Анонс


65 жыл бойы ашылмаған хат музейге табысталды

Сейсенбі, 27 Тамыз 2019 15:25
65 жыл бойы ашылмаған хат музейге табысталды KAZMUSEUM.KZ -  

Әдеттегідей жұмыста отырған сәтім еді. Түстен кейінгі уақыт болатын. Қызметкерлер отыратын бөлмеге Ғанибай Үйі керуен сарайының ішінен хат тауып алып едім – деп бейтаныс жігіт кірді. Кіріңіз, - деп бізде қызығушылық таныта кеттік. Өзін таныстырды, аты-жөні - Ерлан Төстікбайұлы Төлеуов, 1988 жылы туған, Қызылорда қаласының тұрғыны, «Қазреставрация» мекемесінің Қызылорда филиалының реставраторы болып қызмет жасайды. Қазіргі уақытта Қазалы қаласында орналасқан тарихи-мәдени ескерткіш Ғанибай Үйі керуен сарайының ішкі бөлмесінен қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқан кезінде табылған хатты музейге өткізгім келген – деп, қолыма берді. Хатты алғаш болып реставратор Ерлан өзі ашқан екен. Кәдімгідей желімделгеніне дейін сақталған - деп таңырқай айтты. Негізі көне, әрі құнды және бағалы бір зат қолыңа тисе өзгеше бір сезімде қаларың сөзсіз.

Хат конвертінің ұзындығы – 10,9 см. болса, ені – 15,4 см. екен. Төртбұрышты, көкшіл түсті конверттің жоғарысына қара түсті үшбұрышты ортасында жұлдызшасы бар мөр түскен. Онда «Солдатское писмо, Бесплатно» - деген жазу бар. Көк түсті сиямен хатқалтаның жоғары жағына «КазССР» – деп, асты сызылған, әр сөз жаңа жолдан «Кзыл-Ординский обл. ст. Казалинск. Казалинский Зооветтехникума  Пол. Искакову Ж.» - делінген. Хатты алатын адамды жазғаннан кейін, астын иректі сызықпен сызып, әр сөз жаңа жолдан «г. Чкалов (областной) Почталет. Войсковая часть №73879-Б От. Ибраева К.» - делінген.

Осылайша, әскерде әскери борышын өтеп жүрген Қали Ибраевтың, студент досы Наушабай Искаковқа жазған хаты болып шықты. (Ғанибай Үйі керуен сарайы 1937-1971 жылдар аралығында Ақтөбе облысының Мартөк ауданынан көшіріп әкелінген ауылшаруашылығы техникумы болған.) Конверттен хатты алып оқи бастадым, қолтаңбасы көркем, әрі анық жазылған екен және қазақша. Хаттың ұзындығы – 20 см., ені – 14,3 см. Төртбұрышты дәптер қағазына жазылған. Жазылған сияның түсі күлгін тартып өзгергені болмаса, қағаз қаз қалпында, тек кей жерлері сарғайған. Хат:

 

Амандық хат!

Наушабай, қалай, денің сау, қатар жолдастарыңмен бірге ойнап-күліп оқуыңды оқып жатқан боларсың. Сондай жақсы жағдайда болуыңа тілектес Қали ғой.

Наушабай, сенің 25/ІІІ-күні жазған хатыңды алып, амандығыңды естіп қуанып қалдым. Қалай, оқуды жақсы оқып жатырсың ба, есен болғанша оқуыңды бітіріп, зоотех болып шығып халқыңа адал қызмет ет. Абай, Жұбатқанның дендері сау, оқып жатыр ма, хат жазуды бұл мырзалар ұмытқан болу керек, үйіткені көпшілік жер және негізгісі еркін ғой, неге десең аңды еркін жүріп аулап, сол аңның қызығымен жора жолдасты ұмытқан ғой, көріп тұрған көз жоқ, ұмытуға болады сосын.

Арты бір бірлі бола жатар деп ойлайтын шығар онысы да дұрыс мырзалардың.

Мен де денім сау қатар жолдастарыммен бірдей, сеніп тапсырған үкімет пен партияның  міндетін ойдағыдай атқарып жатқан жағдай бар.

Жағдай бірқалып.

Қасымдағы жолдастарымныңда дендері сау ойнап жатыр.

Басқа көп айтарым жоқ амандықпен қауышайық деп сәлеммен ағаң – деп, қолтаңбасы мен «7.04.1955 жыл» - деген хатты жазған күнін қалдырған. 

 

Бұл хаттан көп нәрсені ұғынуға болады. Бірақ, досының жазған изгі хатын не себепті оқи алмады екен деген ойда қалдым. Екі достың тағдыры мені қатты қызықтырды. Екеуін мүмкін тауып қалармын, мүмкін ұрпақтары бар шығар деген оймен ғаламтордан аты-жөндерімен іздеп едім, таппадым. Облыстық, аудандық архивтерге жаздым, «бұл кісілер туралы ешқандай да мәліметтер жоқ» - деген жауап келді. Қали Ибраев пен Наушабай Искаков туралы қандай да бір мәлімет мен үшін өте маңызды болды. Бірақ, өкінішке қарай ешқандай мәліметтер табылмады. Бұл хаттан түйгенім адал, кіршіксіз достық болды, шынайылық пен құрмет, тілге деген құрмет, өзге елде жүрсе де өз тілінде таза, қатесіз жазуы болды. «Достық» туралы  нақты ой айтқан философ А.Шопенгауэр өзінің  «Өмірлік данышпандықтың афоризмдері» деген  еңбегінде: «Нағыз шынайы достық адамдардың бір-бірімен терең, таза және адал қарым-қатынасын қажет етеді. Бұл дегеніміз – досыңыздың қайғысы мен қуанышына ортақтаса білу  деген сөз.  Осының бәрі адамның табиғи өзімшілдік, өркөкіректік қасиеттерін жояды» деген. Күнделікті өмірде көңіліңе шапа­ғатты сәулесін шашып, төрт құбы­ламызды тең ететін айналамыздағы доста­рымыздың басы бұзылмасын.


Алтынай ЖАДЫРАСЫНОВА,

Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейінің

 ғылыми қызметкері

8806 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper