Анонс


Ұлттық музей II-інші рет сәбилер үйінің тәрбиеленушілеріне арнап «Тұсаукесер» рәсімін өткізді (ФОТО)

Дүйсенбі, 20 Наурыз 2017 04:04
Ұлттық музей II-інші рет сәбилер үйінің тәрбиеленушілеріне арнап «Тұсаукесер» рәсімін өткізді (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстан Республикасы Ұлттық  музейінде «Наурыз – жаңғыру нышаны» атты мерекелік бағдарлама аясында Астана қаласы әкімдігі Мамандандырылған балалар үйінің тәрбиеленушілерінің тұсауы кесілді, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты.

Жобаның мақсаты – ата-анасының қамқорлығынсыз қалған сәбилердің өміріндегі маңызды сәттерінің бірін мерекеге айналдыру. Сонымен қатар, халқымыздың салт-дәстүрін дәріптеп, жаңғырта түсу.

Бүлдіршіндердің тұсауын тарихшы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қойшығара Салғараұлы, жазушы, абайтанушы Тұрсын Жұртбай, «Республикалық радио» ЖШС-нің директоры, танымал журналист Мәди Манатбек, «Қазақстан» Ұлттық арнасындағы «Дара жол» бағдарламасының жүргізушісі, журналист Дана Нұржігіт және белгілі ақын Нәзира Бердалы сынды есімі елге белгілі азаматтар кесті. Тұрсын Жұртбай, Қойшығара Салғараұлы аталары бүлдіршіндерге бата берді, белгілі зергер Берік Әлібай тұсауы кесілген балаларға домбыра сыйлады.

ҚР Ұлттық музейдің Бас қор сақтаушысы Рыскүл Ескендірқызы: «Қазақ жетімін жылатпаған, бөтенге жәутеңдетпеген халық еді. Амал нешік?! Тағдырдың жазуымен, ата-анасыз қалған балалар да қазақтың қарадомалақ баласы, біздің балалар. Олардың өміріндегі ең бір маңызды сәтті, тұсауын кесу рәсімін ұйымдастырып, елге белгілі азаматтардан бата сұрайық деген мақсат тұттық. Ұлыстың ұлы күнінде осындай сауапты іске ұйытқы болып, қолдаған азаматтардың барлығына алғыс білдіреміз» деді.

Ұлттық музейдегі «Тұсаукесер» рәсімі осымен екінші жыл ұйымдастырылып отырғанын айта кету керек. 2016 жылғы осы іс-шарада тұсаулары кесілген 5 сәби де бүгінде жаңа ата-аналарын тауып, жылы ұяларында тәлім алуда. 

Айта өтейік, дәл осыған ұқсас жоба еліміздің бірнеше музейде жалғасатын болады. Ұлттық музейден кейін алғашқы болып Жезқазған тарихи-археологиялық музейі де өткізді (сілтемені басып оқуға болады). 

2684 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper