Анонс


«Алтын адамның» ашылу тарихы мен Тәуелсіздіктің символына айналуы

Сәрсенбі, 06 Ақпан 2019 13:52
«Алтын адамның» ашылу тарихы мен Тәуелсіздіктің символына айналуы KAZMUSEUM.KZ -  

Есік қорғанынан табылған сақ ханзадасы және оның ғұрыптық кешені – құнды тарихи дереккөздері болып табылады. Ол Қазақстан үшін ғана  емес, бүкіл әлем үшін баға жетпес мұра. Ұлы даланың жеті қырының бірі. Уақыт өте келе бұл тарихи-мәдени мұраға арналған ғылыми зерттеулер негізінде құндылығы одан әрі арта  түспек [4. 6 б.]. Алайда сақ ханзадасының табылғанына 50 жылға жуық уақыт өтсе де, көпшілік біле бермейтін аңызы мен ақиқаты жетерлік. Археология мен туризм және т.б. салалардағы Алтын адамға қатысты өзекті проблемаларды айтпағанда, Алтын адамның табылу жылына байланысты біршама шатасулар аз емес. Мысалы, көптеген басылым беттерінде, мектеп оқулықтарында Алтын адамның ашылу жылы 1969 жыл деп жазылып келеді, ал оны тапқан мамандар немесе жеке адам жайлы да аңыздар жетерлік. Аңызы – Алтын адамды құрылысшылар тобы тауып алған немесе тракторшы ең алғаш анықтаған деген сыңды аңыздар таралған. Бұл қарапайым сұрақтардың өзі де қазіргі таңда өзекті проблемаларға айналуы әбден мүмкін. Себебі, Алтын адамның ашылу барысында басы-қасында болған және оны алғашқы болып зерттеген мамандар қатары азайып барады. Келешек ұрпаққа Алтын адам аңызы мен ақиқатының ара-жігін ажыратып, тайға таңба басқандай анықтап беру біздің негізгі мақсат-міндетіміз болып табылады.

Ашылу тарихы

1969 жылы Есік қаласының солтүстік-батыс жағында, атақты Есік қорғаны орналасқан маңда автобаза құрылысы жоспарланады. Мұндағы үлш бірдей қорғандар жоспарланған құрылыс нысанының аймағына кіріп тұрған еді. «Тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау және пайдалану туралы» заңына сәйкес кез-келген құрылыс түсетін орынға алдын-ала археологиялық зерттеу жүргізілуі тиіс. Міне, осы мақсатпен КазақКСР  ҒА Ш.Ш. Уәлиханов атындағы тарих, археология және этнология институтына құрылыс пен археологиялық нысан жайлы келіп түскен хабар негізінде археологиялық зерттеу жүргізу үшін К.Ақышевтің басшылығымен экспедиция тобы құрылады. Бұл экспедиция К.Ақышев жетекшілік еткен Отырар археологиялық экспедициясының (№ 69 Бұйрық) сметалық негізінде Есік археологиялық отряды болып бөлініп, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы тарих, археология және этнология институтындағы археология бөлімінің  кіші ғылыми қызметкері Бекмұханбет Нұрмұханбетов отряд жетекшісі болып тағайындалды (1969 жылдың 21 сәуіріндегі №54 Бұйрық) [2. 81 б.].

Есік қорғанындағы қазба жұмыстары 1969-1970 жж. екі маусым бойы жүргізілді (басты суреттегі фото - Ред).

1969 ж. күз айларында басталған  экспедиция барысында қорғандағы ортаңғы қабір ашылып, оның тоналғандығы анықталады. Қазба жұмысы тоқтатылып, археологтар бұл маусымды аяқтайды. Ал 1970 жылы сәуір айында экспедиция жалғасын тауып, қорғанның зерттелуін толық аяқтауға жұмылдырылған еді. Бұл маусымдағы экспедиция құрамында екі адам жұмыс істеген. Олар: отряд жетекшісі Б.Нұрмұханбетов пен аға лаборант А.Амандықов болды (№ 39 Бұйрық). Архивтік мәліметтер негізіне сүйене отырып зерттеу жұмысы 1970 жылдың 15 мамырында аяқталды дей аламыз.  Алайда, 1969-1970 жж. Есік археологиялық отрядының мүшесі Ә.К. Ақышевтың айтуы бойынша Есік қорғанының зерттеу жұмыстары 22 сәуірде аяқталған. Негізі бұл Алтын адам қабірі анықталғаннан кейін толық тазартылып, барлық табылған олжа Алматы қаласына алынған. Ал экспедиция мүшесі Б.Нұрмұханбетов Есік қорғанын, Алтын адам қабірін толықтай тазалап, мұқият зерттеу үшін экспедицияны жалғастырған. Сол себепті де шын мәнінде экспедицияның аяқталуы жоғарыда көрсетілген  15 мамыр болып отыр.

 Алтын адам табылған екінші (шеткі) қабір бірінші (ортаңғы) қабірден 13 метрдей оңтүстік-шығысқа қарай орналасқан және ол 1970 жылы сәуір айында, экспедицияның екінші маусымында анықталған. Орталық зират бірнеше қайтара тоналғандықтан ол жерден ешқандай құнды бұйымдар табылмады. Ал, 1970 ж. қорғанды техника көмегімен түру барысында (археологтардың бақылауымен жүргізілген) шеткі қабірдің бөрене ағашы көрінеді. Б.Нұрмұханбетов археолог түйсігімен бұл бөренелердің жәй ағаш емес екенін бірден байқап техника жұмысын тоқтата сала, бөрене маңын арши бастайды. Нәтижесінде тоналмаған, сол қалпында сақталған қабір анықталады. Экспедиция жетекшісі К.Ақышев телеарналарға берген сұхбатында «мен ол кезде Алматы қаласында едім. Маған ең алғаш тоналмаған қабір анықталғанын Б.Нұрмұханбетов хабарлады. Менің жетекшілігіммен бір топ экспедиция мүшелері, оған қоса өзімізбен суретші, реставратор, фотограф алып, Есік қаласына аттандық», - деп атап өтеді [3. 84 б.].

 Жалпы Есік археологиялық отрядының құрамында жұмыс істеген адамдар қатарында Есік қорғаның қазба экспедициясының жетекшісі Кемел Ақышев, археолог Б. Нұрмұханбетов, инженер-реставратор В.И.Садомсков, суретші Т.В.Воробьева, фотограф О.В. Медведев, зертханашы А.С. Загородний, тәжірибеден өтуші студент А.К. Ақышевтарды айта кетер едік.

 

Зерттелуі

Алтын адам алғаш табылған 1970 жылдардан бастап, күні бүгінге дейін зерттелу үстінде. Әйгілі археологиялық олжа туралы алғашқы ірі көлемдегі еңбек Есік обасын зерттеген экспедиция жетекшісі К. Ақышевтың орыс тілінде жазылған, 1978 жылы Мәскеу қаласындағы «Искусство» баспасында жарық көрген «Курган Иссык» атты монографиясы. Одан кейінгі тағы бір ірі еңбек ретінде Әлішер Ақышевтың «Искусство и мифология саков» монографиясын айтуға болады (Алма-Ата, «Наука» 1984 ж.). 1971-74 жж. К. Ақышевтың жетекшілігімен В.И.Садомсков Алтын адам киімінің алғашқы жаңғыртпасын жасап шықса (бас киім мен шапанның графикалық жаңғыртпа жұмысына Т.В. Воробьева көмектескен (1972 ж. ғылыми зерттеу жұмысы бойыншы есеп) [2. 86 б.], одан кейін тағы екі нұсқасы жасалды. Бірінші нұсқа дүние жүзінің көптеген елдерінде көрмеде көрсетіліп үлгерді. Алтын адам жаңғыртпасы 1974 жылы Лейпцигте, 1975 жылы Каирде, 1976 жылы Дамаскде халықаралық көрмеде келушілер назарына ұсынылды. 1993-95 жж. екінші жаңғыртпаны Қазақстан Республикасының мәдениет министрлігінің тапсырысы бойынша А.Танабаев жасаған. Ал үшініші жаңғыртпаны 1996 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Қ.Алтынбеков жасаған. Бұл жұмыс археолог А.К. Ақышевтің ғылыми жобасына және басқа да ғылыми-зерттеу жұмыстарына, Қ.Алтынбековтың өзіндік ізденістеріне негізделе отырып орындалды.

Алтын адамды және оның жерлеу кешенін толыққанды зерттеу, насихаттау мақсатында Елбасының бастамасымен жүзеге асқан «Мәдени мұра» Ұлттық стратегиялық бағдарламасының аясында Қазақстан Респбуликасы Үкіметінің 2010 жылдың 30 қаңтарындағы №43 Бұйрығының негізінде «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі құрылды. Қазіргі таңда Алтын адам  қорық-музейдің негізгі экспонаты және  негізгі ғылыми зерттеу объектісі болып табылады.

2012 жылдан бастап «Есік» қорық-музейінің бұрынғы директоры Г.Р. Мухтарованың жетекшілігімен «Алтын адамның ашылуы мен зерттелу тарихы: аңызы мен ақиқаты» жобасы іске асырыла басталды. Зерттеу барысында  Алтын адамның ашылуының басы-қасында болған куәгерлермен, яғни Есік археологиялық экспедициясының мүшелерімен, Есік қаласының тұрғындары және журналистермен сұхбат жүргізілген. Ең алдымен, Алтын адамға бірінші болып қолы тиген археолог Бекен Нұрмұханбетовтен сұхбат алынды. Сонымен қатар, Ш.Ш. Уәлиханов  атындағы тарих, археология және этнология институтының археология бөлімінің қызметкерлерінің Есік қорғанында 1969-1970 жылдары жүргізген зерттеу жұмыстарының құжаттамалық материалдарымен танысу мақсатында ҚР «Ғылым ордасының» (бұрынғы Ғылым Академиясы) архивіндегі сақталып келген құжаттары қаралды. Аталмыш архив қорында осы тақырыпқа қатысты  1969 жылдан бастап 1980 жылға дейінгі 81 іс  (4122 парақ) қаралып, 77 архивтік құжаттардың көшірмесі алынды [2. 81 б.]. Мұндағы қаралған материалдардың басым бөлігі қазбаға қатысты бұйрықтар мен ғылыми-зерттеу жұмысы жайындағы есептер болып табылады.

Осы іздену барысында 2013 жылы Алтын адамның сүйегі деп болжанған қаңқа сүйектің табылу ерекше оқиға болды. Алайда, ең бірінші кезекте ол қаңқа сүйек Алтын адамға тиесілі ма, жоқ па соны анықтап алу керек еді. Осы мақсатпен қаңқа сүйек ең әуелі әйгілі экспедиция мүшелері – Б. Нұрмұханбетов пен Ә.Ақышевке көрсетілді. Олар мұның Алтын адамның сүйегі екенінм айтты. Содан кейін еліміздің алдыңғы қатарлы антрополог мамандары Оразақ Смағұлов, Айнагүл Смағұловаға және шетелдік антропологтар Андраш Биро (Венгрия) және Егор Китовқа  (Ресей) көрсетілді. Антрополог мамандардың барлығы бірдей қаңқа сүйек 16-18 жастағы адамға тиесілі деген ортақ пікірге тоқталды.

Одан кейін ресейлік антрополог Александра Китова қаңқа сүйектің рентген түсірілімін 1970 жылғы түсірілген фотосуреттермен және сызбалармен салыстырып, қаңқа сүйектің Алтын адамға тиесілі екенін растайтын қорытынды жасады. Қаңқаны зерттеудегі келесі қадам –  генетикалық зерттеу жүргізу жұмыстары еді. Сүйектің Алтын адамдікі екеніне көз жеткізген соң оған генетикалық зерттеу жүргізу керек болды. 2015 жылы Даниядағы Копенгаген университетінің «GeoGenetics» орталығының профессоры Эске Виллерслев басшылығымен, генетик Питер Дамгаард қаңқаның бірінші шынашақ сүйегіне, екінші рет  бұғана сүйектің бір бөлігіне палео ДНК зерттеу жұмысын жасады. Алғашқы зерттеу нәтижесінде қаңқа сүйектің сақ кезеңіне тән екендігі анықталған мен сүйектің  ДНК-сының бүлінуінің салдарынан (бөлшектеніп кеткен) басқа нәтиже алу мүмкін болмай шықты. Дания елінде жүргізілген зерттеулер «Shejire DNA» жобасының жетекшісі Нұрбол Баймұхановтың қолдауымен іске асырылды.

Бәлкім болашақта жаңа технологиялар көмегімен бұл олқылықтар артта қалып, физиологиялық түр-әлпетін, адамның жынысы мен шығу тегін анықтай аламыз деген үмітіміз де жоқ емес.  

Жоғарыда айтылып өткен, 2012 жылдардан бастап жүргізілген зерттеулер мен ізденістер нәтижесінде 2016 жылы орыс тілінде «Алтын адамның құпиялары» атты деректі жинақ жарық көрді. Жинақта  Алтын адамның ашылу тарихы мен зерттелуіне қатысты мәліметтер жүйеленіп, аңызы мен ақиқаты анықталған.

Бүгінгі таңда Алтын адам Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің символына айналып, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласының ерекше бір қырына айналды.

Алтын адам киіміндегі дүниетанымдық рухта асқан шеберлікпен орындалған тоғалар мен жапсырмалар мемлекеттік рәміздерімізде және жергілікті басқару әкімшілік нышандарында  қолданылады. Мысалы, Алматы қаласында орналасқан Республика алаңдағы ҚР Тәуелсіздігінің Монументінде қанатты барыс үстіндегі Алтын адам мүсіні (1996 ж.), ҚР Елтаңбасындағы Алтын адамның тәжіндегі қос пырақ ат (1992 ж.), Президентіміздің штандартындағы барыс бейнесі (1995-2012 жж.), Алматы қаласының гербінің орталық бөлігінде де осы фигураны көреміз (1993 ж.) [3. 103 б.]. Алғаш Тәуелсіз ел атанғанымызда Алтын адам бейнеленген пошта маркасы 1992 ж. шығарылды, Ұлттық банк арнайы «Көшпенділер алтыны» шақа (монета) сериясын айналымға шығарды. Осылардың бәрінде де Алтын адамның киіміндегі аңдық стилде орындалған бейнелер орын алған. Ендеше Алтын адам еліміз үшін жәй ғана археологиялық олжа болып қана қоймай, Тәуелсіздігіміздің, Елдігіміздің де бір бейнесіне айналып кетті десек артық айтқан болмаспыз.

Алтын адамның табылуы түп-тамырымыздың қайдан бастау алғанын және ата-бабаларымыздың рухани һәм материалдық мәдениетінің озық үлгісін айқындап, қазақ жеріндегі мемлекеттілік пен өркениеттің ертеден қалыптасқанын дәлелдеді. Бұл біздің тарихымызға жаңаша көзқараспен қарауға жол ашып, әлемдік ғылым үшін сенациялық жаңалып болып табылды [5].

 

Әсел АМАРГАЗИЕВА,

«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ғылыми қызметкері,

гуманитарлық ғылымдар магистрі

 

Әдебиеттер тізімі:

1.      Акишев А. Искусство и мифология саков. – Алма-Ата: «Наука». 1984 г.   176 с.

2.      Джасыбаев Е. Архивные материалы об истории открытия и изучения «Золотого человека» //Сборник «Тайны «Золотого Человека».  Составители: Мухтарова Г.Р. Файзулина Г.Ш. Даутова С.С. Джасыбав Е.А.

– Государственный историко-культурный заповедник-музей «Иссык», . – Алматы, 2016. – 254 с.

3. Интервью К.Акишева журналисту Г.Бендицкому (передача «По Гамбургскому счету». 1998 г.) //Сборник «Тайны «Золотого Человека».  Составители: Мухтарова Г.Р. Файзулина Г.Ш. Даутова С.С. Джасыбав Е.А. Государственный историко-культурный заповедник-музей «Иссык». – Алматы, 2016. – 254 с.

4. Г.Р. Мухтарова. К истории изучения «Золотого человека» //Сборник «Тайны «Золотого Человека».  Составители: Мухтарова Г.Р. Файзулина Г.Ш. Даутова С.С. Джасыбав Е.А. Государственный историко-культурный заповедник-музей «Иссык». – Алматы, 2016. – 254 с.

 5. https://egemen.kz/article/178090-nursultan-nazarbaev-uly-dalanynh-zheti-qyry

31246 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper