Құнанбай қажының жиеніне жапқан шапаны мен ер-тұрманы Қытайдағы музейде сақтаулы тұр

Сейсенбі, 23 Тамыз 2016 02:10
Құнанбай қажының жиеніне жапқан шапаны мен ер-тұрманы Қытайдағы музейде сақтаулы тұр KAZMUSEUM.KZ -  

Құнанбай қажының жиеніне жапқан шапаны мен ер-тұрманы Қытайдың Алтай қаласындағы тарихи музейде сақтаулы тұр. Бұл туралы белгілі тарихшы ғалым, тарих ғылымдарының докторы Ахмет Тоқтабай айтты, деп хабарлады 24kz арнасы.

Тарихқа үңілер болсақ, Құнанбай өзінің аяулы қарындасы Айбаланы Зайсан өңіріндегі 5 мың жылқы біткен Өтеу байға ұзатқан. Сол Өтеудің балалары нағашылап Құнанбай ауылына барғанда оларға ат мінгізіліп, шапан жабылады. Ерекше безендірілген, сәнді ер-тұрман сыйға тартылады. Бұл бұйымдарды ұрпақтары ерекше қастерлеп, бертінге дейін сақтап келген. Қазір Өтеу ұрпақтары Қытайдың Тарбағатай, Алтай, Іле аймақтарында тұрып жатыр. Барлығы 60 үйден асыпты.

Ахмет Тоқтабай, тарих ғылымдарының докторы:

- 1929 жылы аумалы-төкпелі заманда Өтеу ұрпақтары Қытайға өткен. Сонда әлгі ер-тұрман мен шапанды өздерімен бірге ала кетіпті. Өте қастерлеп ұстап, ұрпақтан-ұрпаққа мұра қылып қалдырып отырған. Алайда Қытайда 1966 жылғы «мәдени төңкеріс» бұларды да шарпып өтіпті. Қызыл белсенділер ер-тұрманды қолға түсіріп, өртеп жіберген. Өйткені ер-тұрман алтынмен апталып, күміспен көмкерілген әшекейге толы салтанатты бұйым еді. Бай феодалдың заттары жойылсын деген желеумен отқа жаққан. Ердің тек қаңқасы қалғанда, «міне, енді таза кедейдікі, пролетариаттыкі болды» деп ұрпақтарына қайтарып беріпті. Өскенбайдың жиеншарлары, Өтеу байдың ұрпақтары 2012 жылы ер-тұрман мен шапанды Алтай қаласындағы тарихи музейге өткізген. Шапан өте жақсы сақталған. Жасыл түсті, бірнеше қабат болып тігілген.

 

Ескерту: Жоғарыдағы фотосурет el.kz сайтынан көркемдік мақсатта алынды. Материалға қатысы жоқ. 

 

Авторы: Болат Көкенайұлы.

1177 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper