Анонс


Ұлттық музей «Елбасы – ел тірегі» атты мәдени-танымдық кеш ұйымдастырды

Сәрсенбі, 30 Қараша 2016 23:28
Ұлттық музей «Елбасы – ел тірегі» атты мәдени-танымдық кеш ұйымдастырды KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Тұңғыш Президент күніне және ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Елбасы – ел тірегі» атты мәдени-танымдық кеш өтті, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты.

Шара Ұлттық музейдің «Тарихи тұлғалар» атты ағартушылық-танымдық бағдарламасы аясында ұйымдастырылып отыр. Кеш барысында Елбасы, Ұлт көшбасшысының ел дамуындағы тарихи орны, Тәуелсіз Қазақстанның өсіп-өркендеуіне қосқан үлесі, мемлекеттің ішкі-сыртқы саясатындағы ұстанымдары туралы сөз болды. Аталған шара С.Нұрмағамбетов атындағы «Жас Ұлан» республикалық мектебі, Назарбаев интеллектуалды мектебі мен Қазақ Ұлттық өнер университетінің қолдауымен ұйымдастырылды. Салтанатты жиында сөз алған Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай: «Елбасы соңғы сұхбатында біздің ең басты үш жетістіктерімізді атап өтті. Біріншісі, Тәуелсіз ел болуымыз, екіншісі, Астананы салуымыз, ал үшіншісі, алыс-жақын шетелмен жақсы байланыс орнатуымыз деген болатын. Шын мәнінде осы жетістіктердің авторы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Ендеше, Тұңғыш Президентіміздің күні және алда келе жатқан Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын! Осы күндері барша халық болып Тәуелсіздіктің 25 жылдығын тойлауға дайындалып жатыр. Көптеген бастамалар көтерілуде. Мұның бәрі біздің Тәуелсіздік тарихына деген құрметіміз», – деді. Шара кезінде шетелдердегі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен аталған көшелер, мекемелер мен ескерткіштер туралы бейнесюжет көрсетілді. Бейнесюжетті әзірлеуге Қазақстандағы Түркия, Украина, Иорданияның Хошимит корольдігі елшіліктері, Татарстанның Қазақстандағы өкілетті өкілдігі, «Вайнах» шешен-ингуш этно-мәдени бірлестігі атсалысты. Айта кету керек, қазіргі таңда Түркияның Невшехир, Қыршехир, Гебзе, Адан қалаларында, Иорданияның астанасы Амманда, Шешенстанның астанасы Гроздный қаласында, Ингушетияның астанасы Магаста және Татарстан астанасы Қазан қаласында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың атымен аталған көшелер бар. Сол сияқты, әлемнің бірнеше елінде Елбасыға арналған ескерткіштер ашылған. Ең алғашқы ескерткіштің бірі Мемлекет басшысы білім алған Украинаның Днепродзержинск қаласында бой көтерген. Сондай-ақ, Түркия астанасы Анкарада, Қырғызстанның Шолпан-ата қаласында, Гагаузия астанасы Комрат қаласында Қазақстан Президентінің ескерткіш-бюсті бар. Кеш барысында Ұлттық өнер университетінің студенттері Елбасының сөзіне жазылған әндерді орындап, қонақтардың ыстық ықыласына бөленді.

2690 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper