«Әсемдік әлемі» атты бүгінгі көрме есімдері танымал суретшілер шоқжұлдызымен қуантады. Бұл қылқалам шеберлерінің әрқайсысы – өткен ғасыр өнерінің бай тарихындағы құбылыс пен оқиға болған адамдар.
Бір экспозиция үшін суретшілердің саны молынан жеткілікті. Олар – 39. Әр автордың көркемдік қызығушылықтары да әрқилы. Қатарларында авангардистер, академист-классиктер де бар. Осы жағдайда олар пластикада ізгілік, әсемдік, еңбектегі ерлік, аналық мейірімділік, әйелдердің батырлығы мен қайсарлығы сияқты ұғымдарды бір жанрмен және бір тақырыппен біріктіре білген. ХХ ғасыр романтикамен, тыныштықпен, лирикамен ерекшеленген жоқ. Нәзік жандар бейнесі, жүріп-тұру стилі, керек десеңіз бет келбеті тез өзгерді. Ерлер әрқашанғыдай соғысып, жанжалдасып, жаңа технологияларды ойластырды. Қоршаған ортаның пейзажы, өмір қарқыны, этикет ережелері өзгерсе де, әйел заты барлық осы эксперименттер кезінде жалпы өмірді сақтап қалу үшін жауапты болды.
Әр кенептегі портреттер көрерменге модельдің пішіндері мен көлемдерін, түсін, типажымен қатар, жалпы дәуірлік аласапыраннан даралай алынған жеке адамның тағдырын, тұтас өмірін ұсынып отыр. Суретшінің шеберлігі өзі картинасын салып отырған әйелдің ішкі дүниесін, жан жылуын, Өркендеу дәуірінің ұлы шеберлерімен ерекшеленген мадоннаның шуақты сәулесін көре білу және оны кенеп бетіне түсіру арқылы білінеді.
Бірінші залда сіздерді Владимир Третьяков суреттеген дәстүрлі қазақ көйлегін киген Лейла қарсы алады. Оның қасында - Рашид Рахметовтың көзқарасымен бейнеленген, ақ орамал таққан, шаршап отырған Шолпанның портреті. ХХ ғасыр әйелінің бейнесі әрқилы. Олардың мінезі мен киімінде өткеннің дәстүрлері әлі сақталған. Олардың өмірі мен көзқарасында батыс эмансипациясының ықпалы байқала бастаған. Қара түсті фетр шляпасын кигін жас ханымның бейнесіне (В.Третьяков) немесе қолына шылым ұстап отырған қызғылт киімдегі балеринаға қараңыз (Э. Васильева). Суретші Анна Несина қызының портретінде 1954 жылы өмір сүрген комсомол бойжеткенінің бейнесін сақтап қалған. Михаил Беляевтің портретіндегі ақ түбіт шәлілі әдемі бейтаныс әйел, 1967 жылы Сахи Романов суреттеген ақ жаулықты апаның бейнесі уақыттың көлеңкелі пердесімен алшақтап тұрса да, бізде оларға деген таңдану мен қадірлеу сезімдері оянады.
Эстетикалық қызығушылықтар, мода, әсемдік жайлы ұғымдар жылдам өзгереді. Көрмеде суретшілердің қолданған майлы бояу, темпера, қарындаш, баспаханалық бояу, пастель, акварель, көмір сияқты әртүрлі кескіндемелік және графикалық материалдар ұсынылған. Қылқалам, қаламұш мен мастихин, аударманы қажет етпей-ақ, бізбен өмірдің әсемділігі мен мағыналылығы жайлы сұхбаттасуда.
Айнұр Қарабекова, ШҚ өнер музейінің қызметкері