Шараның басты ерекшелігі – нәзік жандылардың өткен ғасырдағы ауыр қызметтерінен сыр шерткен жәдігерлер қойылды. Аталмыш шара сол арқылы қатар нәзік жандыларды әр қырынан танытуды, мерекенің шығу тарихынан мәлімет бере отырып оларға құрмет көрсетуді мақсат етті.
Шараға жас күнінде механизатор-тракторшы болған Ж.Айтаханова, Н.Жұмагелдиева, Қ.Есқалиева, «Әжелер сәлемі» халықтық-қоғамдық бірлестіктің төрайымы Ә.Жолайқызы мен «Әжелер сәлемі» ансамблінің мүшелері, тыл ардагерлері Б.Ахметова, З.Сүлейменовалар және механизатор-тракторшы Р.Медеуованың ұлы Ж.Есқалиев арнайы келді. Сондай-ақ М.Өтемісұлы атындағы БҚМУ студенттері, музей қызметкерлері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Шараны музей директоры М.Ерсаев құттықтау сөзбен ашып, қонақтарға гүл шоқтарын табыс етті. Шара барысында өз заманындағы механизатор әйелдер сөз сөйлеп, өз естеліктерімен бөлісті. Шараға шақырылған қонақтар алдымен ХХ ғасырдың екінші жартысындағы механизатор қыз-келіншектердің өмір жолына арналып жабдықталған көрмені тамашалады. Көрмеге заттай деректерден бөлек батысқазақстандық механизатор қыз-келіншектердің өмір жолынан мол мағлұмат беретін құжаттар, фотосуреттер мен естеліктер қойылды.
Көрмеден орын алған «Тракторшы қарындасқа арнау» өлеңі де көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Оқиға алып техниканы меңгерген қыздардың бірі Күнсұлу Ниязалиеваға (жоғарыдағы суретте - Ред.) қатысты өрбіген.
Күнсұлу Зиноллақызы 1961 жылы Қарағанды облысы, Балқаш қаласы Мойынты станциясында қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі Нұртаев Зинолла мен анасы Нұртаева Моқтай жұмысшы адамдар болатын. 1968 жылы ХIХ партсъезд атындағы орта мектептің бірінші сыныбына оқуға түсіп, 1978 жылы 10 сыныпты бітіріп шығады. Мектепті бітірген жылы БҚО, Жәнібек поселкесіндегі №9 кәсіптік-техникалық білім беру училищесінде оқып, оны 1979 жылы механизатор мамандығы бойынша бітіріп шығады. Сол жылы шілде айынан бастап, 1983 жылға дейінгі аралықта Т.Жароков атындағы совхозда тракторшы болып қызмет жасайды. 1980 жылдары Жәнібек ауданына гастрольдік сапармен келген өнер ұжымы балшыққа батып, жолда біраз қиындық көреді. Сол кезде ауыл шаруашылық алып техника рөліндегі жас қыз Күнсұлу Зиноллақызы өнер ұжымын қиындықтан құтқарады. Күнсұлу сол кезде әрі облыстық кеңестің депутаты болған. Өнер ұжымы құрамындағы ақын Болат Бекжанов аруға өлең арнайды:
Сезілді де нәзіктігің жас жүрегім дір етті,
Қара көзің қағып күлім дидарыңды гүл етті,
Қалқатай-ай, алма бетті кетер ме екен күн қағып
Сені сезім самғап өтті қарай бердім ұрланып.
Депутаттың гүлің таққан жұлдызшаға тоқталдым,
Сенің титтей діріл қаққан жүрегің бе деп қалдым.
Көзге түскен қалың шашты аймалады жел тербеп
Әттең, осы қарындасты кездестірсем ертерек.
Сезіміңді бұзған қандай қақ айырып жүректі,
Сені менен қызғанғандай темір атың гүр етті.
Арғымағың артып үміт кең далада ойқастап,
Кете бардың жарқың күліп, құрбым маған ой тастап.
Төлегеннің шаттығындай кеудеме күй енді шын,
Ақжайықтың аққуындай күзгі бегі сенбісің.
Өкінішке орай, Күнсұлу Зиноллақызы өмірден ерте кетті. Ал өлеңнің авторы Болат Үмбетқалиұлы бүгінде ҚР Мәдениет қайраткері, жазушы, ақын. Қазір Абай атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының директоры қызметінде.
Зармина ХАНГЕРЕЕВА,
БҚО тарихи-өлкетану музейінің
экскурсияны ұйымдастыру және экскурсиялық қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі