Анонс


Атыраулық музей қызметкерлері жаңа жоба ұсынды

Сейсенбі, 05 Сәуір 2016 15:19
Атыраулық музей қызметкерлері жаңа жоба ұсынды KAZMUSEUM.KZ -  

Атырау облысы тарихи- өлкетану музейінде Ресейдің Мәскеу қаласынан, Алматы және Қарағанды облысынан арнайы шақыртылған білікті мамандардың қатысуымен өткен семинарда музей қызметкерлері тың жоба ұсынды. Жоба - Ақтөбе Laeti қалашығына қатысты болып отыр. Бұл туралы бізге толығырақ музейдің  археология ғылыми-зерттеу бөлімінің маманы Мир Әбдіғалиев айтып берді.

Музей  қызметкері Мир Әбдіғалиевтің айтуынша, жалпы Қазақстанның басқа облыстарында қаланың тап іргесінде орналасқан ортағасырлық қорғандар, қалашықтар кездеспейді. Ал Ақтөбе Laeti қалашығы Атырау қаласы аумағында Жұлдыз 3 ықшам ауданында орналасқан. Сондықтан маман, ортағасырлық Ақтөбе Laeti қалашығынан ашық аспан астындағы музей  ашу өте тиімді деп санайды. Өйткені, ол жерден тарихи құнды жәдігерлер үнемі табылып жатқан көрінеді.

 - Біз бұған дейін тек қана «Хан ордалы Сарайшық» мемориалдық кешені туралы ғана білеміз. Ал кезінде Ақтөбе Laeti қалашығының үстімен Сарайшық қаласынан Каспий теңізіне бет алған сауда керуендері «Ұлы Жібек жолымен» өткен. Бірнеше жылдардан бері өз елімізден, Мәскеуден келген археологтар ол жерге қазба жұмыстарын жүргізіп, өлкетанушылар зерттеу жұмыстарын жүргізді. Зерттеу нәтижесінде аталған орыннан құмыралар, алтын монета, каури (ұлу) қабыршақтары табылып, сол жерді мекен еткен қолөнершілердің, зергерлікпен айналысып келген шеберлердің жұмысынан хабардар ететін орындар, үйдің қабырғалары, жылыту пештері де сол күйі сақталғаны белгілі болды. Негізі қалашықтың орнында өркениетті қала болғаны анық. Күні бүгінге дейін аталған орынды «Тарихи- мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспекциясы» қорғауға алып келді. Қазіргі уақытта аталған ескерткішке Жұлдыз-3 ықшам ауданынының тұрғын үйлері өте жақын салынып жатыр. Бұл, қалашық мәдени қабатының толық сақталуына үлкен қауіп төндіреді. Адамдар мен көліктердің, сондай-ақ малдың таптауынан т.б. антропологиялық әсерлерден ескерткіш бұзылып, мүлдем жойылып кетуі мүмкін. Осы орайда біз, шежірелі, тарихи орыннан айырылып қалмау, оны жоймау мақсатында аспан асты мұражайын ашу үшін өз жобамызды ұсындық.

Біздің мақсатымыз - Ақтөбе Laeti қалашығы жобасын «Хан ордалы Сарайшық» мемориалдық кешенінің деңгейіне жеткізу. Егер жобамыз әрі қарай қолдау тауып жатса, бұл жерге туристер тартып, үлкен жұмыстардың бастамасы да болар еді.

Егер қаланың ерекше атауына тоқталар болсақ, музей қызметкері Ақтөбе Laeti деген атауды былайша түсіндірді:

 - Ортағасырлық италиялық жиһангерлер (жер бетін шарлаушы саяхатшылар) ағайынды Пициганилердің сызған картасында осы жердегі қала атауы латын әріптерімен Лайете деп көрсетілген. Мәскеулік археолог Лев Галкин Ақтөбе қаласына қазба жүргізіп, зерттегеннен кейін бұл қаланы Ақтөбе Laeti деп қос атаумен ғылыми айналымға енгізді. Алайда, «Laeti» деген ұғымды нақты ешкім түсіндіріп бере алмайды. Ол туралы тек ғалымдардың айтқан әртүрлі болжамдары ғана бар. Негізі, шындығына келгенде, өткізілген семинар біздің көкейімізде жүрген бұл мәселе жөнінде осы жобаны ұсынуға идея тастады. Бұған дейін осындай идеяны атыраулық өлкетанушы К.В.Афанасьев, т.б. жергілікті азаматтар ұсынып жүргенін де айта кеткен жөн, - дейді археология ғылыми-зерттеу бөлімінің маманы Мир Әбдіғалиев.

Атырау облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Әбіл Жоламановтыңсөзінше, Ресей елінен және басқа облыстардан білікті мамандар, лекторларды шақыра отырып, семинарды ұйымдастырудағы басты мақсат - музей жұмысын жаңаша ұйымдастыру, жаңа жолға қою болып табылады.

- Жалпы, Қазақстан бойынша музей ісінің кенже дамып келе жатқаны жасырын емес. Өткізілген осындай семинар- тренингтерден кейін оған қатысқан мұражай қызметкерлері алған білімдері мен жинақтаған тәжірибелерін өз жұмыстарында тиімді іске асырады деген ниеттеміз,- дейді басқарма басшысы.

 

 

Инстаграм: @kazmuseum.kz 

3211 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper