Ресми рәсімде Беларусь Республикасы Ұлттық көркемөнер музейінің бас директоры Владимир Прокопцов екі елдің жетекші музейлерінің өзара ынтымақтастығы мәдениетаралық байланыстың буынын бекіте түсетінін атап көрсетті. Оның сөзінше, қос музей бір-бірімен тығыз қарым-қатынас жасап қана қоймай, мәдени, рухани достыққа дәнекер болуы керек.
«Келесі жылы біз Қазақстанның Ұлттық музейін Беларуссияға музейлер форумына шақырамыз және сіздердің бізге келетіндеріңізге сенеміз. Бүгін қол қойылған меморандум біздің байланыстарымызға ерекше серпін береді деп үміттенемін», - деді В. Прокопцов.
Сөз арасында Ұлттық көркемөнер музейінің бас директоры форумның жоғары дәрежеде өткенін тілге тиек етті.
«Осы форумның арқасында мен Астананы, Ұлттық музейді көрдім. Мемлекеттеріңіз, бас шаһарларыңыз, Ұлттық музейлеріңіз керемет екен», - деді ол.
Өз кезегінде Ұлттық музейдің директоры Дархан Мыңбай музейаралық байланыстың сапасын арттыра беруге қолынан келгеннің барлығын жасайтынын жеткізіп: «Біз тамыры терең экономикалық байланысымызды рухани сабақтастыққа ұластыруымыз керек. Екі елдің музейі халық үшін қызмет етуі тиіс. Біз біріккен жобаларды жүзеге асырып, жиі-жиі тәжірибе алмасып отырсақ, нақты нәтижеге қол жеткіземіз. Бізге жасампаздық пен жаңашылдыққа ұмтылу қажет. Ынтымақтастық туралы меморандум мақсаттарымызды айқындап қана қоймай, оның жүзеге асуын және нәтижелі болуын қамамасыз етеді деп ойлаймын», - деді.
Айта кетейік, меморандум аясында тараптар өзара тиімді ынтымақтастық үшін ғылыми-зерттеу және мәдени-білім беру жобаларын бірлесіп әзірлеу және іске асыру; Мәдениет, тарих, өнер және музей ісі саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының басым бағыттарын айқындау бойынша консультациялар өткізу; Бірлескен ғылыми және ғылыми-практикалық конференцияларға, семинарларға және симпозиумдарға қатысу және өткізу; Бірлескен ғылыми бағдарламалар ұйымдастыру; сондай-ақ тарих, өнер және музей ісі саласында материалдар мен нәтижелерді (қол жеткізген жетістіктер) ұсыну; Бірлескен көрмелер, жарияланымдар ұйымдастыру; Тараптардың басылымдарында ғылыми мақалалар жариялау мүмкіндігін беру; Жұмыс бабындағы кездесулер ұйымдастыру; Тараптар өкілдерінің біліктілігін арттыру мақсатында тағылымдамалар ұйымдастыру шеңберінде ғалымдармен және мамандармен алмасу; Ғылыми ақпарат, құжаттама, әдебиет және библиографиялық басылымдармен алмасу, сондай-ақ жеке экспонаттар мен коллекциялардың көшірмесін жасауға мүмкіндік беру мәселелерін нақтылады.