Мысты өңірдің алып тұлғасы

Сейсенбі, 03 Шілде 2018 00:00
Мысты өңірдің алып тұлғасы KAZMUSEUM.KZ -  

Байқоңыров Өмірхан Аймағамбетұлы (1912-1980) - тау-кен инженері, ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген жоғары мектеп қызметкері. Қазіргі Қарағанды облысының Ұлытау ауданында Сөмке ауылында (қазіргі Ұлытау кеңшары) дүниеге келген.

Фабрика-зауыттық училищесінде оқып, бұрғылау шебері мамандығы бойынша бітірген. Сол жылдары училищеде сабақ жүргізу үшін кәсіпорын мамандары шақырылатын, олардың ішінде Қазақ КСР-і Ғылым академиясының бірінші президенті - сол кезде зауыттың бас геологі, Қ.И.Сәтбаевта болды. Осы көрнекті ғалыммен кездесу Ө.Байқоңыровтың қызметінің негізгі бағытын анықтады. Қарсақпай зауытында жұмыс істей жүріп, өндірістен қол үзбестен, мектептегі оқуын жалғастырды.

1933-1934 жылдары Шымкенттің қорғасын зауытының механикалық цехында сызбашы-конструктор болып жұмыс істеген. Қ.И.Сәтбаевтың ұсынысымен Шымкент қорғасын зауытының партия комитеті 1934 жылы Байқоңыровты Алматыға оқуға жолдама береді. Ол Алматыда 1935 жылдың аяғына дейін дайындық курсында оқып, содан соң Қазақ тау кен-металлургия институтын (қазіргі Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ тау кен-металлургия университеті) «Пайдалы қазбалы кен орындарын әзірлеу» мамандығы бойынша бітірген. Өзінің алғашқы еңбек жолын Ө.Байқоңыров КСРО Түсті металлургиясының алғашқы өндірісі - Қарсақпай мыс зауытының құрылысынан бастаған.

1927- 1930 жылдары зауыт құрылысында ағаш ұстасының оқушысы. 1932-1933 жылдары Қ.И.Сәтбаевтың жетекшілігімен Қарсақпай мыс комбинатының Геология басқармасында аға коллектор қызметін атқарған. Институтты бітірген Өмірхан Аймағамбетұлы  туған жері Жезқазғанға жолдама алып, еңбек жолын ауысым шеберінен бастаған ол, әкімшілік-инженерлік қызметтердің барлық сатыларынан өткен.

1941 жылға дейін № 31 шахтаның ауысым бастығы, № 32-ші мен № 13-ші шахталарының бастығы қызметтерін атқарған. 1943 жылдың қараша айында «31-32» шахта басқармасының бастығы болып тағайындалып, сол қызметте 1952 жылға дейін жұмыс істеген.

1952 жылдың қараша айында Ө.Байқоңыров Қазақ тау кен-металлургия институтының директоры болып тағайындалды. Институт 1960 жылы политехникалық болып қайта құрылды, 1962 жылдың маусым айына дейін Байқоңыров Өмірхан Аймағамбетұлы осы институттың ректоры болып қызмет істеген.

1962 жылдың мамыр айында Қазақ КСР ғылым академиясының академигі және  академик-хатшы болып сайланған.

1964 жылы Қазақ политехникалық институтына ауыстырылып, осы жерде өмірінің соңына дейін «Пайдалы қазба кен орындарын әзірлеу технологиясы және кешенді механизациялау» кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарған. Сол кездері ауылдық жерлерден келген қазақ-студенттерінен контингент қалыптастыру қиын мәселе болды, өйткені қабылдау емтихандары орыс тілінде өтетін. Бірінші емтихан-диктанттан соң-ақ абитуриент-қазақтар қалмайтын еді. Кейбір аға буын педагогтардың қарсы болуына қарамастан Ө.Байқоңыров қазақ жастары үшін институтқа қабылдау ережесін өзгертіп, қабылдау емтихандары ана тілінде жүргізілетін болды. Бұл қазақ жастарына Қазақстан Республикасының алдыңғы қатардағы техникалық ЖОО-нан білім алуға мүмкіндік берді. Бұл жаңалық, қазіргі кездегі оқу процесіне енгізіліп отырған егеменді еліміздің жоғарғы мектебіндегі қайта ұйымдастырудың сол кездегі моделі десе болғандай. Басшының ынтасымен және сәйкес Одақтың және Республикалық министрліктердің қолдауымен жаңа студенттер қалашығының құрылысы басталды. Ө.Байқоңыров құрылыстың барлық сатыларында, жобалаудан бастап - объектіні пайдалануға өткізгенге дейін, ерекше табандылық, қайсарлық, қажырлылық, жігерлілік және бірізділік таныта білді. Осының нәтижесінде өте қысқа мерзім ішінде оқытушыларға арналған тұрғын үйлерден, жатақханалардан, оқу корпустарынан және жеке ғимаратқа жайғасқан асханадан тұратын заманына сай студенттік қалашық пайда болған.

1959 жылы Ө.Байқоңыровқа «Кенді кен орындарды әзірлеу» кафедрасы бойынша профессор ғылыми атағы берілген. Маман тау кен инженері ретінде бұрғылау-жару жұмыстарынан бастап кенді денелердің жер қабатында орналасуының әртүрлі жағдайлары үшін әзірлеу жүйесін жетілдіруге дейінгі барлық технологиялық процестерді дамытуда және жаңартуда үлкен маңызы зор үлес қосты. Ө.Байқоңыров Ертіс-Қарағанды каналының және Қарағанды, Екібастұз, Жезқазған, Теміртау, Балқаш, Шет, Қарағайлы аудандарындағы ірі рудниктер, Маңғызтау түбегіндегі мұнай кен орындары сияқты өнеркәсіптік орталықтардың құрылысы туралы мәселелермен белсенді айналысқан. Байқоңыров үшін Қаныш Имантайұлымен біріге жұмыс істеу зор бақыт болатын! Оның айтуында: «Кімде-кім егер өмірінде бір рет Сәтбаевпен кездесіп-жүздессе, оның адамгершілігінен, тазалығынан, адалдығынан, білімдарлығынан естен кетпестей әсер алар еді!».

Академик Байқоңыров және оның оқушылары, жаңа тиімді технологияларды кеңінен дамыту және өндіріске енгізу мақсатында, тау жыныстарының физика-механикалық қасиеттерін бақылауда сейсмикалық, ультрадыбысты, оптикалық, ядролық-физикалық және басқа әдістерді қолдануды енгізді Оның еңбегінің ең биік шыңы - пайдалы қазбалы кен орындарын әзірлеудің бірегей сыныптамасы мен әдістерді таңдау әдістемесін құруы.

1969 жылы оның «Классификация и выбор методов подземной разработки месторождений» атты монографиясы жарық көрген. Бұл автордың көп жылдық өндірістік тәжірибесі мен зерттеу жұмыстарының нәтижелері қорытындыланған іргелі, күрделі еңбек. Осы кітапта бірінші рет баяндалған, кенді кен орындарын жерасты әзірлеу жүйелерін сыныптаудың матрицалық әдісі, Тау-кен энциклопедиясында берілген.

Ө.Байқоңыров ғылыми-педагогикалық жұмысын қоғамдық қызметпен табысты ұштастыра білді, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты , Алматы қалалық Кеңестің депутаты, Қазақ КСР ҒА президиумының мүшесі, Еңбекті қорғау қоғамының орталық Кеңесінің төрағасы, Қазақ КСР «Білім» қоғамының Президиумының мүшесі, Қазақ КСР ҒА Әлем және Жер туралы ғылымдар бөлімінің бюросының мүшесі, Түсті металлургия республикалық ғылыми-техникалық қоғамы Президиумының мүшесі, Қазақ КСР ЖжАОБM ғылыми-әдістемелік кеңесінде тау кен секциясының төрағасы, Қазақ совет энциклопедиясының бас редакциясының мүшесі, жер қойнауындағы байлықтар туралы Кеңес және одақтық республикалардың заңдарының Негізгі жобасын дайындау комиссиясының мүшесі, Қазақ политехникалық институтының және Қазақ КСР ҒА тау кен ісі институтының Ғылыми кеңесінің мүшесі болды.

Академик Байқоңыров түсті металдар кенін, химиялық шикізаттарды және кенді емес материалдарды жерасты және ашық қазіп алудың қолданудағы әдістерін жетілдіруде және жаңа әдістерін әзірлеуде қазақстандық ғылыми мектепті құрушы, оның еңбектері Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар шет елдергеде танымал. Өмірден, кәсіптіктен алған зор тәжірибелерімен, энциклопедиялық білімімен Өмірхан Аймағамбетұлы артында өшпес із қалдырды. Ол 60 аса ғылым кандидаттарын, 10 техника ғылымның докторларын дайындады, 300 аса ғылыми еңбектері және 30 жуық өнертабысы жарық көрді, көптеген монографиялардың авторы.

Академик Ө.А.Байқоңыровтың Отанға істеген зор қызметі, дүниежүзілік ғылымға және жоғарғы білімге қосқан үлкен үлесі үшін сол кезеңнің ең жоғарғы наградасы Ленин орденімен, «Шахтер даңқы» белгісімен және көптеген медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің грамоталарымен марапатталған. Академик Ө.А.Байқоңыровтың есімін есте қалдыру мақсатында Жезқазған университетіне, Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ техникалық университетінің (ҚазҰТУ) Тау кен институтына оның есімі берілді; Алматы, Жезқазған және Сәтбаев қалаларында көшелердің аты аталып, шахта басқармасы ғимаратында (Жезқазған руднигі), Алматы қаласының тұрғын үйлерінде, Жезқазған руднигінде, «Кен орындарын әзірлеу технологиясы» кафедрасында мемориал тақталар орнатылған. Академик Ө.А.Байқоңыров атындағы аудиториялар Қазақ Ұлттық техникалық университетінде, Жезқазған университетінде ашылған. Жезқазған университетінің оқу корпусы алдында монумент орнатылып, қабіріне ескерткіш қойылды. «Академик Байконуров О.А.» атты кітабы шығарылған.

 

Дереккөзі: Жезқазған универсиетінің ресми сайты

33 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper