Анонс


«Әзірет Сұлтан» қорық-музейін жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде

Жексенбі, 19 Шілде 2020 23:16
«Әзірет Сұлтан» қорық-музейін жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде KAZMUSEUM.KZ -  

«Әзірет Сұлтан» қорық-музейіне қарасты тарихи-мәдени орындарды қайта жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты ескерткіштерді қайта қалпына келтіру, зерттеу және оларды туристік орталыққа айналдыру мақсатында 18 тарихи-мәдени нысанды қайта жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқаны белгілі.

Мәдениет және спорт министрлігі танымдық және рухани туризм үшін қолайлы жағдай жасай отырып, тарихи ізденістерді жандандыру, қалпына келтіру үшін Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің 2019-2021 жылдарға арналған үш жылдық даму жоспарын қолға алған болатын. Осы орайда, тарихи ескерткіштерді қайта жаңғырту жұмыстары мен археологиялық қазба жұмыстары жоспарға сәйкес жүзеге асырылып отыр.

Тарихи ескерткіштерді қайта жаңғырту жұмыстарын «Қазқайтажаңарту» РМК жүргізуде.

Қазіргі таңда кешенді ғылыми, реставрациялық жұмыстардың нәтижесінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің Қабірхана, Қазандық, Үлкен Ақсарай, Қабірхана, Құдықхана бөлмелері ақталынды.

Сондай-ақ, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің күмбезі, Казарма, Рабия Сұлтан Бегім кесенесі, Шығыс моншасы, Жұма мешіті, Дарбаза қақпасы, Хан мешіті, Жеті ата қақпасы, Қылует жер асты мешіттерінде реставрациялау жұмыстары қарқынды жүруде.

XI-XII ғасырдағы 40 мешіттің ішінен қазіргі заманға дейін жеткен жалғыз діни орын Жұма мешітін михрабымен бірге толығымен жаңғырту және ағаш бастырмасын кеңейту жұмыстары да жоспарланған. Қазіргі таңда мешіттің оңтүстік-шығыс қабырғаларына демонтаж жасалды.

XI-XII ғасырға тән Қылует жерасты мешітін қайта жаңғырту барысында ғимараттың негізгі салмақ түсетін құрылымдары мен жерасты құрылысының іргесі кеңейтілді.

Ортағасырлық шығыс моншасы - XV ғасырдың тарихи жәдігері. Монша мен күмбездің жұқа қабатын, интерьерін реставрациялау, екінші есікті салу және іргелес аумақты абаттандыру жоспарланып отыр.

Казарма - сәулеттік ғимарат. Жергілікті маңызы бар ескерткішке 2000 жылдан бері күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген болатын. Қазіргі таңда сәулеттік ескерткіштің шатырын толығымен ауыстырылып жатыр», - делінген министрлік таратқан ақпаратта.

 

346 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper