Анонс


Мектеп музейлеріне арналған семинар өтті

Сәрсенбі, 01 Наурыз 2023 14:23
Мектеп музейлеріне арналған семинар өтті KAZMUSEUM.KZ -  

Ұлттық музейдің ұйымдастыруымен Мұстафа Шоқай атындағы №51 мектеп-гимназиясында Астана қаласы мектеп музейлерінің жетекшілеріне арналған «Білім беру кеңістігіндегі мектеп музейінің рөлі» тақырыбында қалалық семинар өтті.

Семинар Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі және Астана қаласы әкімдігінің Балалар-жасөспірімдер туризмі және өлкетану орталығымен бірлесіп ұйымдастырылды.

Мақсаты – мектеп музейі жетекшілеріне әдістемелік көмек көрсету және өзара тәжірибе алмасуға қолайлы жағдай жасау.

Семинар аясында «Үздік мектеп музейі-2022» қалалық байқауының жеңімпазы атанған Мұстафа Шоқай атындағы мектеп музейінің тәжірибесі таныстырылды.

ҚР Ұлттық музейі Қазақстан музейлерін дамытуды үйлестіру-әдістемелік орталығының басшысы Нұрсерік Жолбарыс семинарды ашып, жақында мектеп музейлеріне арналған әдістемелік ұсынымдар шығатынын жеткізді.

Ал М. Шоқай атындағы №51 мектеп-гимназиясының директоры Данара Джумартова алғысөзінде мектеп-гимназияның ашылу тарихы, бүгінгі тынысы мен тіршілігі, мектеп музейін жасақтау барысында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Мектеп музейі қорына белгілі журналист Бақыт Садықованың Мұстафа Шоқай мен әйелі Марияға тиесілі жеке заттарды тапсыруы, бірегей жәдігерлермен танысып, көзбен көру үшін тарихшы-зерттеушілер, студенттер, БАҚ өкілдерінің үнемі келіп тұратынын тілге тиек етті.

Астана қаласының Әдістемелік орталығының басшысы Сындар Дәуешова Ұлттық музейдің мектеп музейлерімен ынтымақтастық орната жұмыс істеп жатқандығын жоғары бағалап, болашақта бірлескен жобаларды жүзеге асыруға сенім білдірді.

Сондай-ақ, ҚР Ұлттық музейінің базасында құрылған «Мирас» үйірмесінің оқушылары Мұстафа Шоқайдың мектептегі музейіне экскурсия өткізді.

ҚР Ұлттық музейі Экскурсиялық қызмет көрсету бөлімінің әдіскері Айгүл Рақтаева «Мектеп музейі – білім беру процесінің ресурсы» тақырыбында оқушыларды экскурсия жүргізу шеберлігіне баулу туралы және Ұлттық музейдің «Мирас» үйірмесінің жұмысы жайлы ақпарат берді.

ҚР Ұлттық музейі Қазақстан музейлерін дамытуды үйлестіру-әдістемелік орталығының кіші ғылыми қызметкері Ләззат Нұркеева «Мектеп музей заттарын жинақтау, есепке алу және сақтау жөніндегі құжаттар тізімі» атты баяндамасында музей қорын қалыптастыру мәселелері, қор жинақтау мен сақтаудағы ережелер, музейлік заттардың түрлері туралы айтты.

Қазақстан музейлерін дамытуды үйлестіру-әдістемелік орталығының сарапшысы Роза Мұхамеджанова «Основы школьного музея» тақырыбында ресейлік мектеп музейлері тәжірибесімен бөлісті.

Семинар-практикумға қатысушылар жиын соңында мектеп музейі жұмыстары туралы ойларымен бөлісіп, пікір алмасты.

Барлық тыңдаушыға қатысқаны туралы алғыс хаттар мен сертификаттар табысталды.

 

1283 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper