Анонс


Музей мен бүгінгі қоғам арасындағы қатынасты ұлғайту жолдары

Жұма, 02 Ақпан 2024 00:45
Музей мен бүгінгі қоғам арасындағы қатынасты ұлғайту жолдары KAZMUSEUM.KZ -  

Мақалада музей мен заманауи қоғам адамдарының қарым-қатынасын нығайтудағы негізгі мәселелер мен шешу жолдары қарастырылады. Бүгінгі таңдағы музейлердің ақпараттық технологияны енгізудегі түрлі əдістері сарапталып, мультимедиялық технологияларды тəжірибеге енгізуде, ақпараттық жүйеге көшу жолдарының жетістігі мен жалпы мәдени құндылықтардың мағынасының өзгеріске ұшырауы жайлы қозғалады.

Кілт сөздер: музей, заманауи технология, қолдаушылар, маркетинг, туризм, жоспарлау, аудиогид.

 

Заманауи мәдениет көнеден келе жатқан дәстүрлі мәдениетпен тығыз қарым-қатынасын тапқан кезде ғана дамитыны анық. Ал бүгінгі таңдағы мәдениеттің бір бөлігін жинаған жәдігерлеріміз бен сақтаған мұрағаттарымыз құраған болса, оны жаңа заман ұрпағына қалай жеткізіп түсіндіреміз? Заманауи көзқараспен өткен өмірге көз жүгірту үшін қандай қиындықтар мен мүмкіндіктер туындауда?

Аталған сұрақтардың жауабын іздеуде музей орындары көптеген мәселелермен тоғысып, шешімін табуға дағдыланған. Музей–тарихи-ғылыми дерек ретіндегі ескерткіштерді, өнер туындыларын, мәдени құндылықтарды, т. б. мұраларды сақтап, жинақтап, ғылыми-танымдық қызмет атқаратын мекеме. Музей заттық және рухани құндылықтарды танытуда, ғылыми тұрғыда зерттеп, оның нәтижелерін насихаттауда, осы негізде тәлім-тәрбие беруде маңызды рөл атқарады. Ғылымның, білімнің, мәдениеттің қалыптасуына ықпал ететін ғылыми мекеме ретінде өскелең ұрпақтың тәрбиесіне, тарихи сананың қалыптасуына ықпал етеді [1].

Еліміздің ірі қалаларындағы үлкен тарихи және өнер музейлерімен қатар аймақтық музейлерін дамытуда түрлі іс-шаралар мен жобалар, ғылыми конференциялар ұйымдастырылып жатады. Сондай жиындарда осы өзекті мәселелер жиі қозғалып отыратыны айғақ. ҚР Тұңғыш Президентінің музейі, Қазақстанның мемлекеттік музейі, Ә. Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейі және т.б. музейлерінің қызметінде едәуір өзгерістерді көруге болады. Әйтсе де тарихи контекстте атқарылатын істерін тұрақты сақтай отырып, заманауи қоғамның талаптарына сәйкес әрқайсысы өздігінше даму үрдістерін жалғастыруда.

Музей және бүгінгі әлеуметтік қоғам адамдары арасындағы қатынасты ұлғайту жолдарында уақыт пен дәуірдің талабы бойынша музей ісінің негізгі бағыттары қарастырылады. Сондай ақ, заманауи тұтынушыны қызықтыратын музей қызметтері, мақсатты аудиторияның өзгерісі, экспозиция қызметтерінің жаңа формаларын іздестіруі, музейаралық қарым-қатынастардың желісін жасау, кәсіби мамандардың технологиялық серіктестік негізіндегі ортақ міндеттерді шешудегі қарым-қатынасы мәселелері қозғалады [2,13 6б.].

Зерттеушілер қазіргі қоғам жағдайын болжауда әлеуметтік ақпаратқа ауысып, қалыптасып және даму үрдісі басталғанын анықтады. Осы үрдіс әлеуметтік-мәдениеттік кеңістікті күрт жаңғыртып, мәдени мұраны талдауда өзіндік тәсілдер мен жолдарын іріктеуде [3,106-108б.].

Әлеуметтік мәдени өзгерістер әсіресе ақрататтық және байланыс технологияларының нәтижесінде белсенді түрде соңғы онжылдықта ерекше байқалады. Музей қызметінің негізіндегі жатқан концепцияда ең алдымен постиндустриалдық мәдениеттің қалыптасып ауысуындағы әлеуметтік, саяси және идеологиялық қоғамның шарттары жүргізуші рөл атқарады. Жаңа мән-мағына мен жаңа формаға енген музейлердің мәдени мұрасын әлеуметтік ақпараттың жылдам таратылуы мен ұйымдастырылу жолдарына еріксіз ыңғайланып бағынуда. Ғаламдық дағдарыстың салдарынан әлемдік қоғамдастықта болып жатқан күрт өзгерістер, болашақ ұрпақтың түсінігі мен олардың ұлттық дәстүрге деген ұғымына жаңа ой туғызары анық. Әлеуметтік ортаны әртараптандыру, мәдени құндылықтарды басқаша түсініп қабылдау өзгерістері, музейаралық қарым-қатынастарды басқаратын жаңа ұйымдар мен мекемелердің, топтардың пайда болуы, кейбір кездерде олардың өзара күрделі серіктестігі немесе бәсекелестік қарым-қатынастары туындауы және мамандар мен музейаралық мәселелер, ақпараттық аштық, қаржылық ресурстардың жетіспеушілігі – осының барлығы музей алдына жаңа шешімдерді іздестіруіне ықпал етпек. Аталған міндеттерді өткен онжылдықтардағы музей әдістерімен бірге қарастыруда, байланыс тәсілдерін, басқармасын ықшамды және ғаламды кеңістікте (музейаралық, мемлекеттік, халықаралық құрылымда) маңызды түрде қайта жаңғыртып талқылауды қажет етеді.

Музей жұмысын алға тарту үшін, қосымша бірнеше қадамдарды атқарса ілгері бағыт алады. Инвестицияны жергілікті өндірістік экономикамен қатынасын ұлғайтса, маркетинг немесе демеушілердің қызығушылығын арттырса, туризм қызметіне қосылып, соның ішінде музейдің келісім шарттар  жүргізген  демалыс орындары мен қонақ үйлерге, басқа да мәдениет орындары арасында автокөліктер тасымалын ұйымдастырса музей келушілердің ынтасы жоғарылайды [4,49б.].

Әлемдік деңгейде танымал музейлердің құрамында маркетинг бөлімі бар. Оның негізгі міндеті – келушілер санын ұлғайтуда бірігіп жұмыс жасау, музей аудиториясын кеңейтіп, музей жайлы ақпаратты әлі күнге дейін келмегендерге тарату. Бұл үшін музей қызметкерлеріне конференциялар, түрлі кездесулер сынды түрлі әдістер қолданып отырады. Ол үшін қызметкер өзін көзтартарлық ишаратпен қызықтыра сөйлеп, музейді керемет мақтап жеткізеді. Мұндай тәсілді кез келген адам жасай алмайды, тіпті кейбіреулеріне өрескел және кәсіби тұрғыда сәйкес келмейді деп біледі [5,28б.].

Көптеген музейлер белгілі бір көрмелер мен іс-шараларға есептелген қысқа мерзімді жоспарларды қажет етеді. Осы іспеттес жоспарлар уақытша көрмелерге нұсқалған категориядағы келушілерді шақыру сынды нақты әрі ықшам міндеттер орындалады. Қысқа мерзімді жоспарларды өңдеуде қандай да бір іс-шараны жетілдіріп және іске асыру «мекеме» деп аталады да, оған байланысты сәйкес музей мамандары жұмылдырылады. Маркетинг бойынша мамандардың жұмысы белгіленген бағыттардың барлығында бір принциппен құрылады: зерттеуді жүргізу және жоспарлау, жоспарды іске асыру, нәтижелерді сараптау және бағалау, түзетулер енгізу. Қор сақтаушылар мен жоспарланған көрмені жасайтын қызметкерлер келушілердің санына көңіл аударуы керек. Сонда ғана олар көрме жасау болжамын нақты біліп, көрерменнің қабылдауына байланысты ұсыну мәнерін қалыптастырады [5,30б.].

Егер музейге достық қатынастағы серіктер мен беделді адамдарды тарту қажет болатын жағдайда негізгі мақсат нақты болжануы тиіс. Әрі музей ешқашан бір қолдаушыға иек арта алмайды. Сондықтан да музей өз болмысы мен ерекшелігін қолдаушыларға қайта-қайта еске түсіріп отырады [5, 31-33 б.]. Қандай да бір мекеме музейдің үлкен көлемдегі шығындарын көтеретін басты қолдаушысы болуы мүмкін. Қарым-қатынастың келісімі 3 немесе 5 жылдық мерзімдегі үлкен уақытқа белгіленеді. Әдетте мұндай жағдайда мекеме өз қызметкерлерін жіберіп, музейдің «Қамқоршылық кеңесіне» ұсынады. Аталған қызметкер стратегиялық жоспарлардың әкімшілік шешімінде үлкен рөл атқарады. Басқа да қолдаушылардың қатысуы әбден мүмкін, бірақ төлем теңгерімдерімен ұсынылған жеңілдіктерді ұқыпты қадағалаған дұрыс [5, 34 б.].

Бұқаралық мәдениет музейді демалыс және гедеонистік қызмет ретінде пайдалана бастады. Нарықтық қарым-қатынастың тағы бір саласы туризм болғандықтан, музей аталған қызметті айналып өте алмайды. Дегенмен, осындай жағдай кезінде музей келушілері сан жағынан көбейе түседі. Туристер келетін орындарда әдетте бағдарламалар бойынша музей маңдарында кафе, дүкендер ашылып, өзіндік ұсыныстарын арттырады. Туристік саяхаттың негізгі шарттары: уақыттың шектілігі, демалыс пен ойынсауыққа бағдарлану, бір уақыттарын мәдениетке арнап, өнер және тарихи құндылықтармен танысу. Осы тұста музейлік экскурсиялар негізгі орындарға айналады. Д. Уорридің пікірінше туристің көзқарасының ерекшелігі қандай да бір музей немесе мәдени құнды бренд немесе сән ретінде ғана бағаланады. Алайда, қандай да бір музейдің маңыздылығы оның біліктілігімен және келген туристердің ұлттық ерекшеліктеріне байланысты болады. Шетелдік туристердің ұлттық құдылықтарды сән деп түсінуінің себебі: ұлттық діл, діндік түсінік, теріс пікірлер мен стереотиптердің жоқтығы, әңгіме алмасуға тартылу. Ұлттық тарихи және мәдени мұра туризм саласында саналы және шығармашылық түрде жеткізілу керек. Бір шетінен туризм бағыттында танымал болғысы келген музейлер өз әлеуетін барынша қолданып, оны нарыққа шығарып жетілдіруі мүмкін. Бұл жағынан музейді әлемдік туризм өндірісі жүйесіндегі мәдени мұра супермаркетіне қойған «өнім» ретінде бағалауға жол бермеген абзал. Өзге дін, саясат, басқаша бағалаушылық ұстанымдары себебінің әсерінен бе, туризм контекстіндегі өзге мәдениет тек экзотизм, ұлттық ермек ретінде қабылданады. Осыған жол бермеуде музейде қызмет атқаратын жоғары дәрежелі мамандар жүйелі жобаны орнықты ойластырып, келуші қонақтардың ой-санасына сапалы да терең мағлұмат қалдыруда үлкен еңбек атқаруы керек [6, 133 б.].

Келесі мәселе – музей ішінде атқарылатын заманауи қызмет жолдары. Музей кеңістігіне мультимедиялық және интерактивтік технологияларды енгізу бүгінгі таңда кеңінен етек алып жатыр. Аталмыш жаңалық басқа салалар секілді бірқатар пікірталастарды қозғайтыны сөзсіз болғандықтан, дәстүрлі және рухани музей кеңістігіне техниканы енгізу керек пе деген сұраққа екі түрлі жауап аламыз. Егер мультимедия музей ішінде өздігінше тұрып, яғни жиі қолданылмаса, онысымен қоса металл іспеттес теле арналардың бір топ қатарын құрап тұрса, әрине жоқ, керек емес дейміз. Керісінше, бұл құрал қолданыста көптеген танымдық ақпараттарымен жарап, жақсы ойластырылған болса, онда сөзсіз «ия» деп келісуге болады. Ең маңыздысы бұл технологияларды шектен тыс пайдаланбай, тек көрерменді музейге тарту үшін пайдалану керек. Сондай-ақ, музей жәдігерлерінің түпнұсқасынан алшақтатпау да қажет. Заманауи музейдің мінсіз формуласы бұл технология мен шебердің қолөнері немесе қолтаңбасы екенін ұмытпаған жөн [7, 102 б.].

Мультимедиялық технологияларды қолдану жолына түскен музейлер, осы таңдаудың нәтижесіне кейде көңілдері толмайды. Оның себептерінің бірі сценарийдің дұрыс болмауы болып табылады. Музейді технологиялық модернизациялау кезіндегі қателіктердің ішіне музей сатып алған жабдықтың шашыраңқылығы, немесе басқару жүйесі ыңғайсыз жасалғандығы, мазмұнын толықтырудағы кемшіліктерге мән бермеу, экспозициямен визуалды үйлеспеушілік және жалпы экспозицияның көркемдік түпкі ойы мен мультимедиялық инсталляциялардың  байланыс таппауын айтуға болады. Бір ғана жобалық технологияның өзі музейде әр түрлі болып көрінуі мүмкін. Аталған қателіктерді түзетіп, жөндеген кезде ғана музей өз алдына қойған мақсатына жете алады. Сондай ақ, негізгі аудиторияның жас ерекшелігі, келушілердің орташа есеп саны, залдардың кеңістіктік мүмкіндігі сынды нақты экспозицияның көптеген шарттарын ұстануы қажет.

Дәуір мен уақыт талаптарының салдарынан жаңа басқарушы бағыттар пайда болуына байланысты музей қазметінің заманауи тұтынушылық сұраныстарына сәйкес бұрылуына тура келеді. Мақсатты аудиторияның түсінігінің өзгеруін ұғыну, жаңа әлеуметтік топтарды тартып біріге жұмыс жасау, жаңа экспозициялық формалардың шешімін іздеуде ерекше шығармашылық, креативті өзгерістер енгізу, жаңа заманауи технологияларды қолдану; музейаралық желіні құру сынды атқарымдар заманауи музейдің жаңа келбетін сипаттайды. Қазіргі таңда музейлер өз саясатында 3D, 5D технологиясын еңгізуде. Бұл формат ойын-сауық қызметін атқармайды, ол музейде жаңа, бағалы мазмұнға ие зерттеу нысанына айналады. 3D, 5D технологиясының музей ісіндегі қолданыс аясы өте кең, музейішілік кинотеатр, интерактивті парта, интерактивті тақта, интерактивті кітап, электронды каталог, интернет-медиа, виртуалды экспозиция, электронды терминал, видео-аудио ролик т.б., ал күрделі түрлерін қолданысқа енгізу арқылы музей мазмұнына сəйкес келетін ғылыми-танымдық, ағартушылық ақпараттарды тарату арқылы келушілердің танымдық көкжиегі кеңейеді. Əрі бұл музейлік ақпаратты жеткізудің қазіргі таңда оңтайлы, əрі тиімді жолы болып табылады [8, 2 б.].Осы тұста музейге мультимедия қалай көмектеспек?

1 – ойлау түйсігіне әсер қалдыруы: Ақпаратпен астасқан жалпы қоғамға экспонат туралы жарқын ақпарат беру. Музей тақырыбындағы  мультимедиялық әдісте орындалған авторлық инсталляцияны қолдану. Осы арқылы аталмыш заттар жайлы ақпараттарды есте сақтауға үлкен ықпалын тигізіп,  келушілердің көңіліне ерекше әсер етеді.

2 – Заттардың түпнұсқасын көзбен көруге мүмкіндік тумайтын жағдайлар кезігеді. Мысалы кейбір экспонаттардың қорда сақтаулы, жоғалған, тым үлкен немесе тым кішкентай т.б. шынайы нұсқасын келуші көрерменге көрсету мүмкін емес болады, осы тұста видео меппинг, голографиялық витриналар немесе басқа инсталляциялар көмекке келеді. Сондай-ақ музей кеңістігінде өтізуге келмейтін жасалу үрдісін айту кезінде де жеңілдік ететін аппараттар бар. (Киоск, аудиогид, аудиоэтикетка т.б.). Музейлер мен көрме залдарына арналған аудиогидтер – музейлер мен көрме залдарында экскурсия жүргізудің ең жаңаша бір түрі. Ғылыми-техникалық прогрестің жаңалықтары сонымен қатар мəдениет пен өнерге де келіп жетті. Заманауи құрылғы ғаламтор желісінде жұмыс істейді. Алдын ала дауыс жазылып алып кейін бағдарламаға енгізіліп, музейдегі экспонаттың тұсына QR код арқылы орнатылады. Музейге келушілер осы QR код арқылы бағдарламаға кіріп аудиогидті тыңдауға мүмкіндігі болады [11, 252 б.]. Ақпараттық кеңістікте музей жұмыстары қолданудың аясы кең. Соның ішінде экспозициядағы əрбір экспонатқа қосымша мəтіндік жəне суреттік түсініктеме беретін, қордағы экспонаттар жайлы виртуалды көрме орнатылған, экспозицияға қойылмаған қор материалдарынан толық мəлімет алуға мүмкіндік беретін электронды терминал-қондырғылар сенсорлық киосктердің де маңызы ерекше. Қазіргі заман музейлерінде сенсорлы ақпараттық киоскілер экспозиция мазмұнын ашатын электронды көмекші немесе ақпараттық беру жүйесі қызметін атқарады.

3 – көрнекті түрде түрлі ақпараттарды әртүрлі аудиторияға жеткізу: кәсіби экскурсия жүргізуші үлкен сынып оқушылары мен бүлдіршіндерге, кәсіби мамандар мен қызығушыларға, музейге бірінші рет келгендерге және басқа да қосымша жаңалық іздеушілерге бірдей экскурсия жүргізе алмайды. Жеке қолданыс үшін бұл жағдай мультимедиялық инсталляцияға да қатысты. Әр адам өзіне сәйкес, қызыққан қажетті контентті таңдап ала алады. Ал мүмкіндігі шектеулі жандарға қолмен ұстап сезетін көтеріңкі механизмдері орнатылған арнайы нұсқалары жасалынады. [9, 2 б.].

4 – келушілермен қарым-қатынас жасау: музейге кірген кезде навигациялақ жүйелердің көмегімен келушіге қандай экспонаттарды көруге болатынын, қай залда тұрғанын, жалпы музей жұмысының жұмыс істеу уақытын т.б.  анықтамалық ақпараттарды көрсетуге болады. Кәсіби тілмен айтқанда музей қызметін жеңілдету барысында электронды каталог деп аталады. Ол музей қорымен толық танысуға мүмкіндік береді, əрі музей қорын қолжетімді етеді. Себебі, музей экспозициясында музей қорының белгілі бір бөлігі экспозицияға орналастырылады. Келген келушілер тек қана музей ішіндегі тұрақты жəне уақытша көрмелерді көруге мүмкіндігі бар. Сондықтан, электронды каталог арқылы музейден тыс жерде де музейдің бүкіл экспонаттарын көруге адамдардың мүмкіншілігі бар [10, 12 б.].

Жоғарыда аталған әдістердің барлығын музей қауымдастығы үшін  қажет екендігін, әрі заманауи қоғамның мұндай үрдісті бүтіндей қабылдай алатындығы жайлы еркін айтуға болады. Музейдің анық және нақты мақсатын, толық бағдарламасын жетілдіруде жоғарыда аталған қызметкерлердің әрдайым кәсіби сапасын жоғарылату, жаңа гуманитарлық, ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялар мамандарын тарту, арнайы ақпараттық, маркетинг және музейлік туризм қызметін дамыту, серіктестік қызметі орайындағы кезекті жоспарлаулардың арқасында музей қызметінің жаңа шарттары арқылы ұзақ мерзімді қарым-қатынастар нығайып, техникалық базалар жаңарады, ұжымдастық мәдениет жаңғырады. Инновациялық үрдістерге негізделген ақпараттық қоғамның, сондай-ақ әлемдік қаржы дағдарысы шарттары бойынша жаңа әлеуметтік мәдени жүйеге байланған заманауи музейдің қызметін өрістету мәселесін осылайша шешу керек.

 

Төлеген ОРЫНБАСАРҰЛЫ, Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің басшысы

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Лебедев А. Музей имеет преимущество перед другими формами образования // На пути к музею ХХІ века сб. ст. LVII междунар. науч.-практ. конф. № 1 (5). Часть ІI. – Москва, 1999. – 70 б.
  2. Криворученко В. К. Музеи политической истории: проблемы прошлые и современные // Научный журнал Вестник ТГУ 2010, № 241. 27 – б.
  3. Сырыгин Д.С. Спонсорство как инструмент развития промышленного музея // Инновации в науке: сб. ст. LVII междунар. науч.-практ. конф. № 5 (54). Часть I. – Новосибирск, 2016. 69 – б.
  4. Гиль. А.Ю. Изменения в деятельности музеев с учетом тенденций развития современного общества // Научный журнал Вестник ТГУ 2012, № 364. 11– б.
  5. Абанкина Т. Социальный маркетинг в «цивилизации досуга» // Музеи. Менеджмент. Маркетинг. М., 2005. 115– б.
  6. Семичева М.В. музей в контексте глобальной индустрии туризма //научный журнал «Вестник Северного (Арктического) федерального университета». Серия: Гуманитарные и социальные науки. 2010, № 2. 9 – б.
  7. Никишин Н.А. Музейная сфера в эпоху сетевых технологий // Сайт Автоматизация деятельности музеев и информационные технологии. 2001. [Электрондық ресурс]. URL: http://www.adit.ru/rus/publication/web/paper.asp?no-mer=А200106 (жүгіну күні: 10.04. 2017).
  8. Смирнов А.И. Новейшие информационные технологии в музейном деле // Вестник . 2005. 45 – б.
  9. Малеева М.Ю. Сенсорные информационные киоски в музеях мира // Вестник . 2005. –72 б.
  10. Шмит Ф. И. Музейное дело. Вопросы экспозиции. Л., 1929.
  11. Майстровская М. Т. Музейная экспозиция: Тенденции развития // Музейная экспозиция: Теория и практика. Искусство экспозиции. Новые сценарии и концепции: Сб. науч. ст. – М., 1997. 16 – б.

 

104 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper