Анонс


Қазақстан тарихындағы алғашқы ректор әйел

Дүйсенбі, 22 Маусым 2020 18:10
Қазақстан тарихындағы алғашқы ректор әйел KAZMUSEUM.KZ -  

Мәртөк ауданы 85 жылдығына орай тарихи деректерді парақтай келе, танымал тұлғаларды ұрпақ жадына сіңіру, сол кезеңде халықтың қаймағы, зиялы қауымы қатарында тарихи тұлғаға айналған мәртөктік қайраткерлер туралы мағлұмат беруді жөн көрдік.

Қазақстан тарихындағы алғашқы  ректор әйел Мұхамбетова Харира Мұхамбетқызы 1908 жылғы 15 маусымда Ақтөбе облысы Мәртөк ауданының,  Мәртөк  ауылында қолөнершінің отбасында дүниеге келген. Революциядан кейін 1925 – 1927 жылдары әйелдер кеңесі құрамында сауатсыздықпен күрес жүргізуде белсенді еңбек етті. 1930 -1931 оқу жылында Х.Мұхамбетова  Мәскеу қаласындағы КСРО      «Колхозцентріндегі» жоғарғы колхоз мектебінің біржылдық курсын аяқтаған соң Қаз АКСР – ның  Жер ісі халық комисариатының орынбасары қызметіне тағайындалды. Харира Мұхамедқызы  қызмет ету кезеңін зерделесек: Алматыда медицина институтын ашу жайлы шешім    РКФСР    ХКК 1930 жылы 10 маусым күнгі «РКФСР қарамағындағы жоғары оқу орындарына 1930-1931 оқу жылына арналған қабылдау желісі, құрылымы мен контингенті» атты  Қаулысымен қабылданды.    Бұл қаулы Қазақстанда медициналық институт ашу туралы алғашқы құжат болды. Қазақ КСР Денсаулық сақтау халық комиссариатының 30 қараша 1930 жылғы  №260 бұйрығымен медициналық институттың директоры болып   1912 жылы Петербургтегі Әскери-медициналық академиясын бітіріп келген Санжар Жапарұлы Асфендияров  тағайындалды. Санжар Жапарұлы Асфендияров (1927-1928) басқарса, Қасаболатов Есенғали Керейұлы (1931-1933), 3- ші  ректор алғашқы әйел Мухамбетова Харира Мухамбетовна (1933-1934) басшылық қызметке келеді. Мәртөк ауданы  1934 жылы қалыптасу тарихы басталғанда, қоғамда ойып тұрып орын алатын қазірде Алматы қаласындағы ең  үздік оқу орындарының бірі  (ҚазҰМУ) С.Асфендияров атындағы медицина университетінің негізін қалаушы болды.

1933 жылдың қараша айында Қазақ мемлекеттіқ медицина институтының директоры болып тағайындалды. Ректорлық қызметке кіріскен уақыттан бастап, Мұхамбетова Х.М. оқу ғимаратының комсомольская көшесі бойындағы құрылысын салуға кірісті. Қазақстандағы алғашқы ғалым дәрігерлерді шақырып, олардың шығармашылығына барлық жағдайды жасады.       1933 жылдың аяғында институтта жаңа клиникалық кафедралар базасында ғылыми – зерттеу жұмыстары жүргізіле бастады.

Мұхамбетова Х.М. ректорлық лауазымда 1 жыл  13.11.1933 – 31.12.1934 жылдары еңбек етті. Әкімшілік және кафедра штаттарын жергілікті ұлттан тұрақтандыру мақсатымен Х.М.Мұхамбетованың бұйрығымен 1933 жылы желтоқсанда арнайы комитет құрылды, ал 1934 жылы алғаш рет КазММИ- де аспирантура құрылды. Ол 1933-1934 жылдары оқу базасын кеңейтуге бар күшін салды, институттқа 3 ғимарат салдырып кафедралар жаңа орындарға көшірілді. (Қаз ҰМУ тарих парақшасынан дерек алынды)

Сырым Бақтыгерейұлы  журналист «Егемен Қазақстан» газеті, 29 шілде 2009 жыл санындағы  «Атан қомында туған адам» тақырыбындағы  Ойыл өңірі үшін де ерекше ардақты перзент Ишанбай Қарағұлов (1909-1992)ж.  эпидемиолог, медицина ғылымының докторы, профессор, белгілі қоғам қайраткеріне  арнаған  мақаласында мынадай деректер келтіреді: Харира Мұхамбетованың республикалық мемлекеттік мұрағатта сақтаулы естелігін парақтай отырып, еріксіз осындай ойға келесіз. “Қазақ КСР Егіншілік халық комис­сары­ның орынбасары қызметін атқарып жүрген мені Қазақ өлкелік партия комитетінің хатшысы Л.Мир­зоян кабинетіне шақырып: “Біз сізді іскер ұйымдастырушы ретінде жақсы білеміз, сондықтан Алматының медициналық институтын басқаруға жібергелі отырмыз”, – деді. Арнаулы білімімнің жоқ­ты­ғын айтып, келісім бермедім. Алайда қарсылы­ғыма қарамастан өлкелік партия комитетінің бюросы мені институтқа директор етіп тағайындады, – деп жазады Х.Мұхамбетова естелігінде. – Жағдай қай жағынан болсын өте ауыр екен. Оқу корпустары жарақталмаған, кафедралар, зертханалар қаланың әр бұрышындағы тоқал үйлерге орналастырылған (институттың алғашқы түлектерінің бірі Хабиболла Аменовтың айтуына қарағанда, олар он бес жерде шашырап жатты – С.Б.). Оқу корпустарын тұрғызу үшін қала орталығынан жер сұрағанымызбен қала әкімшілігі қолдамады, әйтеуір, өлкелік партия ко­митетіне шағына жүріп, ақыры солардың көмегімен орталықтан жер алдық. Бұл – бір ғана проблема, ал студенттеріміздің тұрмыстық жағдайы іс жүзінде адам аярлықтай. Оқу корпустары жаңағыдай болғанда, жатақханалары одан да мүшкіл, студенттер жиі төбелесетін. Азық-түлік те карточка арқылы бөлінеді, студенттер ғана емес, оқытушыларға да солай. Жағдайымызды айтып жолдаған өтініш­тері­мізге КСРО Денсаулық сақтау министрлігі құлақ ас­қан жоқ, институт тікелей сол министрлікке қарай­тын, амалсыз СОКП Орталық Комитетіне дейін шағындық. Өйткені жаңағы қиындықтарға қоса, білікті кадр республиканың өзінде жетіспейтін, амал жоқ, одақтас республикалардан оқытушылар шақы­руға тура келді. Бір жылдың ішінде ғана Архан­гельскіден үш адам – хирург, профессор И.С.Бак­кал, терапевт С.И.Телят­ников, бала дәрігері Федо­рович, Воронежден профес­сорлар В.Г.Ермолаев, В.П.Рощин, Қазаннан А.Н.Сыз­ганов шақырылды (бұлардың бәрі тек аталған институттың ғана емес, республиканың денсаулық сақтау ісіне зор үлес қосты. Қазан медицина инсти­тутының түлегі Алек­сандр Николаевич Сызганов сол кезде осы инс­ти­туттың аспиранты еді, кейін ол респуб­ликамызда денсаулық сақтау ісін ұйымдастыру­шылардың ірі қайраткерлерінің біріне айналды – С.Б.).

Дегенмен ауырлықты ең алдымен өзіміздің көтеруі­мізге тура келді. Әсіресе, студенттермен жұмыс ерекше қиындық келтірді. Жасыратын несі бар, олардың арасында жағдайды әдейі ушықты­ра­тындар да табылды. Ондайларды институттан шығарайық, арамызды тазартайық деген де ұсыныс айтылды. Мен ол пікірмен келіспедім, бірде-бір студент институттан шығарылған жоқ. Оның орнына   Ишанбай Қарақұлов, Е.Оразақов, А.Павлин (аталған студенттер кейін саланың мақтаныштарына айналды – С.Б.) сияқты белсенді жастардың бастамасымен арнаулы топ құрылды. Топ жаңағыдай ыңғайда­ғылармен тіл табыса білді, үлгерімі төмен студенттерге көмек көрсетті, институттың мерзімдік басылымын шығарып тұрды.

Арнаулы медициналық білімім болмағандықтан, өтініш жасай жүріп қызметімнен босандым, өлкелік партия комитеті мені Семей педагогикалық институтына директор етіп жіберді де, Алматы медицина институтына Мәскеуден шақырылған дәрігер В.В.Зикеев директор болып тағайындалды”.

1935 жылдың қаңтар айында Мұхамбетова Харира Мұхамбетқызы Семей педагогикалық институтына директор болып тағайындалады, кейін облыстық жоспар бөлімінде,  1953-1982 жылдары  Қаз КСР ауыл шаруашылығы министрлігінде экономист лауазымында еңбек етті.

«Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Ерен еңбегі үшін» медалімен, мақтау грамоталарымен, мадақтаулармен, сыйлықтармен марапатталған. (С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық университеті тарихы парақшасынан алынған мәлімет)

1982 жылы Алматы қаласында дүние салғаны туралы дерек келтірілген, әлі зерттеуді, зерделеуді қажет етеді.

Ұлдай ОСАНОВА,

Мәртөк музейі ғылыми қызметкері

1923 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper