музейлері шоғырланады. Кеңес музейлердің  қызметін үйлестірумен, ішкі, сыртқы байланыстарын жүйелеумен, музей қорларын жинаумен және музей ісін зерттеу жобаларына ғылыми қызметкерлерді жұмылдыруға күш жұмсайтын болады.

Қазақстандағы туристік бағдарлар мен музейлердің атласын да Ұлттық музей ұжымы әзірлейін деп отыр. ІТ- технологиялар арқылы жасалатын туристік бағдарлар мен музейлердің атласы туристер үшін музей экспонаттары мен музейлер туралы ақпарат іздеуді жеңілдетуді және мәдени орындарға келушілердің санын арттыруды көздейді.

- Экспонаттарды қалай сақтайсыздар?

- Музей ісінің кез келген саласында заманауи тәсілдер мен әдістерге жүгіну уақыт талабынан туады. Жәдігерлерді дұрыс сақтау үшін біз үнемі озық технологияларды пайдаланамыз.

Ұлттық музейде ауданы  5000 шаршы метрді құрайтын 54 қор сақтау бөлмесі бар. Олардың 31-і мамандандырылған, 23-і жартылай мамандандырылған. Бұл  -31 қор сақтау бөлмесінде қажетті температура автоматтандырылған жүйе арқылы, қалған 23 қор сақтау бөлмесінде механикалық жолмен жүзеге асырылады деген сөз.

Жәдігерлер арнайы классификатор бойынша сақталады. Олар археология, бағалы металл бұйымдары, ағаш бұйымдары, киіз-кілем, кесте бұйымдары , құжаттар, фотолар, сирек кітаптар, аудио-бейне құжаттар, қару-жарақтар, ат әбзелдері,тері-былғары бұйымдары, шыны-фарфор, фаянс бұйымдары, металл бұйымдар, бейнелеу өнері туындылары және нумизматика, киім-кешек болып бөлінеді. Әрбір жәдігердің жасалған материалына қарай ұзақ сақталуын қамтамасыз ететін температуралық және  ылғалдылық көрсеткіші бар. Мысалы, металл  +18, сүйек, мүйіз +14-15º, ақ-қара түсті фото +12º, түрлі-түсті фото +5º температураны талап етеді. Жәдігерлердің басым бөлігінің құрамы аралас материалдардан болғандықтан біз ең тиімді кешенді сақтау көрсеткіші ретінде +18º температура мен 55 пайыз ылғалдылықты сақтап отырамыз.

Қор сақтау  бөлмелеріне ауа ылғалдылығы мен температурасын реттейтін термогидростат қондырғыларыжәне өрт сөндіруге арналған газ қондырғылары орнатылған. Қор сақтау бөлмелерінің төбесінен бастап еденіне дейінгі аралық ылғал реттегіш арнайы материалдармен қапталған. Бұл жерде ылғал мен температура «мубик коут» панельдері арқылы өздігінен бақыланып тұрады. Жәдігерлердің қаз-қалпында сақталуына «силикогель» ылғалтартқыш касеталары да пайдасын тигізіп тұрады.

Қор сақтау бөлмелерінің есіктері отқа төзімді екі қабатты металдан жасалған және арнайы кодпен ғана ашылады. Бір сөзбен айтқанда қор сақтау бөлмелерінде жәдігерлерге барлық жағдай жасалған. Олардың ұрпақтан ұрпаққа  бұзылмай жететініне күмән жоқ.

- Ұлттық музейдің автоматтандырылған ақпараттық жүйесі жайлы не айта аласыз?  

- Мұндай жүйе әлемнің алдыңғы қатарлы музейлерінің барлығында бар. Музей жұмысын жаңғырту мақсатында біз де осы жүйеге көшуді жөн көрдік.

Аталмыш жүйе коллекциялармен жұмыс жасау технологиясына  өзгеріс енгізіп, қор жинақтау, оны есепке алу, сақтау шараларының тиімділігін арттырады және ақпарат іздеуге кететін уақытты азайтады. Автоматтандырылған жүйе есепке алу құжаттарын қалыптастыру ісін жылдамдатумен қатар музейдің ақпараттық ресурстарының мәліметтер базасын қалыптастырады.

Жаңа технология музейдегі құжат айналымының ерекшелігіне бейімделген. Осы бағдарлама арқылы музей қызметкерлері жәдігерлерді қабылдайды, есепке алады және экспонаттардың ғылыми төлқұжатын әзірлейді.

Автоматтандырылған ақпараттық жүйе реставраторлар мен  экспозиционерлердің де жұмысын жеңілдетеді. Оларжаңа технологиямен  ғылыми төлқұжат, топографиялық тізім, каталог сынды музей құжаттарын жылдам жасайтын болады.

Қазіргі таңда Ұлттық музей «НАТ Қазақстан» компаниясының өкілдерімен автоматтандырылған ақпараттық жүйенің жобасын жасап жатыр. Жаңа технологияның жемісін алдағы уақытта көретін боламыз.

- Әңгімеңізге рахмет

Сұхбаттасқан

Қанат МАХАМБЕТ,

Астана

 

7569 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper